авто

Переключатель языков

01.10.2020 ж. «Ғажайып қолтаңба» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы қытай фарфор бұйымдарының топтамасы) атты көрме

 

2020 жылдың 1 қазанында сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде халықаралық ынтымақтастық аясында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен бірлескен «Ғажайып қолтаңба» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы қытай фарфор бұйымдарының топтамасы) атты көрмесі ашылады. Шара Қытай Халық Республикасының 71 жылдығына арналған.

«Ғажайып қолтаңба»Қытай фарфоры - аспан асты империясының мәдениеті мен өнерінің маңызды компоненттерінің бірі. Фарфордан жасалған бұйымдар фарфорға сурет салу өнерін көрсетеді, сонымен қатар ежелгі дәуірлерден бастап әр заманда өз туындылары арқылы әлемдік өнерге құнды үлес қосқан қытай шеберлерінің ғасырлық дәстүрлерін паш етеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қорында XIX ғасырдың екінші жартысында (ҚР МОМ Орынбор кезеңінің тарихы) қалыптаса бастаған қыш пен фарфор топтамалары ерекше орын алады. Ол кезде музейге өткізілген алғашқы экспонаттарды жеке адамдар «сыйға берген» және олар негізінен XVIII-XIX ғасырларға тиесілі тұрмыстық заттар еді. Олардың арасында әсемдігі және көркем пішіндерімен назар аудартатын әр түрлі керамикадан жасалған бұйымдар бар.

«Ғажайып қолтаңба» көрмесінің экспозициясы 3 бөлімнен тұрады: археологиялық қазба жұмыстарының үлгілері; фарфорды көркем керамика өнерінің айрықша үлгісі ретінде таныстыру; сондай-ақ көркем керамиканың сәнді шағын түрлері. Көрмеге ҚР Орталық музейінің фарфордан, фаянс, керамика, мыс, саздан жасалған 60-тан астам бірегей экспонаттары қойылады. Ұсынылған заттардың ішінде Талғар қаласынан (Талхир) табылған, Ұлы Жібек жолымен бізге жеткен қыш бұйымдарын көрсететін археологиялық қыш бұйымдары ерекше қызығушылық тудырады. Бұл XI-XII ғасырлардағы қытай фарфорынан жасалған, Сун династиясына тиесілі, Алматы маңындағы ежелгі Талхир (Талғар) қаласындағы қазба жұмыстары кезінде табылған тостақтар мен табақтар. XIX ғасырдың 40-жылдарында Орынбор қаласында сатып алынған гүлді оюлар мен қытайлық өрнектері бар фарфордан жасалған ыдыс-аяқтардың ғажайып коллекциясы, құмыралар, оның ішінде Қашқариядан Ш.Уәлиханов әкелген жеке құмырасы, сонымен қатар 20 ғасырдың әр жылдарындағы шай рәсімінің заттары да көрмеде ұсынылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа ҚХР басшылары сыйға тартқан құмыралар мен кәдесыйлар де құнды жәдігерлердің бірі болып табылады.

Қытайлық қолөнершілер салған бұйымдар сапасы, әдемілігі, декордың өзіндік ерекшелігі, пішіндері мен тақырыптарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Қытай пейзаждарының сұлулығы, будда храмдарының, сарайлар мен пагодтардың әсем формалары, гүлдермен әшекейленген бұйымдар, гүл композицияларының сызбалары, суреттер, иероглифтер - осының бәрі суретшілердің жоғары шеберлігін паш етеді.

Көрме шынайы өнерді бағалаушыларға музейдің фарфор коллекциясымен танысып, қытай фарфорын тамашалау арқылы эстетикалық ләззат алуға мүмкіндік береді.

Көрме 2020 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source