авто

Переключатель языков

27.04.2017 ж. Халық әртісі Хадиша Бөкеева мен опера әншісі Байғали Досымжановқа арналған «Сахна саңлағы» Мерейтойлық көрмесі

2017 жылдың 27 сәуірі күні сағат 15. 00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивімен бірлескен Қазақстанның және КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл және опера әншісі, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, педогог-профессор Байғали Досымжановтың  туғанына 95 жыл толуына арналған «Сахна саңлағы» атты көрме ашылады.

Хадиша Бөкеева (1917-2011)Хадиша Бөкеева (1917-2011) – аты аңызға айналған театр және кино саласындағы кеңес қазақ әртісі. Ол 1917 жылы Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауылында дүниеге келген. Хадиша 1938 жылы Санкт-Петербург театр өнері институтын бітіріп, ең алғаш сахнаға қадамын Шымкент облысының драма театрында Еңлік (М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде») рөлімен бастады. 1942 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, оның сахнасында Қарлыға, Әйгерім (М. Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды», «Абай»), Күнікей (Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында»), Катарина, Эмилия, Королева Маргарита (У. Шекспирдің «Асауға тұсау», «Отелло», «Ричард ІІІ-сінде»), Катерина, Негина, Кручинина (Н. Островскийдің «Найзағай», «Таланттар мен табынушылар» және «Жазықсыз жапа шеккендерінде»), Мехменебану (Н. Хикметтің «Фархад-Шырыны»), Айша апай (Ш. Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде»), Сидзу (Каорудың «Шығыстағы бір бейбағында»), Соқыр әйел (М. Метерлинктің «Соқырларында») сияқты әртүрлі ұлттар сипатындағы сан қырлы кейіпкерлерді сомдады. Өз кезегінде, Хадиша Бөкеева көптеген жоғарғы марапаттарға ие болып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды (1952).

Байғали Досымжанов (1922-1998) – Қазақ ССР халық әртісі (1954) 1922 жылы Семей қаласында туған. Әнші (лирикалық тенор), режиссер, жалпы үлкен өнер иесі болған ол 1944 жылдан бастап, Қазақ опера және балет театрында Төлеген (Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде»), Біржан (М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасында»), Айдар (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абайында») сынды партияларды орындап, ұлттық опера өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Айтулы көрмеде ҚР Мемлекеттік Орталық музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік архиві қорынан алынған Хадиша Бөкееваның жеке құжаттары, хаттары, оқыған лекцияларының архивтік көшірмелері, М. Әуезов атындағы Қазақ драма театр сахнасында ойнаған Елиза (У. Шекспирдің «Асауға тұсау»), Қарлыға («Қобыланды»), Бану (Ғ. Мүсіреповтың «Амангелді»), Мария Телерюковна («Иван Грозный»), Катерина (Н.Островскийдің «Найзағай») рөлдері мен Байғали Досымжановтың Фауст («Фауст»), Біржан («Біржан мен Сара») операсындағы рөлдері бейнеленген фотосуреттері мен оның өзі қойған «Алтыншаш», «Амангелді», «Абай» операларының бағдарламалары, Абай драмасында Әйгерім рөлін ойнап тұрған Хадиша Бөкееваның (суретші А. Ғалымбаева), Б. Досымжановтың (суретші О. Нұржұмаев) және осы ерлі-зайыптылардың бірге салынған портреттері де жұрт назарына ұсынылады.

Х. Бөкеева мен Б. Досымжановтың М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан алынған жеке кешенді материалдары көрмеге келушілердің үлкен қызығушылығын тудырары анық.

Сондай-ақ, көрмеден сахна саңлақтарының «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен бірге «Еңбек ардагері» және «ҰОС Жеңісіне 40 жыл» медальдарын тамашалауға болады.

Көрменің ашылу салтанатына театр ардагерлерімен қатар танымал жас әртістер, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушылары мен студенттері қатысады. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған көрме 4-залдағы алаңда орналасқан.

Көрме 2017 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой
Открытие выставки, посвященной артистке Хадише Букеевой h-bukeeva-openning2017-4

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source