авто

Переключатель языков

28.11.2019 ж. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме.

2019 жылдың 28 қарашасы, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына арналған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме ашылады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін күресіндегі алғашқы батыл қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. Семей полигоны 1947 жылдың 21 тамызында КСРО Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылды. Алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда ауада жасалды. Өлкені жарылыстар алаңына айналдыру барысындағы қазақ жерін улаған сынақтардың зардаптары қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына алапат әсерін тигізіп, орны толмас қайғыға душар етті. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында жүзеге асырылды. Дәл осы 1989 жылы әлемдегі ядролық жарылысты тоқтатуды жақтаушылар мен қазақстандық белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың бастамасымен «Невада – Семей» қозғалысы құрылды.

1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын ресми түрде жабылды. Бұл жағдай туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан, біздің жаңа мемлекетіміздің күш-қуаты ядролық бұлшық еттерін көрсетуде емес, керісінше, оларды қолданбауда және толықтай бас тартуда деп бірден және мәңгілікке шешім алды. Және бұл біздің мемлекеттілігіміздің – жалпыұлттық идея рангына шығарылған бүкілхалықтық ақыл-ойымыздың темірқазығы болды. 1991 жылдың 29 тамызында іс жүзінде жаһандық ядро тарихында жаңа дәуір басталды», - деді.

Ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартудағы Қазақстанның қызметін мойындаған БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күні деп жариялады. Бұл әлемдік тарихта ядролық сынақ полигонын халықтың еркіне сай жапқан алғашқы жағдай еді. Осылайша, Қазақстан әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысы және бейбітшілік кіндігі болды.

Көрменің мақсаты: әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орны мен рөлін, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның үлесін көрсету.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме екі бөлімнен тұрады:

-бірінші бөлімде музей қорындағы атом полигонын жабудағы Тұңғыш Президенттің рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған материалдар көрсетіледі;

- екінші бөлімде музей қорындағы алғашқы совет атом бомбасын құру туралы құжаттар, Семей полигонының орналасу картасы, фотоқұжаттар, газет, кітап, плакат және басқа да заттай деректер қойылады.

ҚР Президенті мұрағатының құжаттық материалдары мен «Невада-Семей» халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ерекше қызығушылық тудырады.

Көрме 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source