авто

Переключатель языков

05.10.2017 ж. Cуретші, педагог, профессор Тоққожа Қожағұловтың «Үнсіз музыка» атты жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 5 қазан күні суретші, педагог, профессор Тоққожа Қожағұловтың «Үнсіз музыка» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрме Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің 90 жылдығына арналды.

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы ашты. Көрменің ашылуына екі мыңнан астам қонақ келді. Олардың ішінде ақын-драматургтар, өнертанушылар, ҚР Еңбегі сіңген ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орныдарының ұстаздары, ҚР Суретшілер одағының және ҚР Дизайнерлер одағының мүшелері, студенттер, автордың туған туыстары және достары болды.

Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов 1984 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің «сызу, сурет және еңбек» мамандығын бітірген. Еңбек жолын (1984-1987 жж.) Жамбыл қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтының жалпытехникалық тәртіп пен еңбекке баулу факультетінде оқытушы болып бастады. 1987 ж. бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-де әр түрлі қызметте жұмыс жасап, 2008 жылдан бастап кескіндеме кафедрасында меңгеруші болып қызмет етеді.  

Т. Қожағұлов Қазақстан сурет өнеріне 80 жылдардың ортасында келген кескіндемеші. Бейнелеу өнері жанрында ең қиыны – портрет десек, суретші өзінің алғашқы жұмыстарын портрет салудан бастаған. Портрет көптеген факторлар әсер ететін аса күрделі шығармашылық акт. Суретші өз туындыларында адамдар образының көпқырлылығын, олардың жан-дүниесінің байлығын және интеллектуалды өмірін ашып көрсетеді. Тоққожа Қожағұлов жұмысқа кірісер алдында құжат материалдарымен танысып, мұрағаттағы фотосуреттерді мұқият зерттеп алып барып, өзінің ойын кенепке түсіреді. Осылайша, жинақталған материалдар мен мұқият зерттеу барысында алған әсерін ой елегінен өткізе отырып, суретші өзіндік тұлға сипатын жасады. Сол себепті әрбір портретте суретшінің адамға деген жеке қатынасы, бар ықыласы көрініс табады. Оның шығармашылық галереясында қазақ халқының біртуар ұлылары – Абай, Жамбыл, М. Әуезов, М. Мақатаевтың және т.б. бейнелері бар. Бұл шығармаларында автор қазақтың ұлы тұлғаларының адамгершілік, жан жылуы мен абыройын паш етті. Осы жерден сондай-ақ, халық батырларының («Қарасай-баһадүр», «Әйтей батыр») монументалды бейнесі, өз туғандары мен жақындарының портреттерін де көруге болады. Өз жақындарын бейнелегенде («Әкемнің портреті», «Анамның портреті», «Ұлымның портреті») суретші ерекше кескіндеме стилін таңдайды, жарық пен көлеңкеге баса назар аударады. Зор сүйіспеншілікпен орындалған жұмыстарында адам жанының сұлулығы, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлестік бейнеленген.

Тоққожа Қожағұлов көпшілікке негізінен портретші ретінде танымал. Портрет жанрымен қатар суретші Қазақстанның керемет табиғатын, өзі туып өскен Хан-Тәңірі аймағын бейнелеген.   Шебердің шығармашылығында философияға толы тақырыптық картиналар да ерекше орын алады. Олардың ішінде «Жалғыздық», «Тыныштық», «Жан дауысы. 1937 ж.» және т.б. еңбектері ерекше әсер береді.

Т. Қожағұлов облыстық, республикалық, жалпы кеңестік және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысып, КСРО Суретшілер одағының жастар бірлестігінің мүшесі, Жамбыл атындағы, М. Мақатаев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Суретшінің шығармалары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық теңізі жағалауы елдерінің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.

Көрмеге автордың 50-ден астам туындылары қойылды.

Выставка художника Т. Кожагулова Выставка художника Т. Кожагулова
Выставка художника Т. Кожагулова Выставка художника Т. Кожагулова

Көрме 2017 жылдың 16 қазанына дейын жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source