авто

Переключатель языков

07.06.2023 ж. ТҮРКСОЙ ҰЙЫМЫНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ "МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ӨРКЕНИЕТ" АТТЫ КӨРМЕ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ ӨРКЕНИЕТ» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш іс-шара ТҮРКСОЙ-дың 30 жылдығына орай Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Түркі елдерінің басын біріктіретін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының басты мақсаты - түркі халықтарына ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу. ТҮРКСОЙ ұйымы өз қызметі арқылы түркі елдері мен халықтарын түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамытуға, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтап, насихаттауға жұмылдырып келеді.

Көрмені ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы – Сұлтан Раев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице министрі Ержан Мәлікұлы Еркінбаев және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Әділханұлы Жүдебаев салтанатты түрде ашты.

Шара аясында Нұрбақыт Бөкебаев, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Қайрат Мұқанов, Айса Оразхан, Данияр Шәріпов, Ләззат Сағындықова, Рашида Харипова сынды мәдениет және өнер қайраткерлері ТҮРКСОЙ ұйымының мерекелік медалімен марапатталды.

Тарихи және мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мақсатында ҚР MОМ ТҮРКСОЙ ұйымымен ұзақ жылдар бойы тығыз байланыс орнатып келеді. Осыған дейін ТҮРІКСОЙ-дың қолдауымен ғылыми және білім беру форумдары (Алматы, 2013, Прага, 2019, Бурса, 2022, Будапешт, 2023), сондай-ақ Стамбулдағы Түркі және Ислам мәдениеті музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени бейнесі» (2018) атты көрме өткен болатын. ҚР МОМ ұжымы биыл да осы дәстүрден жаңылмай, «Мыңжылдықтар тоғысындағы өркениет» атты көрме ұйымдастырып, әлемдік өркениеттің бастауы болған байтақ даламыздың материалдық мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттарды көпшілікке ұсынды.

Көрмедегі басты жәдігер – Алматы облысы, Есік қорғанынан табылып, Кемел және Әлішер Ақышевтардың ғылыми жобасы бойынша жаңғыртылған «Алтын адам». Сондай-ақ ерте темір дәуірі яғни сақтар мәдениетіне тән кезеңді қамтитын Алматы қаласынан және оның маңынан табылған бірегей артефактілер, жылқыны алғаш болып қолға үйреткен Ботай қонысының құнды қазыналары мен Орта ғасырлық ұлы «Жібек жолы» бойындағы қалашықтардан табылған тарихи жәдігерлер де көрмеден көрнекті орын алды. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі мәдениетін айшықтайтын бірегей экспонаттар – ұлттық музыкалық аспаптар, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы, философ, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы секілді түркі әлеміне ортақ тұлғалардың қолжазбалары, бейнелеу өнері туындылары, тұрмыстық заттар мен зергерлік бұйымдар, дәстүрлі киім үлгілері, кілем және киізден жасалған заттар т.б ҚР МОМ қорынан алынған 100-ден астам бұйымдар ұсынылды.

Көрме аясында тарихи жәдігерлерді қайта жаңғыртушы реставраторлар да өз жұмыстарын ұсынып, реставрация саласының көпшілік біле бермейтін қыр-сырымен бөлісті.

Көрменің мақсаты: тарихи-мәдени мұраны насихаттау, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту және түркі мәдениетін халықаралық аренада ілгерілету.

nyurksoi-30 tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30
 tyurksoi-30  tyurksoi-30

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source