авто

Переключатель языков

19.05.2017 ж. «Музей түні – 2017: Музейлік құндылықтарға тіл біткенде» іс шарасы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2017 жылдың 19 мамырында сағат 17.00-ден 24.00-ге дейін Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түні – 2017: Музейлік құндылықтарға тіл біткенде» атты іс шарасын өткізді.

Музей түні «Музейлер және толғаулы тарих: күрделі асуларды тілге тиек етеміз» ұранымен өтті.

«Музей түні» – халықаралық ауқымдағы ірі әлеуметтік жоба. Еліміздің жетекші музейі – ҚР Мемлекеттік Орталық музейі алғаш рет «Музей түнін» 2006 жылы өткізген еді. Он екінші мәрте өткізіліп отырған іс-шарада Музей қорынан және жеке коллекциялар негізінде алынған жаңа көрмелер ұйымдастырылып, тың идеялар мен қызықты шығармашылық ойлар жүзеге асырылды. Тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеп, мәдениет дамуына өз үлесін қосты деуге болады. Осы уақыт ішінде бұл шара Алматы қаласының мәдени өмірінде аса тартымды және асыға күтетін жарқын шараға айналды.

Іс-шараны ресми түрде Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбай ашып, одан кейін шараның бас демеушісі «Positive life» директоры Сергеева Юлияға сөз берілді. Одан кейін Ж. Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжі, П. И. Чайковский атындағы Алматы музыка колледжі, Kaz Kids Dans би студиясы (жетекшісі Дубинчик Наталья);  Боровикова Валентина Анатольевнаның жетекшілігіндегі музыкалық джаз мектебінің Twinkle jazz ансамблі; Саксофонда ойнаушы Тұрсұнбеков Қайрат; Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Академиясының хореография факультетінің студенттік би театры ұсынған «Asian students dance-ASD» «Би империясы» өнер көрсетіп, О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің студенттері жаңа «Қиял» және «Триумф» этникалық коллекцияларын ұсынды.  Сонымен бірге, еліміздің М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік Академиялық орыс драма театрының өнер майталмандары жылы лебіздерін жеткізіп, спектакль билеттеріне ұтыс ойындарын ұйымдастырды. Мерекелік кештің жүргізушілері танымал шоумендер Мұрат Оспанов, Даниель Джеймс және Марселен Камате мерекелік кешке сән берді.

Жарқын да тартымды ШОУ-БАҒДАРЛАМА музейге келушілердің көңілін көтерді: «Positive life Stydio», «Tesla art laboratory» компаниялары проекторлық, пиксельді, жарықдиодты картиналарын ұсынып; Швециялық қонақтардан құттықтау ретінде - Перфоманс «Каспий теңізіндегі Викингтер» және «Baidaralin Studio» қазақ садақшылары; «Tribal Pro», «Dance Stydio», «Cuban Mix» би шоуы; «Империал», «Сейшн» шоу-балеті; «Алматы Барабандары» шоуы; «Fire Sunset» компаниясынан от шашу, «Big bubble» компаниясынан сабынды көпіршіктер шоуы; «Лимпопо» компаниясынан ғылыми шоу ұсынылып; ағаш аяқты өнерпаздар; сиқыршы Михаил Гутторов және «Город сказки» компаниясынан VR-көзілдірік, сондай-ақ тарихи образдардағы «Жанды мүсіндер» мерекелік салтанатқа аса көңілді сән берді.

Бұл түні Музей қызметкерлері алматылықтар мен оңтүстік қала қонақтарының назарына мынадай сан алуан қызыққа толы интерактивті бағдарламалар және жанды қойылымдарды ұсынды: түрлі тарихи дәуірлердің тұлғалары – андронов мәдениетінің әйелі мен сақ ханшайымы Томирис Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихымен таныстырса, тарихи этнография залында «Қазақ батырлары» қылышпен сайысу өнерін көрсетті, «Қазақтың абыз-қариясы», қазақ ертегілерінен алынған «Шебер-Әже келінімен бірге»; сондай-ақ Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлі мәдениеттерін келушілер назарына паш етті.

ИНТЕРАКТИВТІ ЭКСПОЗИЦИЯЛАРДА музейге келушілер ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихи көріністермен танысты: «Көненің үні» – ақын-жырау, ақындар мен күйшілік, жыршылық өнерді қолдаушы және ежелгі музыкалық аспап – қобызды саз әлеміне әкелген Қорқыт ата туралы; «Монеталар сыңғыры» ҚР МОМ қорынан алынған шығыс және еуропа нумизматикасы бойынша бірегей коллекциялар туралы; «Дәстүрлі кестелеу және аппликация өнері» ұлттық ою-өрнекпен құралған дәстүрлі құрақ көрпе, сондай-ақ қалпына келтірілген кілем-киіз бұйымдары көрсетілді; «Қазақстанның ғарыш әлеміне саяхат» ғарышты игеру тарихы жайлы; «Қазақстан мергендері» «Командалық орталық» негізінде «Ардагер» Ауған соғысы ардагерлері және жергілікті қақтығыстар Республикалық қоғамдық одағының көмегімен Ұлы Отан соғысындағы қару-жарақтары үлгілерімен таныстырды; «Шеберлер мүйісі» ұсталық және зергерлік шеберліктен көрініс көрсетті. Оған қоса музейде қазақтың дәстүрлі ойындары бойынша (асық ату), халық қолөнері мен ағаштан ойылған ойыншықтар мен пішіндердің жасалуы және т.б. жайлы ШЕБЕРЛІК-САБАҚТАР өткізілді.

Мерекелік шарадан музей қорынан және жеке жинақ коллекциялардан ұймдастырылған көрмелер де ерекше орын алды. Атап айтқанда, «Көне басылымдар» – музей ғылыми кітапханасының сирек қорындағы XVIII-XX ғғ. жататын кітаптар; «Мүсін мәдениеті» - Алматы қаласының қазіргі заманғы суретші-мүсіншілері М.Жунисбаева, К.Сатыбалдина, Д.Досмагамбетова, К.Дулатова, Н.Жуваниязова, Т.Серикбаева, Т.Жумагулова, О.Рахимбекова, С.Битуганова, Д.Сарбасова, Н. Болатбекова, Б.Кайранбаева және т.б. бірегей авторлық жұмыстары, сонымен қатар Швецияның ҚР-ғы елшілігімен бірлесе ұйымдастырылған швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: Алғашқы найзағай» көрмесі ұсынылды.

«Музей түні-2017» шарасына 12 000 жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Музей серіктестері: «VIP EVENT Very important parties», «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы, «Ансар», «QazaQshop», «Art сюрприз creative group», «Алматы қаласының туристік ақпараттық орталығы», «Алма-Ата Әйелдер клубы», «Vip line» компаниялары, «Bollywood» рестораны, «Тельняшка» интернет-дүкені, жоғары сапалы «Brand lab» баспаханасы, «Қазақ саңырауларының қоғамының» баспаханасы, «Сардар» және «Арман-ПВ» баспалары өз өнімдерін көрсетті.    

«Музей түні - 2017» шарасына «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Деловой Казахстан», «Вечерний Алматы», «Алматы акшамы», «Новое поколение», «ЭкспрессК», «Время», «Хабар», «Казахстан», «Kazah TV «Алматы», «Hit TV»; «Радио NS», «Қазақ радиосы», «Ретро FM», «Афиша.кз» ақпараттық қолдау көрсетіп, сұқбаттар мен түсірілімдер жасады.                   Музейге келушілерге арнайы акциялар ұйымдастырылды! #Ночьвмузее2017ЦГМРК, #ҚРМОММузейтүні2017, #NightMuseum2017CSMRK хэштегтерімен әлеуметтік желілерде «Музей түні -2017» шарасы жайлы ақпарат беріп, 5-тен артық фото орналастырған отызға жуық келуші Музей тарапынан арнайы СЫЙ-ға ие болды. 

 

Ночь в музее - 2017 Ночь в музее - 2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее - 2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее-2017
Ночь в музее - 2017 Ночь в музее-2017

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source