авто

Переключатель языков

13.10.2022 ж. Халықаралық қолөнершілер форумы

Бүгін Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейінде Халықаралық қолөнершілер форумының ашылу өтті.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен, сонымен бірге Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 150-ден аса шебер-қолөнерші қатысты.

Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова, «Атамекен» ҰКП Президиумының мүшесі, Туристік сала комитетінің Төрағасы Юлия Якупбаева, Қазақстанның Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Harper's Bazaar и Vogue журналисі және редакторы, қолөнер, дизайн және өмір салты бойынша маман Эчавария Марселла, ҚР Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова, «Aigul line» брендінің негізін қалаушы, Qazaq-Oner» Ұлттық Ассоциациясы» Президенті Айгүл Жансерікова, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының директоры Ырза Тұрсынзада, арт-менеджер, дәстүрлі табиғи ішектер шебері Бабыр Арғынов, Born Nomad директоры Айка Әлемі, Алтын адам қауымдастығының жетекшісі Динара Бакирова және басқа да шеберлер мен қонақтар қатысты.

Ал алты айда әлемді аралап шыққан 72 жастағы саяхатшы әрі қолөнерші ақсақал Сәрсенбай Қотырашев форумның құрметті қонағы болды. Ол 8000 км жерді жаяу жүріп өтіп, аймақтардың барлық әкімшілік орталықтарына табан тіреген. Ең бастысы ол осы саяхаты арқылы елдің барлық қолөнершілер тізілімін құру мақсатын көздеген.

Форумның ашылуында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев барлық қатысушыларды, сондай-ақ, арнайы келген қонақтарды жылы қарсы алып, қолөнершілердің туризм мен креативті индустрияны дамытудағы рөлін ерекше атап өтті.

«Қазақстанда креативті индустрия бұрын-соңды болмаған. Біздің заманауи шығармашылығымыздың бастауында ата-бабаларымыздан қалған асыл қасиеттер жатыр. Өнерге деген жылы көзқарас және ерекше дүниетанымымыз бар. Ұлттық қолөнер - бұл біздің баға жетпес мұрамыз», - деді вице-министр Е.Еркінбаев.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Әсия Ақанова креативті индустрияларды дамыту үшін осындай ауқымды іс-шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Жақын арада мегаполис әкімшілігі қолөнершілер өздерінің инновациялық өнімдері мен қызметтерін құра алатын, идеялармен алмасатын және өздерін таныта алатын, қайталанбас шығармашылығын көрсете алатын креативті алаң құруды жоспарлап отыр. Бұл бастама шығармашылық идеяларды креативті кәсіпкерлік қызметке айналдыруға бағытталады», - деді ол.

Сонымен бірге, қолөнер саласын коммерцияландыру мүмкіндіктері, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары туралы «Атамекен» ҰКП Президиумының мүшесі, Туристік сала комитетінің Төрағасы Юлия Якупбаева ерекше атап өтті.

«Уақыт барлық салаға, туризмге және креативті индустрияға деген көзқарасты өзгертеді. Кәдесый өнімдеріне қажет материалдарды қабылдау мен оның техникасы, формалары өзгеруде. Сондықтан сарапшылар бұл бизнесті қалай коммерцияландыру қажет екенін талдап-талқылайтын, өзара пікір алмасатын форумдардың өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз», - деді Юлия Якупбаева.

Қазақстанның Алматыдағы АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж форумның ең басты артықшылығына назар аудартты. Ол өз сөзінде: «Біз мұнда жеңімпаздардың жетістіктерін атап өту үшін ғана емес, сонымен қатар осы лауреаттарға тән құндылықтар - адалдық, батылдық, кәсіби біліктілік пен сыни ойлау сияқты қасиеттерге назар аудару үшін жиналдық», - деді.

АҚШ - тан келген спикер, қолөнер маманы, Harper ' s Bazaar және Vogue журналының редакторы және журналисі Марселла Эчавария «Қазіргі әлемдегі қолөнердің рөлі» туралы дәріс оқыды.

«Алтын Орданың» негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзада туризмнің әлемдік экономикадағы рөліне тоқталды. «Қолөнер ұлттық мәдени сәйкестендірудің ажырамас бөлігі және туризм индустриясының ажырамас бөлігі, оны жаңа деңгейге көтеру керек. Біз қазір туризмді дамытуға мемлекеттің ерекше қолдау көрсетіп отырғанын көріп отырмыз. Біз де қолөнершілер осындай қолдауды күтеміз», - деді ол.

Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова да қолөнершілікті қолдау қажеттігі туралы айтты.

«Бізде үлкен аумақтық айырмашылық сезіледі. Біз туристік орталықтарға ғана емес, елдің басқа аймақтарына да көмектесуіміз керек. Менің ойымша, бір реттік емес, жүйелі түрде мемлекеттік қолдау қажет. Өндіріс пен бизнес үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Айталық, салықтан босату сияқты, сондай-ақ, ұлттық бірегейлікке, үлкен рөл атқаратын брендке назар аударғым келеді. Сол дәстүрлі киіз іс жүзінде барлық елдерге қажет ұлттық брендке айналуы мүмкін, оны шетелдерде де сатып алады. Бізде ең жақсы шеберлер бар, бірақ әзірге жаппай және сериялық өндіріс жоқ», - дейді А.Бекқұлова.

Айта кетерлігі, форум басталмас бұрын Қазақстан стандарттау және метрология институты «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» негізінде Qazaq-Oner қолөнершілер орталығының ҚР СТ 3686 белгісімен қолөнер тарихындағы алғашқы қызметті стандарттады. Ал Ұлттық стандартқа сәйкестігін «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілдері бағалады. Бұл ретте, Qazaq-Uber өте жоғары деңгейді көрсетіп, форум шеңберінде сертификатқа ие болды.

«Біз үшін еліміздегі алғашқы Qazaq-Uber қолөнершілер орталығын ашу, сонымен қатар ҚР СТ 3686-2020 «Қолөнер орталықтары. Жалпы талаптар» Ұлттық стандартына сәйкестік сертификатын алу үлкен мәртебе. РМК «ҚазСтандарт» мұны қолөнер қызметтерін стандарттау саласындағы алғашқы жоба екенін хабарлады. Біз осындай жоғары мемлекеттік бағалауға ие болғанымыз үшін қуаныштымыз және мақтанамыз»,- деді Айгүл Жансерікова.

Арт-менеджер, дәстүрлі ішектер шебері Бабыр Арғынов қойдың ішегінен жасалған домбырада нағыз таза дәстүрлі «қоңыр» үн, барқыт дыбысы сақталатынын айтып, осы тақырыпта бірқатар ұсыныстар айтты.

«Дәстүрлі құралдарды жаңғырту — ұлттық кодты, мәдени бірегейлікті, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер идеясын сақтау жолындағы маңызды қадам», - деді ол.

Форум аясында BORN NOMAD power AWARDS 2022 байқауының қорытындысы шығарылды.

Бұл байқау халық-қолданбалы өнер шеберлеріне, қолөнершілер мен шығармашылық индустрия өкілдеріне өздерін танытуға, идеяларды коммерцияландыру, қазақстандық және экспорт нарығына өнімді шығару, сондай-ақ қазылар алқасы мүшелерінің, кәсіпқойлардың, қолөнер, дизайн, сән, туризм және креативті индустрия саласының сарапшылары мен инсайдерлерінің құнды кеңестерін алуға мүмкіндік береді.

Born NOMAD директоры Айка Әлеми байқаудың қорытындысын жариялады. Ол өз кезегінде бұл байқаудың басты мақсатына тоқталды.

«Біз ең алдымен бәсекеге қабілетті қолөнер брендтері мен сұранысқа ие өнімді құру, маркетплейстер мен экспорт нарығына шығу арқылы қолөнер индустриясының экономикалық тұрғыдан дамуын көздейміз», - деді.

Форум аясында Ержан Еркінбаев қолөнершілер Серік Рысбеков, Ұлмекен Маутова, Жұпар Бейсенова, Алмас Мұстафаев, Қалмырза Тасов, Раиса Мұхамеджанова, Нұрзия Ташімова және ақсақал Сәрсенбай Қотрашовқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.

Сондай-ақ, адал еңбегі, еліміздің мәдениеті мен қолөнерін дамыту ісіне белсенді қатысқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Д.Абаевтың атынан «Алтын Орда» негізін қалаушы, «Baqytty otbasy» орталығының басшысы Ырза Тұрсынзадаға, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Born NOMAD директоры Айка Әлемі мен Qazaq-Oner Ұлттық Қауымдастығының президенті Айгүл Жансеріковаға алғыс хат табысталды.

Халықаралық форум аясында өтетін отандық қолөнершілердің жәрмеңкесінде керамика, киіз, тоқыма, зергерлік өнер, жібек шаруашылығы және басқа да қолөнер түрлерінің өнімдері ұсынылады. Тәжірибе алмасу үшін қолөнершілер «Қазақстандағы қолөнер бизнесін дамыту», «Қазақстандағы қолөнершілікті дамыту жолдары мен мүмкіндіктері», «Қолөнер индустриясы, бизнес, экономика», «Қолөнер тұрақты даму ретінде» тақырыптары бойынша пікірталас сессияларына қатысты.

Іс-шара дәстүрлі қолөнерді сақтау және оны одан әрі дамыту, ұлттық мұрамызды жандандыру және танымал ету, сондай-ақ дәстүрлі қолөнердің заманауи интерпретацияларын және халықтық қолданбалы өнер мен басқа да шығармашылық индустриялардың колоборациясын құру бойынша түрлі аймақтық бастамаларды біріктіру мақсатында өткізіледі.

Сондай-ақ, форум аясында 14-15 қазанда өнімдер көрмесі, шеберлік сыныптары, семинарлар, Korpe Fest өтеді.

Жәрмеңкеде керамика, тоқыма, зергерлік бұйымдар, жібек шаруашылығы және т.б. сияқты қолөнер түрлерінен өнімдер ұсынылады.

 

Халықаралық қолөнершілер форумы Халықаралық қолөнершілер форумы
Халықаралық қолөнершілер форумы Халықаралық қолөнершілер форумы
Халықаралық қолөнершілер форумы Халықаралық қолөнершілер форумы
 Халықаралық қолөнершілер форумы  Халықаралық қолөнершілер форумы
 Халықаралық қолөнершілер форумы  Халықаралық қолөнершілер форумы

Өтетін күні және орны:

14-15 қазан – Korpe Fest, ҚР мемлекеттік орталық музейі (Самал-1, 44 үй),

14-15 қазан – жәрмеңке, Ә. Қастеев атындағы өнер музейі (Көктем-3, 22/1 үй),

14-15 қазан – жәрмеңке, Visit Almaty туристік хабы (Абай даңғылы 44)

17.10.2019 ж. Суретші, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 2019 жылдың 17 қазан күні сағат 15.00-де Қазақстанның атақты суретшісі, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесін ашады.

Бақытжан Әбішев Ақтөбе қаласында дүниеге келген, ол Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесін, Суриков атындағы  Мәскеу Мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген. Еңбек жолын алғашында бітірген училищесінде, кейін Т. Жүргенов атындағы Алматы көркемсурет институтында оқытушы болып бастады.

Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесіҚазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі мүсінші Бақытжан Әбішевтің шығармашылығы мәдени қоғам мен көрермендердің көпшілігіне жақсы таныс. Қазақ халқы тарихын, оның көрнекті қайраткерлерінің тақырыбы мүсіншіге аса жақын болды. Ол тарихи тұлғалар мен ұлттық батырлардың бейнелерін қалпына келтіруге үлкен үлес қосты.

Б. Әбішевтің орнықты мүсіндік тақырыптары мен сюжеттері қазақ тарихы мен халық өмірі және салт-дәстүрлерімен тығыз байланысты. Автор өз шығармаларын жасаудағы әртүрлі композициялық және көркем пластикалық мәнерлі құралдар мен әдістерді пайдаланған («Анасының портреті» жылулыққа және шынайы махаббатқа толы, «Күйші» кеңдігі мен пластикалық қуаты, «Ұран» халқының ерлігіне құмарлықпен шақыру, «Құлагер» мейірімділігінің және зұлымдықтың өшпес қарсы тұру идеясы, «Ұмай», «Томирис», «Беташар», «Бүркітші», «Батыр» қазақ батырларының күші мен ептілігі).

Б.Әбішев 1970 жылдан бастап студенттік, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелердің тұрақты қатысушысы, сондай-ақ көптеген байқаулардың лауреаты, көрнекті монументалдық жұмыстардың авторы. Бақытжан Әбішев – қазақ халқының батырларына арнап қойылған көптеген ғажайып ескерткіштердің авторы. Алматы қаласында Жамбыл және Тоқаш Бокинге, Жаңа-Қорғанда Ұлы Отан соғысы құрбандарына, Ақтөбе қаласында Әлия Молдағұловаға, Бұхар Жырау, М. Көпеев, Баянауылда С.Торайғыровқа, Қарағанды қаласында жазушы С. Сейфуллинге қойылған ескерткіштер, сонымен қатар Алматы қаласындағы Әль-Фараби, Махамбет, Күләш Байсейтова, жазушы А. Шарипов, Нұр-Сұлтан қаласында Ата Түрік, Жаяу Мұса тұрпаттырының авторы. Станок жанрының шеберінің көптеген жұмыстары қазақстандық және шетелдік музейлерде «Олимпиадашы» атты өзгеше еңбегі Швейцарияның Лозанна қаласындағы Олимпиадалық комитеттің штаб – пәтерінде тұрған, Германияның жеке коллекциясындағы «Күйші», Мәскеу қаласындағы «Томирис». Әсіресе 1836-1837 жылдардағы көтеріліс басшылары Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Таймановтың монументальдық комплексіне сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Бақытжан Әбішевтің соңғы жылдары жасаған ірі туындысы - 2003 жылы Атырау қаласында ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен Махамбеттің 200 жылдығына арналған «Исатай мен Махамбет» монументалды кешені.

Б. Әбішев - ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Ленин комсомолы сыйлығының және халықаралық сыйлықтың лауреаты. Оған Қазақстанның мәдениеті мен бейнелеу өнерін дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін "ҚР Мемлекеттік сыйлығы", "ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы"берілген.

Мүсіншінің шығармалары тас пен қола дәуірінің ой-сезімін шығармашылық жасампаздықтың ұлы екпінінде біріктіре отырып, мәңгілікке шақырады. Тамаша шебердің қолымен жасалған монументалды жұмыстар біздің еліміз үшін маңызды ескерткіштер және ұлттық тарихи-көркем мұраның бір бөлігі болып табылады.

Суретші, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі Суретші, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі
Суретші, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі Суретші, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі

Көрме 2019 жылдың 30 қазанына дейін жалғасады.

"МУЗЕЙ ТҮНІ – 2018". БАҒДАРЛАМА

БАҒДАРЛАМА

I. КӨРМЕЛЕР:

  • «Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық қалалар: қыш ыдыстағы ою-өрнектер (музей қорындағы керамикалық материалдар негізінде)» атты көрмесі Қазақстан аумағындағы қалыпталған және шыңдалған керамикалық бұйымдарды әшекейлеуде пайдаланылған түрлі өрнектер туралы мағлұмат береді.
  • «Жаңғырған мұра» көрмесінде музей зертханаларында қайта қалпына келтірілген зергерлік бұйымдар мен дәстүрлі белбеулер қойылады.
  • «Адам. Дәуір. Байланыс» көрмесінде ерте петроглифтерден бастап бүгінгі күнге дейінгі заттар мен байланыс құралдары таныстырылады.
  • «Руханият ескерткіштері» – үш діннің бірегей жазба ескерткіштерінің үлгілері: Таурат, Інжіл, Құран.
  • «Сағым. Пленэр. Ханшайымдар ойыны» көрмесінде суретші Анна Маргацкаяның қолынан шыққан кескіндеме, акварель, керамикалық бұйымдар ұсынылған.

II. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан – бестомдық іргелі «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» ғылыми-этнографиялық энциклопедиясының толықтырылған екінші басылымының тұсаукесері.  

ІІІ. ЭКСКУРСИЯЛАР: Мереке күні келушілерге І, ІІ, ІІІ, ІV залдар – «Палеонтология және археология», «Тарихи этнография», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және Диаспоралар мәдениеті», «Тәуелсіз Қазақстан» залдарына тегін кіріп, экскурсия тыңдау мүмкіндігі беріледі.

IV. ИНТЕРАКТИВТІ ЭКСПОЗИЦИЯЛАР аясында келушілер өткен дәуірлер тарихынан бастап қазіргі жаңашылдықтарға дейінгі мағлұматтарды алып, қызғылықты уақыт өткізеді:

  • сағат 11.00, 15.00-ден – «Ән атасы – Әміре» әдеби-музыкалық музейлік сабағы көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылық жолымен таныстырады. Сабақ Абай атындағы Республикалық мектеп-интернаты, «Көкіл» музыкалық мектебі, А.Жұбанов атындағы музыкалық мектептің қатысуымен ІІ экспозициялық залда өтеді.
  • сағат 14.00-ден – «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» саяхат-ойыны арқылы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі таныстырылады. Сұхбат құру, тақырыптық тапсырмаларды орындау және ойын тәсілдерін қолдану арқылы музей көңіл көтеру орны ғана емес, жадыны дамытып, шығармашылық алаңына айналады. Өтетін орны: ІІ экспозициялық залы.
  • сағат 19.00-ден – «Ортағасырлық керамикадағы бейнелі өрнектер: қазіргі көзқарастар» интерактивіне қатысушылар керамикалық бұйым және сәулеттік қаптауыштағы әшекейлеу элементтерін сурет бетіне немесе тұзды қамырдан жасалған бұйымдарға түсіру мүмкіндігіне ие болады. Өтетін орны – I экспозициялық залы;
  • сағат 19.00-ден – «Белгілі заттың белгісіз қырлары» (қазақтардың сирек кездесетін тұрмыстық заттары) және «Жаңылтпақ» қазақ ұлттық ойыны.
  • сағат 19.00-ден – «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Шебер әже мен келіні қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мейрамдары, бала тәрбиесі, ұлттық ойындар және басқасын айтып түсіндіреді. Өтетін орны: ІІ экспозициялық залы

V. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫ: музейдің білімқұмар және шығармашыл келушілері үшін ШЕБЕРЛІК САБАҚТАРЫ өтеді: Ә. Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебі, Қазақстан-Жапон орталығы, О. Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің атынан «Қыш-құмыра ісі», «Әйнекті көркемдік өңдеу», «Нүктелі өрнек», «Декупаж», «Канзаши», «Линогравюра», «А ля прима», «Оригами», «Жапон каллиграфиясы», «3D фигуралар».

VІ. 17.00-ден 24.00-ге дейін КОНЦЕРТ және ШОУ-БАҒДАРЛАМА

(МУЗЕЙ ХОЛЫНДА)

Жүргізушілер: ДАНИЕЛЬ ДЖЕЙМС, ТЛЕУХАН ОМАРХАН

17.00-17.30 М.Б. Серкебаев жетекшілік ететін оркестрдің өнер көрсетуі    

17.30-18.30 Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы түлектерінің өнер көрсетуі  

18.30-18.45 Алматы Мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі атынан «Жұмақтағы бақша» атты шаш және бет әрлеу үлгілерінің коллекциясы (жетекшісі – Есенбаева Райшан, Әмірова Бақытгүл).

18.45-18.50 «RUSLAN BAIDALINOV PROMOTION GROUP» компаниясының би өнері

18.50-18.55 «Каз Кид данс» балалар би тобы  

19.00-19.10 Іс-шараның ресми ашылуы «Show_Ballet_Furore» агенттігінің атынан қазақ биі

19.10-19.25 Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы студенттерінің өнер көрсетуі

19.25-19.30 «Айбын» би студиясының атынан қазақ биі

19.30- 19.40 Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Хореография факультетінің «Asianstudentsdance-ASD» би театры мен вокалшыларының өнер көрсетуі

19.40-19.45 «Шамшырақ» дуэті

19.45-19.50   ҚР Халық әртісі – Саят Медеуов

19.50-19.55   ҚР Халық әртісі – Нұрлан Еспанов

19.55-20.00   «Аяулым» триосы

20.00-20.10 «Тhe BeatlYes Berdaly Ospan»

20.10-20.20 «AZIA Classic» квартеті

20.20-20.25 «Fire Sunset» компаниясы «Жарық» шоуын ұсынады

20.25-20.30 «RUSLAN BAIDALINOV PROMOTION GROUP» компаниясының атынан би өнері

20.30-20.40 О. Таңсықбаев атындағы Сәндік-қолданбалы өнер колледжі атынан «Алтын тыныс» этникалық коллекциясының шоу-дефилесі (жетекшісі – Әсел Оразалиева)  

20.40-20.45   «Сейшн» балет шоуы

20.45-20.50   «Show_Ballet_Furore» агенттігінің атынан Канкан биі

20.50-20.55 «Фиеста» балет шоуы

20.55-21.00 «Fire Sunset» компаниясы «От» шоуын ұсынады

21.00-21.05   «Сейшн» балет шоуы

21.05-21.10 «Show_Ballet_Furore» агенттігінің атынан Антре биі

21.10-21.15 «Фиеста» шоу балеті

21.15-21.30 «Ratat ui» креативті агенттігі

21.30-21.40 «Дара» тобы

21.40-21.45 «Show_Ballet_Furore» агенттігінің атынан орыс биі

21.45-21.50 «Фиеста» балет шоуы

21.50-22.00 Лотореяны түрік «Turmeda-cliniks» медициналық компаниясы жүргізеді

22.10-24.00 «RUSLAN BAIDALINOV PROMOTION GROUP» компаниясы атынан би шашу; Компаниялардың атынан би шашулар: «Триада Трайбл Денс» би тобы; Республикалық байқаулардың лауреаттары: Т. Полатов (баян), Г. Сенбиев (прима-қобыз), Ж. Хамитов (прима-қобыз), Ж. Уалиева (вокал), С. Мурзалиева және Т. Заитов; «Dance Playa» би студиясы; ADORÁ би жобасы; «Frank Valdes Dance Studio» әлеуметтік би студиясы; «Santas Flores del Alma» студиясы; «CASADEBACHATA» би мектебі; «FreeWay» студиясы.

VІІ. Арнайы акция!!!!!

Әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram) #Музейтүні-2018ҚРМОМ, #Ночьвмузее2018ЦГМРК, #NightMuseum2018CSMRK хэштегтерімен (5 немесе одан да көп) фото орналастырған келушілер Музейдің әрі ALKA PRINT және PIRAMIDA GROUP жарнамалық-өндірістік компаниялардың атынан жүлдеге ие болады (сұрақтар бойынша ресепшндағы менеджер – Қоғабаева Әселге жолығуға болады)

01.06.2019 ж. Марис Хитахуновтың 80 жылдығына арналған "Ана жер құшағында" атты көрме-фестиваль.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары және жарияланған Жастар жылы, сондай-ақ Халықаралық балаларды қорғау күні аясында «Аламәт» продюсерлік орталығы және «Шәбнәм» ұйғыр креативті қыздар клубымен бірлесіп 2019 жылдың 1 маусым күні белгілі ұйғыр суретшісі, Еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, педагог Марис Хитахуновтың 80 жылдығына арналған Республикалық фестиваль, «Ана жер құшағында» атты көркем шығармалардың мемориалдық көрмесін ашады.

10.00-11.00 «Менің балалық шағымның әлемі» сайысы – 6-9 жастағы балалардың қатысуымен асфальтта сурет салу.

11.00-14.00 Марис Хитахуновтың өмірі, шығармашылық жолымен, суретшінің қызы Мухаббат Хитахунованың шығармаларымен, сондай-ақ ұйғыр суретшілері жаңа буын өкілдерінің жұмыстарымен таныстыратын «Ана жер құшағында» көрмесінің салтанатты ашылуы.

pic-uigur-1-juneҚР Орталық музейі келушілер назарына алғаш рет М. Хитахуновтың (1939-1994 жж.) шығармашылығын ұсынады. Марис бала кезінен сурет салумен айналысқан. 14-15 жасар суретшінің «Жүгері жинау науқанында ата-аналарымызға біздің көмегіміз!» ұранымен орындаған плакатының эскизі аудан бойынша І орынды иеленді, осы кезде Республикалық басылым «Дружные ребята» газеті суреттер байқауын жариялайды, байқауға қатысқан жас дарын ІІ орынды («Колхозға көмек») иеленеді. Бұдан кейін ол Крупская атындағы Бүкілодақтық Халықаралық универсистетте сырттай білім алды. Өзінің еңбек жолын М. Хитахунов Ахтам ауылындағы мектепте сурет және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады, артынша Гоголь атындағы Алматы сурет училищесін және А. Островский атындағы Ташкент Театр-сурет институтын тәмамдайды.  Ұзақ жылдар бойы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі, Алматы Сәулет-құрылыс институты, О. Таңсықбаев атындағы Алматы сурет училищелерінде қызмет атқарды. Хитахунов Қазақстан Суретшілер одағы Басқармасының, Қазақстан Мәдениет министрлігінің бейнелеу өнері жөніндегі сараптамалық комиссиясының, Қазақстан білім министрлігінің «Республикалық эстетикалық тәрбие бағдарламасын» орындау жөніндегі ғылыми-зерттеу комитетінің мүшесі, Қытай – Қазақстан достық қоғамының мүшесі болды.

Шебер шығармашылығында кескіндемемен қатар әдеби қызмет те маңызды орын алады. Марис – «Арман әлемі», «Умут учкунлири», «Прощай, лето», «Бейнелеу өнерінің негіздері» қолжазбасы, мерзімді баспасөзде және «Ұйғыр тілі және оқу» оқулық құралында жарияланған әңгіме, түрлі бағдарламалар мен диафильмдердің авторы; бейнелеу өнері бойынша дайындалған бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасының ұйғыр тіліндегі шығарылымының аудармашысы, ол ұйғыр жазушылары мен балалар кітаптарының иллюстраторы ретінде де танымал.

М. Хитахунов – республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелердің (Биеннале «Азия-Арт», Ташкент қ. Мұнда бір топ суретшілер І дәрежелі диплом және алтын медальді иеленген) қатысушысы. Ұйғыр суретшілерінің бірінші Республикалық «Мың ой» көрмесінде ол КСРО Көркемөнер академиясының, КСРО Суретшілер Одағының медальдарын, лауреат атағын иеленсе, Қазақстан Суретшілер Одағының 50 жылдығы құрметіне және республика өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Суретшінің бірқатар шығармалары Қазақстан, Ресей, Түркия және т. б. елдердің музейлерінде, жеке коллекцияларда сақталуда.

Көрме экспозициясында келушілер назарына суретші-кескіндемеші, педагог, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Президенттік стипендияның екі мәрте лауреаты, Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің, Абай атындағы ҚазҰПУ түлегі - Мухаббат Хитахунованың жұмыстары да ұсынылды. Мухаббат бүгінге дейін 200-ден астам халықаралық және республикалық көрмелерге қатысты.

Фестиваль аясында концерт және көрмеге қатысушыларды марапаттау шарасы ұйымдастырылады. Іс-шараға ұйғыр тілінде білім беретін мектеп-гимназия оқушылары да тартылды.

Көрермендер назарына 80 астам жұмыстар ұсынылады.

Көрме 2019 жылдың 14 маусымына дейін жалғасады. 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2017 жылдың қыркүйек және желтоқсан айларында өтетін уақытша көрмелердің анонсы

Жоспарланған көрмелер:

  • 2017 жылдың 30 қыркүйегі мен 1 қазаны аралығында сағ.10.00-ден 18.00-ге дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп, «Алтын алма» атты Орталық-Азиялық дәстүрлі қолөнер көрме-жәрмеңкесін өткізеді. Қолөнер көрме-жәрмеңкелері Орталық Азия халықтары арасында экономикалық және мәдени байланысты дамытуда үлкен рөл атқарады. Көрмеге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 150-ден астам қолөнер шеберлері қатысады. «Алтын алма» көрмесінде шеберлер әртүрлі қолөнер бұйымдарын ұсынады: авторлық сәндік заттар, киімдер, сәнді сөмкелер, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік ойыншықтар, жеңіл көрпешелер, керамика, қолдан жасалған сабындар мен косметикалар, интерьерлік заттар, бейнелеу өнер туындылары және тағы көптеген сан алуан заттар.
  • Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті 90 жылдық мерейтойына орай суретші, ұстаз, профессор Тоққожа Қожағұловтың «Үнсіз музыка» атты жеке көрмесі. Ашылуы 5 қазан, 2017 ж. сағ. 16.00-де
  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігі және Қазақстан- Жапон адам қорларын дамыту орталығымен бірлесе отырып 2017 жылғы 7 қазанда сағ. 14.00-ден 17.00-ге дейін «Жапон мәдениеті фестивалі» өтеді. Фестивальге келушілер мәдени дәстүрлер және өнердің замануи түрлері, музыка, би, жапондық асхана және жаңаша технологиямен таныса алады.
  • 2017 жылдың 10-14 қарашасында «Пекин жібек жолының фарфор ертегісі» атты Қытай фарфорының көрмесі.
  • Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен бірлескен «Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі. Ашылу салтанаты: 14 қараша – 10 қаңтар 2017 ж.
  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі және Қазақстан Республикасының Корея Елшілігімен бірлескен «Ариранг- Кореяның жүрегі» атты көрмесі. Ашылуы 23 қараша 2017ж.
  • 2017 жылдың 1-3 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы дәстүрлі «Шығыс базары» атты Орталық-Азиялық қолөнер   көрме-жәрмеңкесін өткізеді.
  • 13-17 желтоқсан 2017ж. «Christmas Art Fair» жәрмеңке-көрмесі

 Жұмыс істеп тұрған көрмелер:

  • ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің қорындағы сирек фотосуреттер негізінде құрылған ХІХ ғ. соңы мен ХХ «ОТБАСЫ. ТҰРМЫС. ҚҰНДЫЛЫҚТАР» көрмесі. Көрме 2017 жылдың 28 қырқүйегіне дейін жалғасады.
  • «Қаламның келешегі - менім отбасымның келешегі» балалар шығармашылығына арналған көрме. Көрме 2017 жылдың 28 қыркүйегіне дейін жалғасады.
  • Дүниежүзілік жазушылар күніне арналған қазақтың көрнекті ақын жазушылары- М.Әуезовтың 120 жылдық, Ғ. Мүсірепов пен Ғ. Мұстафиннің 115 жылдық, Д.Әбілов пен Ғ. Ормановтың 110 жылдық, Ә. Шәріповтың 110 жылдық және Ә. Нұршайықов пен С. Шаймерденовтың 95 жылдық мерейтойларына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты көрмесі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі тұрақты жұмыс жасайтын экспозициялар:

  • 1 – Палеонтология и археология залы;
  • 2 - Тарихи этнографиялық залы;
  • 3 - Қазақстан Ұлы отан соғысы жылдарында, диаспоралар мәдениеті залы;
  • 4 - Қазіргі қазақстан залы;
  • 5- «Ашық қор – қазақстанның архелогиялық алтыны» экскурсиялық қызмет көрсетуді қосқандағы кіру ақысы – 1300 тг.
  • 6 - «Антропология музейі» - экскурсиялық қызмет көрсетуді қосқандағы кіру ақысы – 1000 тг.
  • 7 – «Н.Г. Хлудов» - залы - экскурсиялық қызмет көрсетуді қосқандағы кіру ақысы – 1000 тг.

 

Мекен-жайы: Самал – 1 ы.а., 44 үй, т. 264-55-77, 264-46-50. Жұмыс кестесі: 9.30-дан 18.00-ге дейін, әр сейсенбі күні демалыс

Музейге кіру ақылы: ересектер үшін 300 теңге, студенттер үшін 200 теңге, зейнеткерлер үшін 150 теңге, оқушылар үшін 100 теңге, шетелдік турист қонақтар үшін 500 теңге.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source