авто

Переключатель языков

21.12.2018 ж. Суретші Күшікбаев Жайықтың «Панорама» атты жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 21 желтоқсан күні сағат 15.00-де ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі суретші Күшікбаев Жайықтың «Панорама» атты жеке көрмесін ашады. 

Cуретші Күшікбаев Жайықтың «Панорама» атты жеке көрмесКүшікбаев Жайық Талдықорған облысы, Сарқант ауданы, Бақалы ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. 1981 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1992 жылы С. А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының көркемөнер факультетін бітірген. Еңбек жолын Бақалы орта мектебінде (1981 ж.) сурет және сызу пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. 1992 ж. О. Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесінде арнайы пән оқытушысы болды. Қазіргі уақытта (1993 жылдан бері) Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Академиялық сурет және станоктық графика» кафедрасының аға оқытушысы, доценті.

Пейзаж – эпикалық шығарма, лирика, сондай-ақ қала, ауыл, саябақ, тау, жыл мезгілдері – жаз, қыс көрінісі, жалпы қоршаған ортаны бейнелеу суретшілердің, жалпы кескіндеме өнеріне жақын жандардың аса сүйікті жанры. Пейзаж жанры өте ауқымды. Жайық Күшікбаев көпшілікке көлемді панорамалық пейзаж шебері ретінде танымал. Жайықтың шығармаларында Қазақстанның әр өңірі, тіпті шалғай, жұрт көзінен таса тұстары көрініс тапқан. Суретші шығармаларының басым бөлігі негізінен Қазақстан табиғатының сұлулығы бейнелене пейзаж жанрында орындалған кескіндемелік композициялардан тұрады. Бұл кең байтақ қазақ даласының әр-алуан әсем көрінісі, ауыл тіршілігі және т. б. қырлары бейнеленген туындылыр. Суретшінің Алатаудың көз тұндырар табиғатын, Арал, Қапшағай, Қаскелең, Қырғауылды т.б. өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін бейнелеген туған жерге деген сүйіспеншілікке толы шығырмалары аса тартымды.

Кескіндеме жанрында жыл мезгілдерін бейнелеу осы салада еңбектеніп жүрген суретшілер шығармашылығындағы өз алдына жеке бір тақырып деуге болады. Жайықтың табиғат аясында орындалған – тау, өзен, ен даланың ойы мен қыры бейнеленген қолтумалары көрерменді бірден баурап алады. Суретшінің сырға толы пейзаждары сиқырлы әлемдей сұқтандырады. Жайықтың шығармаларында жыл мезгілдері – табиғаттың оянуы, ерте көктем, жаз, күз және қыс көріністері, таңның атуы-күннің батуы, жазғы кеш, қараңғы түн, мүлгіген табиғат, қар бетіне түскен жарық пен сәуленің құбылуы, тау шыңының асқақтығы, төбелердің сұлбасы, яғни табиғат құбылысы толық көрініс тапқан. Жыл мезгілдеріне қарай автордың көңіл-күйі де өзгереді, өйткені шебер өз қылқаламымен табиғат келбетін де өзгертеді деуге болады.

Суретші пейзажбен қатар натюрморт, портрет жанрында да еңбектенеді.

Күшікбаевтың туыстары мен жақындарының портреттерінен («Анамның портреті», «Ана»", «Әкемнің портреті») оның адам жанының сұлулығын ашатын ерекше стилін аңғаруға болады.

Жайық өзіндік қолтаңбасы қалыптасақан қылқалам шебері. Суретшінің толымды, мәні терең шығармалары оның табиғатты көру-тану мүмкіндігін аңғартады. Әр шығарма қоршаған әлемнің сұлулығын аша отырып біз осы әлемнің бір бөлшегі екендігімізді ескертеді.   Әр шығармадан біз тыныштық, жайлылық, үйлесімді сезінеміз.

Күшікбаев 1980 жылдан бастап студенттік, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қатысып келеді. Суретшінің бірқатар шығармалары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық жағалауы елдерінің жеке коллекцияларына қабылданған.

Экспозицияда шебердің табиғат құбылысын сезіну, түсіну, бейнелеу қабілетінің бірден-бір көрінісі болып табылатын 90 жұмыс ұсынылған.

Көрме 2019 жылдың 8 қаңтарына дейін созылады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source