авто

Переключатель языков

25.05.2017 ж. Швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» атты жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің жұртшылықты әлем халықтарының тарихы, мәдениеті және өнерімен таныстыру мақсатында түрлі бағыттағы іс-шараларды (фестивальдер, жәрмеңкелер, фотоқөрмелер, көркем өнер туындыларының көрмелері) шетелдік елшіліктер және консулдықтармен бірлесіп өткізу дәстүрі бүгінде тұрақты үрдіске айналған.

«Қылмыс орындары: алғашқы найзағай»2017 жылдың 25 мамырында, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Швецияның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу және Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығын құру жөніндегі шешімінің қабылданғанына 25 жыл толуына арналған ядролық қарудан азат Әлем құру идеясы аясында швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» атты жеке көрмесінің ресми ашылуын өткізеді.

Туве Крабо 1974 жылы Гетеборг қаласында туған. Ол Франция, Австралия мен Иорданияда 16 жыл тұрып, Марсельде тұрған кезінде бейнелеу өнерінің қыр-сырын оқып, зерттеді. 2003 жылы Париждегі Бейнелеу өнерінің мектебін бітірген. Соңғы жылдарда Туве Крабо кино, әдебиет, бейнелеу өнері, кескіндеме, сондай-ақ фарфор ыдыстарына сурет салу сияқты өнердің түрлі саласымен шұғылданды. 2013 жылдан бастап суретші техногенді апат аймақтарының көріністерін салуды бастап, жұмыстарын «Эмоциялардағы жыл мезгілдері» және «Қылмыс орындары» серияларына топтастырды.

Туве Крабо Швеция, Франция, Қазақстан елдерінде өткен көптеген көрмелерге қатысқан. «Мен өз тәжірибемде мәтінмен жеткізу мүмкін емес нәрсені, мәтіннен айтарлықтай өзгеше бір дүниені салуға тырысамын. Ол мен жұмыс жазып жатқан кезде шығармашылық үстінде, көңіл-күйдің әуеніне қарай пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде соңғы шешімді акварель мен сия қабылдайды. Менің өнерім кино секілді, онда драма, көңіл-күй, қозғалыс, жарық пен көлеңке бар. Көбіне өз образдарымды интернет желісінен аламын, олардың басым бөлігі адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен орындар. Мен қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Адамзатқа қасірет әкелетін құбылыстар мен оқиғаларға жаңа, шынайы мән-мағына беретін жанашырлық пен түсіністік секілді сезімдерді бейнелеу өнері арқылы қайтарғым келеді» – деп суретші өз ойын шертеді.

«Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» көрмесі жұмыстарының көпшілігін Туве Крабо осы экспозицияға арнайы салып, халық назарына тұңғыш рет ұсынбақшы. Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырған аталмыш көрмеде Семей жерінде атом бомбасынан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың ауыр халі мен тіршілігін баяндайтын «Катастрофа 1», «Катастрофа 2», «Полигон 1», «Полигон 2», «Шаған көлінің бетінде», «Гюисман жекежайы», «Көлік», «Бала», «Егіздер», «Жетім», «Қылмыс орындары» атты акварель, сия, акрилмен орындалған картиналар сериялары қойылады. Кеңестік жүйе 1949 жылы «Первая молния» құпия сөзі арқылы бейбіт халықты қауіпсіз жерге көшірместен Семей даласында атомдық сынақтар жүргізді.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық сынақ полигонын жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта аты қалды. Нақты қауіпсіздіктің тірегі ядролық әлеует емес, сыртқы бейбітшілік саясаты, ішкі тұрақтылық, елдің тұрақты экономикалық және саяси дамуы болып табылатындығын сенімді дәлелдеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ядролық қарусыз әлемге қатысты мемлекет саясатының насихаттаушысы ретінде жыл сайын адамзат тарихындағы алапат оқиғалар – Семей мен Невададағы ядролық сынақтар, Чернобыльдегі техногенді апат пен оның салдарын баяндайтын бірқатар іс-шаралар қатары («Қазақстан ядролық қарусыз әлем үшін», «Чернобыль – ХХ ғасырдың алапат қасіреті», «Хиросима және Нагасаки қасіреті», «Невада-Семей» антиядролық қоғалысы» көрмелері; конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер) өткізіледі. Фотосуреттер, құжаттар, плакаттар, қазақстандықтардың қолдары жиналған антиядролық үндеу үнпарақшалары сынды музейдің бірегей экспонаттары келушілердің ядролық жарылыстардың сұмдық салдары мен Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтаудың мән-маңызын терең түйсінуіне септігін тигізетіні анық.

Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния" Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния"
Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния" Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния"

Көрме 2017 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source