авто

Переключатель языков

05.07.2018 ж. «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» Халықаралық фотокөрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 5 шілдесі күні сағат 14.00-де «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» Халықаралық фотокөрмесін ашады.

afisha-arkaim2018Арқайым — Ресей Федерациясындағы Челябі облысында, Үлкен Қарағанды және Өтеген өзендерінің құйылысында орналасқан қола дәуіріне жататын тарих-мәдени ескерткіштер кешені. 

Көлемі, құрылымдық сипаты, ғылыми деректерінің молдығы мен маңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызы өте зор бұл ескерткіш 1987 жылы ашылды. Содан бері кең көлемді ғылыми-зерттеулік жұмыстары жүргізілуде. Арқайым қонысы екі шеңберлі жал түрінде салынған, ортасында құрылыс салынбаған төртбұрышты алаңы бар бекініс.

«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» фотокөрмесінде фортификация, үй құрылысы, ежелгі шеберханалар, жерлеу рәсімдері мен құрбандық шалу, тұрмыстық заттар, оның ішінде қыш ыдыстар, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жонғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлерді қамтитын қызықты мәліметтер қойылады.

Фотокөрме стендтерінде «Қалалар елі» ескерткіштерінің географиялық орналасуы, нығайтылған және нығайтылмаған қоныстардың әуеден түсірілген фотосуреттерінің құпиялары ашылған материалдар, саны жиырмадан асатын нығайтылған қоныстың ішіндегі он төртінің қазіргі жағдайы мен тұмса табиғаттың авторлық фотосуреттері қамтылады.

Ежелгі металлургиялық база, обсерватория немесе қолөнер шеберлерінің қонысы болуы мүмкін деген Арқайымды тылсым сырларға толы әлемнің ғажайып орындарының қатарындағы Стоунхендж, Гозек шеңберімен салыстыруға болады. Күні бүгінге дейін Арқайым таңдай қақтырып тамсандырады, күмән тудырып күдіктендіреді, талайларды дауластырады, дегенмен әзірге жауабынан гөрі сұрақтары көп орын боп қала бермек.

Фотокөрменің ашылуына Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі және «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Журавлева Ирина Александровна, «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Зуйков Юрий Владимирович қатысады. Сонымен бірге «Аркаим. Культурное и духовное пространство на Южном Урале» атты 30 минуттық деректі фильм көрсетіледі.

2017-2018 жж. көрме экспозициясы Ресейдің 11 қаласында, яғни Қазан, Уфа, Кумертау, Самара, Омбы, Бийск, Новосибирск, Барнауыл, Санкт-Петербург, Белгород, қалаларында және Головчино селосында құрылып, жұрт назарына ұсынылды.

Орталық музей барша келушілерді Оңтүстік Оралдың мәдени феноменімен және үндіуропалық өркениетпен танысуға шақырады.

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source