авто

Переключатель языков

19.11.2018 ж. «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институты және Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен 2018 жылы 19 қараша күні сағат 16.00-де «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі ашылады.

«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары»Көрме Осман империясының XVIII-XIX ғғ. ортасындағы Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы сыртқы саяси қызметінің тарихын бейнелейді және келушілерге Түркияның мемлекеттік мұрағаты ұсынған мұрағаттық құжаттармен танысуға мүмкіндік береді.

«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілмек. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40 құжат қойылады. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Бұл құжаттардың арасынан қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылады.

Көрмеге ұсынылатын хаттар:

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммед жолдаған бөлек сый-сияпат тіркелген 10 дәптердің көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз);

-Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар);

- Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы 14 желтоқсан);

- М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл);

- Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құжаттар бар.

Сондай-ақ Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар бар.

Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде қазақтардың Түркияға көшуіне қатысты қосымша құжаттар да болады.

Аталмыш жиында Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал, Қазақстандық архив қызметкерлері мен тарихшылар бас қосады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі сіздерді асыға күтеді!

Көрме 2018 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source