авто

Переключатель языков

27.07.2017 ж. «әл Фейсал: куәгер және шейіт» атты көрме

2017 жылдың 27 шілдесі, сағ.15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Сауд Арабиясының королі Фейсал ибн Абдулл Әзиз әл Саудтың (1906-1975 жж.) жеке коллекциясы негізіндегі «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесі ашылды.

Король Фейсалдың билігі жүрген дәуірдің (1964-1975 жж.) мұрасы ұланғайыр: жаһандануға бағытталған ауқымды реформаларды жүргізудің нәтижесінде Сауд Арабиясының қоғамы түбегейлі өзгерді. Елде жоспарлау жүйесі бекітілді, сол кезде қабылданған салмақты заңдарға Сауд үкіметі бүгінде де жаңа заң жобаларын дайындауда иек артады. Фейсал ибн Абдул-Әзиз әл Сауд өз елінде бірқатар ауқымды саяси және экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырып, елдің әлеуетін арттыруда үлкен іс тындырған кемел басшы, ұлы мәртебелі король болды. Осындай дарынды басшы, дара тұлғаның елі үшін тындырған әрбір ісі халықаралық деңгейде терең танып білуге, зерттеп зерделеуге әбден лайық.

Көрмені Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырды. Көрмені ресми түрде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай ашып, «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесі жайлы қысқаша айтып өтті. Көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрілгінің жауапты хатшысы – Уәлиев Қуатжан Серікқазыұлы, Алматы қ. Әкімінің міндетін атқарушы Қырықбаев Арман Оразбайұлы, Сауд Арабиясы Корольдігінің ханзадасы, Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының төрағасы Турки  ибн Фейсал әл Сауд құттықтау сөзін сөйледі. Сөз алушылар екі ел арасындағы мәдениет пен білім салаларындағы қарым-қатынас жайлы айтып, халықаралық дәрежедегі өтіп жатқан көрменің Қазақстан өміріндегі елеулі оқиға екенін, мемлекетаралық ықпалдастықты нығайтудағы көрменің орнына тоқталды. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сауд Арабиясының королі Фахданың ресми кездесуі нәтижесінде экономика, құрылыс, медицина, көлік қатынастары, энергетика, металлургия, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы ынтымақтастыққа қол жеткізілгендігі белгілі. Бірқатар жобалар бойынша жерасты коммуникациялары мен қала шаруашылығын дамыту қарастырылуда. Оған қоса, «әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесінің еларалық қатынасты нығайтудағы орны ерекше екенін атап өту қажет. Көрме екі ел арасындағы саяси-экономикалық ықпалдастықты нығайтуға, мәдени ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған.

«әл Фейсал: куәгер және шейіт» көрмесінің экспозициясы 60-қа жуық сирек, бірегей, тарихи заттар мен мұрағаттық құжаттардан тұрады. Олардың ішінде ерекше көз тартарлық заттар – Құран, құрмет белгілері, наградалары, медальдар, төс белгілері, фотосуреттер мен басқа заттар. Алтынмен апталып, күміспен қапталған мерелік қару-жарақтар көрмеден айрықша орын алды. Көрмені Сауд Арабиясы жайлы хабар беретін интерактивті визуалды қондырғылар толықтырып тұр.  

Көрмемен 500-ден астам адам танысты, олардың ішінде ғалымдар, шығыстанушылар мен БАҚ, және т.б. қоғам өкілдері болды.   

Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"
Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"
Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик" Выставка "Аль Фейсал - свидетель и мученик"

Көрме жұмысы 2017 ж. 27 тамызына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source