авто

Переключатель языков

16.11.2023 ж . Студенттер күніне арналған «МУЗЕЙДЕГІ СОЛ БІР КЕШ» мәдени-танымдық іс-шарасының БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

2023 жылдың 16 қарашасы күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен және Министрлікке қарасты жоғары оқу орындарының қатысуымен Студенттер күніне арналған «Музейдегі сол бір кеш» атты мәдени-танымдық шара өтті. Жобаның бас серіктесі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы.

Шараның басты мақсаты – студенттерді халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен таныстыру, жастардың рухани білімін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және музейдің жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту. Сондай-ақ, аталмыш жоба ата-бабаларымыздан жеткен тарихи мұралар мен құндылықтарды құрметтейтін мамандарды қалыптастыруға, студенттердің музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Мерекелік кеш Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің орындауындағы классикалық вальс биімен басталды. Кештің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Орталық музейдің директоры Р.Е.Харипова мен жобаның бас серіктесі Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының әлеуметтік-тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі бөлім басшысы Н.Қ.Сағынаев студенттерге оқуда табыс тілеп, мерекенің құрметті қонақтары ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Әбділмановқа, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, еліміздің түрлі сахналарында 200-ден астам театр қойылымдарын жүзеге асырған Қазақстанның белгілі сценографы Есенгелді Тұяқовқа және кәсіпқой боксшы Қанат Исламға алғыс хаттар табыс етті.

Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген мәртебелі қонақтармен кездесу музейдің залдарында жалғасты. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Әбділманов актерлік шеберлік, актерлік өнер шеберханасы туралы әңгіме қозғаса, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 200-ден астам театр қойылымдарын жүзеге асырған Қазақстанның белгілі сценографы Есенгелді Тұяқов сахнаны безендіру мен көркем образдарды жасау құпияларымен бөлісті. Аты аңызға айналған сценографпен кездесу оның шығармашылығына арналған «Сценография: сахнада 50 жыл» көрмесінің аясында өтті. Мұнда көпшілік назарына Есенгелді Жұмағұлұлы жасаған сахналардың эскиздері мен макеттері, кейіпкерлердің түрлі костюмдері ұсынылды.

    

Жоба аясындағы тағы бір айтулы мереке - «Домбыра пати» сайысы. Бәсекеге қатысушылар Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы және Біржан салдың домбыраларының көшірмелерінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Ал «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынына қатысқан жастар тапқырлықтары мен білімдерін паш етсе, көңілді тапқырлар «Музей кубогі» үшін өткізілген КВН сайысында бақ сынады. Шараның белсенді қатысушыларына түрлі бағалы сыйлықтар мен музейдің алтын және антропология залдарына тегін билеттер сыйланды.

Жоба барысында студенттерге арналған шеберлік сабақтары да ұмыт қалған жоқ. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы Сәндік өнер кафедрасының зергерлік өнер лабораториясының меңгерушісі Е.Қ.Тәжібаев білезіктерге ою салу бойынша сабақ өткізсе, Б.Қоңыр, Е.Бақытжан, Е.Ақасин сынды шеберлер керамика, әшекей бұйымдары мен киіз өңдеудің құпияларымен бөлісті. Сондай-ақ, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жанындағы «станокта сурет салу» мамандарын дайындайтын колледж ұстаздары мен шәкірттері кескіндеме бойынша шеберлік сабағын өткізді. Шара барысында «Этно тақия» ЖК ұсынған ұлттық бас киімдер мен «Атоми» компаниясы ұсынған косметикалардың сатылым көрмелері ұйымдастырылды.

Байқаулар мен сайыс жеңімпаздары Алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталған кеш мерекелік концертке ұласты.

Шара демеушілері: ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Кітап палатасы, «Мектеп баспасы» ЖШС, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, Жазушылар одағы, «Атоми» компаниясы, «Этно тақия» ЖК.

«Музейдегі сол бір кеш» мерекелік шарасына ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Академиясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің, Қазақ Халықаралық қатынастар университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университетінің, Халықаралық білім корпорациясының, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің және Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

 

культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»
культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»
культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш» культурно-просветительский вечер «Музейдегі сол бір кеш»

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source