авто

Переключатель языков

3.06.2017 ж. «Жібек жолы» атты дәстүрлі Орталық-Азиялық көрме-жәрмеңкесі

2017 жылдың 3-4 маусымында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және «Бахыт» сәндік қолданбалы өнер орталығы бірлесіп «Жібек жолы» атты дәстүрлі Орталық-Азиялық көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс халықтарын байланыстырған тарихы тереңнен тартатын сауда жолы. Ұлы Жібек жолы халықтар арасында экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды дамытуда үлкен рөл атқарғандығы баршамызға аян. Әсем, көңілді әрі шулы шығыс базарына Қытайдың жібегі мен фарфорын, Үндістанның тәтті дәмдерін, Хорезм қышын, түрлі бейнелеу туындыларын және өзге де таңсық дүниелерді саудалауға және тиімді бағада сатып алуға әртүрлі елдерден саудагерлер мен сатып алушылар асыға ағылған.

Ата-бабамыздың бай мұрасын бүгінге дейін жалғастырып, жандандырушы қолөнермен шұғылданушылар өнердің әр саласындағы жетістіктерін осы жәрмеңкеде халық назарына ұсынбақшы. Көрме-жәрмеңкеге келген әрбір адам өзіне қажетін тауып қуанып, көңілді күйде қайтатынына, келесі жолы міндетті түрде қайта айналып келетініне сенімдіміз.

Орталық-Азиялық қолөнер шеберлерінің шығыстық сән-салтанатқа толы «Жібек жолы» көрме-жәрмеңкесі жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрге айналған. Осы жолы көрме-жәрмеңкеге Қазақстанның әр аймағынан келген халық шеберлері және Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия елдерінің 80-нен астам шеберлері қатысады. Көрмеге сыйлыққа арналған заттар, кәдесый, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, сазды аспаптар, шығыс миниатюрасы мен кілемдері, киізден және жібек маталардан жасалған бұйымдар, тоқыма және шамшырақтар, бойтұмарлар мен былғары бұйымдар қойылады.

2017 жылдың 4 маусым күні «Жібек жолы» атты Орталық - Азиялық көрме жәрмеңкесі аясында, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мейрамына орайластырылған «Алтын-Көл» балаларды қамқорлыққа алу мен аналарды қорғау қайырымдылық қорының балаларына арналған «Жаз – 2017» қайырымдылық шарасы өткізіледі.

Көрме-жәрмеңкеге кіру ақылы.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source