авто

Переключатель языков

15.09.2020 ж. «Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-көрмесі

 ҚР орталық музейі Қытай Халық Республикасының Бас консулдығымен халықаралық ынтымақтастық аясында 2020 жылғы 15 қыркүйекте сағат 15.00-де келушілер назарына «Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-көрмесін ұсынады.

«Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-көрмесіКостюм тарихы ежелгі заманнан бері адамзаттың өткенін бейнелейтін айна іспеттес. Әр ел, әр халық өз дәстүрлерімен адамдардың киіміне, костюм кию ережелерінде із қалдырады. Костюм арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өмірлік даналықты, дүниетанымды, моральдық мұраттар мен эстетикалық талғамды жеткізуге болады. Қытай Халық Республикасы – көпұлтты ел, оның аумағында 56 түрлі ұлт өкілдері, атап айтқанда, хань, тибет, моңғол, хуэй, ұйғыр, қазақ, маньчжур, чжуан және т.б. тұрады. Олардың әрқайсысы ұзақ тарихи үрдісте өзінің бірегей дәстүрлі мәдениетін қалыптастырып, ұрпағына мирас етті. Сондықтан ұлттық киім (дәстүрлі костюм) – бұл әдет-ғұрыптар мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер туралы ақпарат беретін халықтың өзін-өзі тануының элементі. Қытайдағы халықтардың ұлттық костюмдері олардың өмір салтын ескере отырып жасалды. Онда бірегей образдар сан алуан мата түрлері, түстердің байлығы және үлгілермен үйлесім тапқан. Солтүстіктегі халықтардың еркін пішілген костюмдері мен Оңтүстіктегі ұлттардың нәзік те талғампаз киімдері сәндік-қолданбалы және мәдени функцияларды қатар орындайды.

58 шығармадан тұратын «Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-көрмесі Қазіргі Қытайда тұратын әртүрлі халықтардың бай материалдық мәдениетін көрсететін фотосуреттер жиынтығымен таныстырады. Аталмыш фотосуреттер халықтардың нақты тұратын аймағына, жынысына (әйелдер мен ерлер костюміне), мақсатына байланысты киімнің ерекшеліктерінен мәлімет береді.

Онлайн-форматта алғаш рет ұсынылып отырған фотокөрме музейдің мәдени-білім беру жұмысының жаңа нысаны болып табылады, ол онлайн-көрермендерге Аспан асты мәдениетінің алуан түрлілігімен танысуға мүмкіндік береді.

Фотокөрме Аспан асты елі мәдениетінің алуан түрлілігін, ондағы ұлттардың бірлігін, олардың шынайы сұлулығы мен үйлесімділігін толықтай көрсетуге арналған.

ҚР Орталық музейі мен Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулдығының «Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-көрмесі екі ел халықтары арасындағы халықаралық мәдени алмасуды, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

«Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-фотокөрме (1 – бөлім)

«Қытай халықтарының ұлттық мерекелік киімі» онлайн-фотокөрме (2 – бөлім)

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source