авто

Переключатель языков

19.03.2021 «МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН…» атты көрме

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2021 жылдың 19 наурызы күні сағат 15.00-де ҚР МОМ қорындағы қалпына келтірілген кілем және тоқыма бұйымдарының негізінде «МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН…» атты көрме ашылады.

«МАСАТЫДАЙ ҚҰЛПЫРҒАН…» атты көрмеҚазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі (әрі қарай – Орталық музей) қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тарихи-мәдени артефактілерді қалпына келтіру болып табылады. Қалпына келтіру жұмыстары тарихи, мәдени, музейлік маңызы бар музей заттарының бұзылуының алдын алуға, сондай-ақ оларды ұзақ уақыт сақтаудың оңтайлы жағдайларына қол жеткізуге бағытталған. Осы орайда, музей қорында сақталып келген музейлік бұйымдар мен заттардың жай-күйі және олардың әрмен қарайғы «өмірі» қалпына келтіру (реставрация) жұмыстарының қаншалықты жолға қойылғанына тікелей байланысты.

Орталық музейде Қалпына келтіру бөлімінің негізі 1986 ж. қаланған. Аталмыш бөлімнің қалыптасуына ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен тәжірибелі мамандардың тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту, қалпына келтірудің қыр-сырын, тәсілдерін игерудегі атқарған мол еңбектері сіңді. Қазіргі кезде музейде кескіндеме, графика, қыш, мата бұйымдары, кілем-киіз, т.б. құндылықтар түрлері бойынша маманданған 8 біліктілігі жоғары суретші-қалпына келтіруші жұмыс жасайды.

«Масатыдай құлпырған...» қалпына келтірілген кілем және тоқыма бұйымдары көрмесі аталмыш бұйымдардың музейге келіп түскен сәтінен бастап, ұзақ жылдар бойы сақталуына ат салысқан музей реставраторларының кәсіби шеберлігінің құпияларын ашады. Қалпына келтірушілер атқарған жұмыстар нәтижесінде «екінші өмір сыйланған» музейлік бұйымдар тұрақты экспозициялар мен тақырыптық көрмелерге кеңінен қойылады.

Көрменің мақсаты: ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қоры негізінде қазақ халқының кілем және тоқыма бұйымдарының тіршілікқамы функциясын, сонымен қатар, олардың жасалу материалдары мен техникасын, қолданыс аясын, шаруашылық, тұрмыстық және т.б. функцияларын ашу және дәстүрлі кілем тоқу мәдениетінің алуан түрлілігін көрсету болып табылады. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық мәдени игілігі болып табылатын аталмыш құндылықтарды жандандырудағы қалпына келтірушілердің күрделі жұмыстарымен таныстыру.

«Масатыдай құлпырған...» көрмесінің экспозициясына алғаш рет еліміздің оңтүстік, солтүстік және батыс өңірлері дәстүріне сай тоқылған, көркемдік-тарихи маңызы жоғары бірегей қазақ кілемдерінің бірегей коллекциясы ұсынылады. Ал, көрмеге келушілерге Қазақстанның әр өңіріндегі кілемдердің сипатын, стилін және жасау техникасын салыстырып қана қоймай, сонымен қатар, қазақ киіз үйінің жабдықтары мен интерьерінің осы міндетті элементінің барлық алуан түрлерін көруге, олардың функционалдық мақсатын тануға мүмкіндік туады.

Көрме музей жұмысының түрлі қырлары мен «құпияларын», музейлік заттарды қалпына келтірудегі барлық күрделі әрі көпсатылы жұмыс барысын көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source