авто

Переключатель языков

16.09.2018 ж. «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» фотокөрмесі

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 16 қыркүйек Алматы қаласының күнін мерекелеу аясында қаладағы ірі мәдени ошақтардың театрларға арналған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» фотокөрмесін ұсынады.

Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласында республика бойынша негізгі мәдени орындар шоғырланған. Соның ішінде Алматы театрлары жұртшылықты жоғары өнер әлемінде бірегей өнер рухына қанықтыратын мәдени ошақтар болып табылады.

Көрменің мақсаты: қала күні қарсаңында ҚР МОМ қорындағы фотоматериалдар негізінде театрлардың тарихы, әртістер құрамы, өнер иелерінің ортасы және шығармашылық қызметтерімен таныстыру әрі дәріптеу болып табылады.

Театр – халық өміріне табиғи түрде еніп, өзімен бірге қалыптасып келе жатқан ұлттық мақтаныш, мөлдір өнер. Қазақ театрының алғашқы іргесін қалаған Ж.Шанин, талантты әртістер Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Аймановтардың есімдері қазір қазақ театр өнерінің классиктері дәрежесінде аталады. Сауықшыл жастардың әуесқой қойылымдарынан басталған алғашқы қадамы, ойын қоюға талпыныстары, Семейде театр өнерінің тууына ұйтқы болды. Кейіннен театрлар ел астанасы болған Алматыға көшіп келіп, мәдениет пен руханияттың жасампаз алтын діңгегі – қазақ өнерінің ізін жалғастырып келеді.

Музей қоры негізінде жасақталып отырған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» атты фотокөрмеден Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар театры, М.Ю.Лермонтов атындағы драма театры, сондай-ақ Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Неміс драма театры, Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының қалыптасу кезеңі, олардағы сахналық көріністердің, театр қайраткерлердің қалыптасу және кәсіби өсу кезеңдерінің маңызды сәттерінен мәлімет беретін фотосуреттерді тамашалауға болады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source