авто

Переключатель языков

27.09.2024 ж. «Кемел Ақышев – Қазақстан археологиясының темірқазығы» көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі (әрі қарай – ҚР МОМ) 2024 жылы 27 қыркүйек, сағат 15.00-де көрнекті ғалым, археолог Кемел Ақышевтің 100 жылдық мерейтойына орай Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты ұйымдастырған «Қазіргі кезеңдегі Еуразия археологиясының көкжиектері мен парадигмалары» халықаралық симпозиумы аясында «Кемел Ақышев – Қазақстан археологиясының темірқазығы» көрмесін ұйымдастырады.

afisha Akishev 27.09.2024Көрме музейдің археология, этнография, фотоқұжаттар қоры материалдары мен ғалымның ғылыми еңбектері – монографиялары, мақалалары, кітаптардан алынған иллюстрациялары негізінде құрылды.

Кемел Ақышевтің есімі Қазақстанның академиялық археологиясын ұйымдастырушы, отандық гуманитарлық ғылымның дамуына зор үлес қосқан ғалым ретінде кеңінен танымал. К.А. Ақышевтың ғылымда қалдырған мұралары әлемдік мәдениеттке қосқан баға жетпес қазына саналады.

К. Ақышевтің ғылыми зерттеу ауқымына Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері; ерте темір дәуірінде Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ескерткіштері, атап айтқанда олардың әлеуметтік-экономикалық, материалдық және рухани өмірімен байланысты мәселелері; сондай-ақ қазақ тарихымен тікелей байланысты ортағасырлық, кейінгі ортағасыр мен қазіргі заманның этнографиялық ескерткіштері кірді.

Көрменің мақсаты: ғалым Қ.Ақышевтың өмірі мен кәсіби жолын көрсету, сондай-ақ оның Қазақстан мен жалпы ежелгі және ортағасырлық Еуразияның мәдени-әлеуметтік-саяси генезисін зерттеудегі отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін насихаттау. Көрменің маңызды мақсаттарының бірі – келушілерді ғалым Қ.Ақышевтың өмірі және ғылыми қызметімен таныстыру.

Көрме материалдары алты кешенмен көрсетілетін болады:

І. Орталық Қазақстан археологиялық экспедицияларының, атап айтқанда К. Ақышев 1951-1952 жылдары басқарған Нұра экспедициясының Нұра, Шерубай-Нұра, Жақсы мен Жаман Сарысу өзендері аңғарларындағы қорымдардан жинаған материалдары;

ІІ. Іле археологиялық экспедициясының (1954 ж.) Жетісу аумағындағы үйсіндердің материалдық мәдениетін бейнелеуге, оның эволюциясын бақылауға мүмкіндік беретін ескерткіштерінен жинастырған материалдары;

ІІІ. Бесшатыр қорғанындағы жерлеу орнынан алынған Тянь-Шань шыршасының бірнеше бөренелері;

IV. 1956-1991 жылдардағы Жетісу археологиялық экспедициясының материалдары –сақтардың Сарытоғай қонысынан алынған материалдары (б.з. I-III ғғ.); 1985 жылы түсірілген қыстаулардың топографиялық жобалары, суару құрылыстары, су диірмендері, ірі тас блоктардан жасалған қоршаулардың суреттері; әртүрлі кезеңге жататын Сұлу Қоян қорымының қазба материалдары; 1982 жылдың көктемінде Шеңгелді ауылының шетінен анықталған XIII-XIV ғасырларда өмір сүрген белгісіз Шыңғыс әулеті билеушісінің жерлеу орны;

V. 1969-1976 жылдардағы Отырар археологиялық экспедициясының материалдары. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы ұйымдастырылып, 1971 жылы ҚазКСР ҒА Атом энергиясы институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы болып өзгертілді. Негізгі зерттеу нысаны – Отырар төбе қалашығы деп белгіленді. Ескерткіш аумағын аэрофототүсіру жұмыстары жасалып, бірнеше жерде археологиялық зерттеулер жүргізілген;

VI. К.А. Ақышевтің фотоқұжаттары мен жеке заттары. Қ.Ақышевтың өмірбаяны мен шығармашылық мұрасына байланысты – ғалым өміріндегі басты оқиғаларды бейнелейтін фотосуреттер, жеке заттары, құжаттары, медальдары, марапаттары мен дипломдары ұсынылады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source