авто

Переключатель языков

09.09.2017ж. «Отбасымен музейге» фестивалі.

2017 жылдың 9 қаңтары күні, «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде тұңғыш рет «Отбасымен музейге» атты фестиваль өтті. Фестиваль музейге отбасымен келушілермен жұмыс істеуге және отбасылық құндылықтарды сақтау мен өскелең ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған жаңа мәдени-білім беру жобасы болды. Отбасы мерекесі: «Қамқоршы ата-аналар және білімқұмар балалар демалысы!» – ұранымен  өтті.

festivalIMG 6217 festivalIMG 6316 festivalIMG 6327
festivalIMG 6350 festivalIMG 6376 festivalIMG 6386

Музейлік мерекенің білім беру бағдарламасы еліміздің тарихы және мәдениетімен таныстыратын, сонымен бірге музей қызметкерлері, музейлік заттар мен музейге келушілер арасында тығыз қарым-қатынас қалыптастыратын тарихи квестер, викториналар, байқаулар, шеберлік сабақтары, тақырыптық сабақтар мен экскурсиялардан тұрды. «Отбасымен музейге!» фестиваліне  білім беру мекемелері, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, балаларға арналған дамыту орталықтары мен изостудиялар, шығармашылық және музыкалық ұжымдар белсене қатысты.

Фестивальды музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон салтанатты түрде ашып, балалар мен ата-аналарды мерейлі мерекелерімен құттықтады. «Отбасымен музейге» фестивалінің бас демеушісі «АБДИ» компаниясының өкілі, компанияның стратегиялық даму департаменті директорының орынбасары Бимендиев Ернұр Әбдібекұлы мерекемен құттықтай отырып, аталмыш музейлік жоба балалар-ата-аналар, ата-аналар-балалар сияқты бірнеше топтың мүддесін біріктіруге бағытталғандығын атап өтті.

festivalIMG 6402 festivalIMG 6432 festivalIMG 6463
festivalIMG 6473 festivalIMG 6481 festivalIMG 6493

Бұл күні келушілер үшін екі түрлі акция жарияланды. Олардың бірі – «Отбасылық жәдігерлерді музейге сыйға тарту». Акция нәтижесінде музей қоры 56 музейлік маңызы бар заттармен толықты.

«Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері» атты отбасылық экспедициядан тұратын екінші акция бойынша 7 жеңімпаз отбасына 2017 жылдың соңына дейін музейдің экспозициялық залдары мен музейде өткізілетін көрмелер, ісшараларды тегін тамашалауға мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Ол үшін музей қызметкерлері қатысушыларға ойын шарты мен паспортты қалай толтыру керектігін түсіндірді. «Қазақстан тарихының түрлі кезеңдері» квест-ойыны балалы отбасыларға өте қызықты болды: 80-ге тарта отбасы паспортпен жұмыс істеді.

Фестиваль аясында орын алған айтулы оқиға ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорындағы сирек фотосуреттер негізінде құрылған «ОТБАСЫ. ТҰРМЫС. ҚҰНДЫЛЫҚТАР» көрмесінің ашылуы болды. Қазақ этнографиясына қатысты бұл бірегей фотосуреттер ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы қазақ отбасыларының тұрмыс-тіршілігін бейнелеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды, қауымның дәстүрлі тыныс-тіршілігін сипаттайтын әлеуметтік маңызы зор музейлік экспонаттар деуге толық негіз бар.

Алматы қаласында орналасқан көркемөнер мектептері, балалар изостудияларының қатысуымен «Менің қаламның келешегі – менің отбасымның келешегі» атты балалар шығармашылығының көрмесі де осы күні ашылды. Көрмеге Алматы қаласының изостудияларының («Көк-айшық», «Алые паруса», Лидии Дроздованың «АРТ-Мастерская», «Клякса», «М.М.Омарованың» изостудиясы, «Веселая ромашка» және т.б.) шәкірттерінің жұмыстары қойылды, жұмыстарда балалар қаламыздың келешегі мен қоршаған ортаға қатысты көзқарастарын тоғыстырған.

«Отбасымен музейге!» фестивалінің аясында музейдің барлық келушілері үшін викториналар мен байқаулар ұсынылды. «Бұл не және қайда?» слайд-викторинасы арқылы келушілер музей коллекциялары бойынша білімдерін ортаға салса, «Алтын ұям – отбасым» атты  байқауына отбасы мүшелері аса қызығушылықпен қарады. Бұл байқаудың тапсырмаларды: «Музей портреті» (Гүлдің жапырағына музей жәдігерлерінің суретін салып, өз гүлдерін  бірінші жинап үлгеруі керек) «Мерген атқыт» ( шарды жарып, қазақтың ұлттық әйелдер әшекейлерінің суреттерін қазақ және орыс тілдерінде жауап беру», «Біздің отбасы - музейтанушы» ( Алматы қаласында орналасқан музейлердің атауларын жазу), «Отбасымның рәміздері» (отбасы рәсімдерін жасау және түсіндіру), «Отбасы ағашы» (жеті атаңызды атау), «Ғасырлар тереңдігінен біздің заманымызға дейін» (қазақтың ұлттық дәстүрлері туралы айту) болды.

festivalIMG 6506 festivalIMG 6535 festivalIMG 6551
festivalIMG 6660 festivalIMG 6693 festivalIMG 6704

Экспозициялық залдарда келушілерді қызықтыратын «Қызыл кітап беттері бойынша», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» тақырыптық сабақтары және «Палеонтология мен археология әлеміне саяхат», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» тақырыптарында тарихи квест ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Отбасылық фестиваль бағдарламасы аясында музей залдары бойынша тақырыптық экскурсиялар, балалар музыкалық ұжымдарының концерті, шоу-бағдарлама, оған қоса түрлі компаниялар өз өнімдері мен қызметтерін ұсынатын – «Денсаулық және сұлулық аумағы» атты жәрмеңке, балалар психологы және астролог мамандардың кеңестері берілді. Музей сыртында зоосаябақтан келген жануарлармен келушілер суретке түсті.

Фестивальдың бас демеушісі – «АБДИ» компаниясы. Сонымен қатар іс- шараға: «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы, «AMIRAN» ЖШС, «GATTO CHOCOLATO» ЖК, «WellDis» ЖШС, «Чайковский» шәй дүкені, «Lemonadoff Food» ЖШС, «8&8» кітап баспасы, «Алматы қаласының туристік-ақпараттық орталығы», «Карапуз.kz» порталы, «Егемен Қазақстан», «KAZpravda», «Kazinform», «Алматы акшамы»,  «Вечерний Алматы», «almatylife», «afisha.kz», «kazmuseum.kz» секілді 20-дан астам серіктестеріміз бен ақпараттық серіктестеріміз демеушілік көрсетті.

Викторина, байқаулар мен квест-ойындардың қатысушылары тек көңіл көтеріп қана қоймай, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Осы аталған мереке күні музейде 2000-ға жуық адам қатысты. Мерейлі мерекеге толы «Отбасымен музейге!» фестиваліне 2000-нан астам адам қатысты. Олардың ішінде: ата-аналар балаларымен, Алматы қаласының тұрғындары, мектеп оқушылары, балалар үйі және интернат тәрбиеленушілері, 25, 50, 60 жыл бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп жатқан отбасылар және жасжұбайлар болды.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source