авто

Переключатель языков

20.12.2017 ж. «ТУҒАН ЖЕР ТЫНЫСЫ» атты шығармашылық көрмесі

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейі 2017 жылы 20 желтоқсан күні сағат 15.00-де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы студенттерінің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «ТУҒАН ЖЕР ТЫНЫСЫ» атты шығармашылық көрмесін ашады.

«ТУҒАН ЖЕР ТЫНЫСЫ»

Музей күнделікті жұмысында өз көрермендерін еліміздің өнер әлеміне қосылған жаңа буын өкілдерімен таныстыру арқылы таланты жастардың шығармашылығын қолдап қазіргі кезеңдегі ұлттық өнер жетістіктерін насихаттауға үлес қосуда. «Туған жер тынысы» атты бұл көрмеде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы станоктық кескіндеме шеберханасының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірттері Елена Шарапова, Марина Коркут, Назерке Ілиясова, Наргиз Мұхаметқалина, Шахиза Қуанышбекова, Жанат Сейтхамзаұлы сынды суретшілердің бейнелеу өнерінің пейзаж, натюморт, графика жанрында орындалған қылқалам туындылары, сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер нұсқалары, текстиль - қазіргі киім үлгілері ұсынылды.

Жоғарыда аталған авторлардың шығармашылық пайымдауына сай жоспарлаған жобаға негізделген көрме алматылық суретші жастардың шығармашылық деңгейін аңғартары сөзсіз. Көркемсурет өнерінің живопись, графика, дизайн, т.б. салаларын қатар алып жүрген жаңа буын өкілдері өз туындылары арқылы қазіргі тұрмыс-тіршілікті жан-жақты бейнелеуге, өткенімізді-пайымдауға, болашақты болжауға тырысады, әрі шынайылылыққа қол жеткізудің тың жолын ашуға ұмтылады.

Көрмеде суретші Елена Шарапованың қолынан шыққан «Т. Жүргенов портреті», «Музыкант портреті» және т.б. бірқатар портреттер сериясы ұсынылады. Ал, Марина Коркут шығармашылық жолын фотосуреттерге деген қызығушылықтан бастаған. Суреткер талантының жаңа қырлары көркемсурет саласында кәсіби деңгейге көтерілді деуге болады. Ол майлы бояу, гуаш, акварель сынды түрлі техника және кенеп, жұмсақ материал, қағаз, т.б. материалдарды барынша ұтымды қолдануға тырысады. Жанат Сейтқамзаұлының авторлық техникасы өзіндік ерекшелігімен екшеленеді. Суретшінің көркем туындылары туған жеріміздің көркем табиғатын паш етеді. Жас талант Шахиза Қуанышбекованың шығармалары шынайылылығымен көз тартады. Шахиза көбінесе анималистик жанрға көңіл бөледі, әрі қабырғаға сурет салу, қолөнерімен де шұғылданады. Өз шығармашылығында түрлі техниканы қолданып жүрген Ілиясова Назеркенің жұмыстары күнделікті тұрмыс-тіршіліктің шынайы көрінісі деуге болады. Шебер живописпен қатар мата, қабырғаны түрлі өрнекпен көркемдеумен шұғылданады. Шығармалары шынайылылығымен айрықшаланатын Мұқаметқалина Наргиздің туындылары кенеп бетіндегі майлы бояу, акрил айшықтары деуге болады.

Суретшілердің «Менің қалам», «Менің туған жерім», «Ақбозат», «Саябақта», «Шатқал», «Анашым», «Таулар», «Алматы», «Гүлдер», «Күз сыйы», «Қалыңдық», «Есік этюді» сынды туындылары туған жердің әсем табиғатына деген айрықша сезімді білдіреді.

Суретшілердің шығармашылығында көбінесе пейзаж – табиғат, қоршаған орта көріністері бейнеленеді. Туған өлкеге деген сүйіспеншілік табиғат, қоршаған орта ландшафты, этникалық – ұлттық мән-мазмұндағы бейнелер арқылы беріледі. Көрмедегі туындылардың әрқайсысы автордың өзіндік көзқарасы, суреткерлік тілі, шығармашылық шешімінің үлгісі демекпіз. Жоғарыда аты аталған суретшілерді біріктіретін ортақ қасиет – шығармашылық батылдық, айқындық, тың шешімге деген ұмтылыс. Көрмеге өз жұмыстарын ұсынған, бірнеше халықаралық көрмелерге қатысқан суретшілердің кейбір шығармалары өз еліміздің және Ресей, Англия, Германия, Америка, Греция, Сауд Арабиясы сынды елдердің жеке коллекцияларында сақталуда.

Аталмыш көрме шығармалар авторлары үшін өтіп бара жатқан жылдағы елеулі оқиға болып саналады. Көрмеде көпшілік назарына 70- астам жұмыс ұсынылды.

Көрме 2018 жылдың 8 қаңтарына дейін жалғасады.

Click to download in FLV format (9.97MB)

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source