авто

Переключатель языков

17.03.2017 ж. Иран шеберлері қолөнер бұйымдарының көрмесі

2017 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігі бірлесіп Иран шеберлері жасаған бұйымдардың көрмесін өткізді.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы алғашқы құттықтау сөзін айтып,   Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эрдеши мырза мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени өкілдігінің директоры Сейд Джавад Джалали Киясари мырза Иранның дәстүрлі мәдениеті және өнерінің көрмесі жайлы айтып, Наурыз мейрамымен құттықтап, өз лебіздерін білдірді.

Сейд Джавад Джалали Киясари мырза Наурыз мейрамын тойлау парсы елінің сонау зороастризмді ұстанған шағынан бастау алатындығын, «наурыз» сөзінің парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мән беретінін, жаңа жылды қарсы алу мерекесі екендігін айтып өтті.

Парсы әдебиетінің жауһары – Фирдоусидің «Шахнаме» дастанының үзінділерінің әртүрлі кезеңдерде жасалған көшірмелері аталған көрмеден орын алды. Сонымен қатар парсы қолөнерінің талантты өнерпаздарының, суретшілерінің, миниатюршыларының, көркем жазу және ағаш өнері шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды. Ерекше көзге түсетін жазу үстелінің бұйымдары, сағаттар, Құранға арналған қаптамалар, сандықшалар «Хатамкари» стилінде ағаш бетін бедерлеп жасалған. Бұл стиль Сефевилер дәуірінде (XVI–XVII ғғ.) пайда болып, бүгінге дейін дайындау тәсілдері өзгерместен жеткен. Қазірде Иранның Исфахан қаласы Хатамкари орталығы болып саналады.

Көрменің көркін келтіріп, сәнін ашып тұрған көкшіл түсті металл құтылар мен табақшалар «Минакари» стилінде орындалған. «Минакари» – металл мен қыш бұйымдарын арнайы эмальмен безендіретін айрықша ирандық техника. Бірнеше мың жыл бұрын пайда болған бұл техника Иранның мақтанышы болып саналады.

Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынастың жалғасы ретіндегі бұл шара осы елдер арасын одан әрі жақындастырып, Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік берді деуге болады.

Көрмені 6000 астам қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

 

Выставка Иранского искусства Выставка Иранского искусства
Выставка Иранского искусства Выставка Иранского искусства

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source