авто

Переключатель языков

20.01.2023 ж. «Нағыз қазақ – домбыра!»

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі ғимаратында «Нағыз қазақ – домбыра!» жылжымалы көрмесін өткізді.

Күй төксең көтеріп бір ер арқасын,
Көңілдің көкжиегін жаңартасың.
Пернеңе жазып кетті Құрманғазы
Өзіңдей өлмейтұғын "Сарыарқасын"
Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған «Сарыарқа» кешінің маңыздылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған көрмеде музей қорының домбыралар коллекциясы орын алды.
Музейдің асыл қорындағы 200-ге жуық музыкалық аспаптың ең құндысы - Қазақстанның көрнекті тұлғаларының домбыралары. Көрме төріндегі киелі аспаптың қай-қайсысын алсаңыз да қазақ мәдениетіне өшпес із қалдырған ұлылар мен жақсылар қолының табы бар.

Домбыра,

сен - халқымның аяулы әні,

Дауысың шалқып, кейде баяулады.

Сен үшін әнші Мұса жапа шегіп

Айрылып "қанатынан" жаяулады, -

деп ақындар жырлағандай, көрмеде қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақыны Жаяу Мұсаның домбырасы музейдің асыл қорында сақтаулы екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен, ойға Әміре Қашаубаев оралады. Күй кешіне жиналған алматылықтар мен қала қонақтары осыдан бір ғасыр бұрын Париж төрінде ән салып, Еуропа халқына ұлттық аспапты паш еткен Әміренің домбырасын тамашалауға мүмкіндік алды.

Рухани кешке жиналған қалың жұрт алдымен бабаларымыз бар сыр-арманын түйіп кеткен домбыраларды қызықтаумен болды. Тозбай, бүлінбей бүгінгі ұрпақтың қолына жеткен қастерлі жәдігерлер қатарында қазақтың танымал тұлғалары: ұлы ақын Абайдың жары Ділдә Алшынбайқызы, КСРО халық әртістері Елубай Өмірзақов, Манарбек Ержанов, академик Қаныш Сәтбаев, ән падишасы Күләш Байсейітова, ақындар Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов, мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков, археолог-ғалым Кемел Ақышев, Қазақстанның халық әртістері Кәукен Кенжетаев, Қайрат Байбосынов, Мақпал Жүнісовалардың домбыралары ұсынылды.

Нағыз қазақ – домбыра Нағыз қазақ – домбыра Нағыз қазақ – домбыра

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source