авто

Переключатель языков

04.10.2024 «Шетелдің архивтік қорларындағы Еуразия тарихы» көрмесі

2024 жылғы, 4-қазан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен орталық музей бірлесіп ұйымдастырған «Шетелдің архивтік қорларындағы Еуразия тарихы» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара «Қазақстан және Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы шетелдің архивтік қорларының жинақтарында» ғылыми жобасының шеңберінде өткізілді. Көрмеде ерте заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің объективті тарихын қалпына келтіру мақсатында, шетелдің архивтері мен қорларынан алынған тарихи жәдігерлердің бірегей көшірмелері ұсынылды.

Көрмеде ішкі Монғолияның тарихи музейінде сақталған б.з.д III ғасырдағы ғұн тәңірқұтының алтын тәжі, Францияның Лувр музейіндегі Қ.А. Йассауи кесенесіне арнап жасалған Әмір Темірдің есімі бар майшамның фотосуреті, Иранның «Менджлис» кітапханасындағы Исмаил хан, Шайбани, Қасым ханға қатысты тарихи деректер жазылған кітаптардың т.б қолжазба деректердің фотосуреттері мен көшірмелері ұсынылды. Қытай, Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Италия, Дания, Швеция және Венгриядағы қорлардан алынған архивтік құжаттар және ішіне миниатюралар, картиналар, фотосуреттер мен бұйымдар кіретін визуалды артефактілер мен экспонаттар қазақтардың Еуразияның басқа халықтарымен тарихи байланыстарын дәлелдейді.

04.10.2024a 04.10.2024b
04.10.2024c 04.10.2024d
04.10.2024f 04.10.2024j

Шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон ашып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Ол көрмеде ұсынылған бірегей құжаттар мен фотоматериалдар көпшіліктің назарын аударып, өлкеміздің тарихын тереңірек түсінуге көмектесетініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу бойынша республикалық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Әбусейітова Меруерт Қуатқызы және Белгиядағы Лувен Католик Университетінің докторы, профессор Анн-Мари Вилемено сөз сөйлеп, аталмыш жоба Қазақстанның бай тарихын паш етіп қана қоймай, жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық идеяны қалыптастыру мен әлеммен мәдени байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам екенін баса айтты.

Көрменің мақсаты – көне және ортағасырлық дереккөздер призмасы арқылы ертеден қазіргі заманға дейінгі қазақ мемлекеттілігі тарихының шынайы бейнесін қалпына келтіру. Көрмеде қазақтың этногенезі, мәдениеті және мемлекеттік дәстүрлерін зерттеуде құнды мағлұмат болып табылатын қытай, түркі, моңғол, иран және араб дереккөздерінің материалдары бар. Пәнаралық тәсілдер мен жаңа әдістемелік негіздердің арқасында, бұл материалдар Ұлы дала аумағындағы тарихи процестер мен оның іргелес аймақтардағы мәдени әсерін тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.

Іс-шара шеңберіндегі «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті бойынша карталар каталогы (ерте заман, орта ғасырлар, жаңа заман)» – көрменің өзекті оқиғаларының бірі болды. Бұл каталогқа Еуразиядағы геосаясат, мәдени трансформациялар және халықтар әрекеттестігіндегі өзгерістерді көрсететін бірегей карталар енген. Каталог Ұлы дала тарихы және мәдениетімен айналысатын ғалымдар, тарихшылар және жалпы жұртшылық үшін құнды дереккөз болмақ.

Қазақ хандығы тарихы және оның көршілес мемлекеттермен қатынасы, сондай-ақ, қазақтардың мемлекеттік құрылысы және этникалық сәйкестілігі мәселелеріндегі түйінді сәттерінің басын ашатын «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған материалдарға айрықша назар аударылады. Көрмеде заманауи Қазақстандағы ұлттық сәйкестілікті қалыптастыруға негіз болатын тарихи сабақтастық пен мәдени әрекеттестіктің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінген.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source