авто

Переключатель языков

17.01.2023 ж Нұразхан Еркін Ибрагимұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған «КАРИКАТУРА ТАРЛАНЫ» көрмесі.

Белгілі суретші, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Ибрагимұлы Нұразхан қаламынан туған достық әзілдер мен карикатуралық суреттер көпшілікке кеңінен таныс.

Нұразхан Еркін Ибрагимұлының 70 жасқа толу мерейтойына арналған «КАРИКАТУРА ТАРЛАНЫ»көрмесі.

Карикатура - суретпен айтылатын әзіл, шарж. Осы жанрдың қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан сурет өнерінің шебері Еркін Ибрагимұлы биыл 70 жасқа толып отыр. Бүгін, 17 қаңтар күні сирек дарын иесінің мерейтойы және шығармашылық жолының 40 жылдығына орай «Карикатура тарланы» жеке көрмесі салтанатты түрде ашылды.

Еркін Нұразхан 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Жаңғызтал (бүгінгі Жетіарал) ауылында дүниеге келген. Оқушы кезінде «Батырлар жыры» кітабындағы иллюстрациялық суреттерді көшіріп алудың шебері болған Еркін Ибрагимұлы өсе келе жазушы болсам деп армандайды. Жанына қылқалам да, сия қалам да жақын болған.

1982 жылдан бері әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді. Сондай-ақ, оқырмандарға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары және деректі дүниелерімен танылған қаламгер.

Суретші барған тақырыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері саң қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түрлі-түсті қарындаштар. Карикатурашыны шығармашылыққа жетелеген де – өмірдің өзі.

Қоғам мен адам, саясат пен заман кеңістігінде қайшыласқан мүдделер майданы мен керағар көзқарастарды жіті бақылап, ақ-қарасын анықтап, ішке жиған-түйгенін ел назарына ұсынады.

Музей директоры Рашида Ерімқызы Харипова кіріспе сөзінде: «Көркемсурет шығармасының авторы көзімен көрген бейнені ғана салса, бүгінгі шарамыздың кейіпкері жастарды достыққа тәрбиелеуге еңбек сіңіріп жатыр. Көрерменін бей-жай қалдырмай қоғамымыз бен заманымыздың кілтипанын табуға үндеп, сол процестерге қатысуға, ой түюге, әркім өз тұғырын анықтап алуға шақырады. Содан да суретшінің азаматтық позициясы анықтала түседі. Ол әділдік пен адалдық, шындық пен ақиқат жағында болса, қара халықтың мұң-мұқтажын айтып, өмірдегі өзгерістерге солардың тұрғысынан қарап бағасын бере алса - нағыз халықшыл суретші, өз елінің патриоты деген сөз» - деді.

«Карикатура тарланы» көрмесі соның дәлеліндей көрерменін шыншыл да айқын сырларға толы дүниетанымымен табыстырады. Тәуелсіздік алған еліміздің дамуына кедергі келтірер керітартпа күштерді келекелеп көз алдымызға әкеледі. Бейғам да немқұрайлы жүрмей, еліміз бен жеріміз үшін белсенді күрескер болуға шақырады.«Өзіне өзі күле білген халық - ұлы халық» деп француздар айтқандай, күле білудің бір жолы осы карикатуралық туындылар. Карикатура – ащы айтылған сын. Дегенмен, Еркін Ибрагимұлы ащы шындықты астарлап, туындыларында образдар арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсете білген. «Шарж дегеніміз адамның сыртқы ұқсастығын жоғалтпай, ішкі портретін көрсететін жанр. Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе деймін. Құлағанды тұрғызу, қирағанды бүтіндеу, жылағанды жұбату, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек» - дейді суретші.

Құттықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова, Шығыс Қазақстаннан елдің ыстық сәлемін жеткізген облыстық мәдениет басқармасының Шығыс Қазақстан облыстық Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертанушы Қарагөз Сүлейменова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Болат Әшірбаев, Қазақстан Республикасының көркемсурет академиясының президентінің орынбасары Марлен Нысанбаев, Нелли Бубе және суретшілер Анарбек Нақысбеков, Қайырбек Закиров, Ғабит Ескенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Беделхан ел игілігі жолындағы Еркін Нұразханның атқарған еңбегін атап өтті.

Көрменің тұсауын кесу мәртебесі суретші, көрменің авторы Еркін Нұразхан, ағалары Семен Шериязданов және Атантай Мейірбаев ақсақалдарымызға берілді. Музей қорына Е.Нұразханның сыйға тартқан 500 еңбегінің 200-ден астамы көрмеге қойылып, көрермен назарына ұсынылды.

Шараны әдемі әнмен әрлеп, жырдан шашу шашып, өнерімен көпшілікті тәнті еткен әнші Қарагөз Сүлейменова, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, «Тарбағатай таулары» әннің авторы, композитор Болат Әшірбаев, айтыскер ақын Хазірет Бердіхан және Еркін Ибрагимұлының немерелері болды.

Шараға зиялы қауым өкілдері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясы колледжінің студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Көрме 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source