14.06.2024 ж. Ислам руханияты көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі барша мұсылманның ұлық мейрамы Құрбан айт мерекесіне орай, «Ислам руханияты» көрмесін ашты.
Алғашқы құттықтау сөйлеген Орталық музей директоры Рашида Ерімқызы Харипова, ислам бүкіл адамзаттың рухани өмірінің кемелденуіне және мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосқанын айта келіп, қазақ халқының да діни, саяси, мәдени, тілдік және әлеуметтік қарым-қатынастарына зор ықпал еткенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ қазіргі уақытта түрлі ағымның жетегінде кеткен жас буынды ислам мәдениетімен сусындатуда осындай шаралардың маңызды рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар, шараның құрметті қонақтары белгілі теолог, Құран кәрімді алғаш рет қазақ тіліне аударған Халифа Алтайдың ұлы Әбдірахим Алтай, шығыстанушы-тарихшы, РhD докторы Өмір Оразұлы, Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану орталығының директоры Шағырбай Дүйсенбекұлы және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы, дінтанушы, Жүзей Аманқұлұлы арнайы сөз сөйлеп, көрмеге қойылған бірегей жәдігерлердің құндылығын түсіндірді.
Көрме төрінен орын алған экспонаттарды мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құрандар, тәпсірлер, мұхаммадия және мұхтасар кітаптар, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар деп бірнеше топқа бөлуге болады.
Көрермендер назарына алғаш рет ұсынылып отырған бірегей құнды жәдігер – бұрама қағаз түрінде жасалған пайғамбарлар шежіресі (ұзындығы – 4 м, 45 см., ені – 25 см.). Қолжазбада Адам Атадан бастап Мұхаммедті қоса алғанда 25 пайғамбар әулетінің, төрт әділ халифаның және ортағасырдағы сопылық ағымның ұстазы Жәлаладдин Румидің шежіресі қамтылған.
Сондай-ақ, көрмеде орама қағаз түрінде жасалған ерекше қолжазба Құран нұсқасы (ұзындығы – 9 м, 50 см., ені – 2,5 см.) қойылды. Құранда 114 сүре мәтіні өте ұсақ әріптермен бөлек-бөлек жазылған және Алла Тағаланың төрт көркем есімі берілген.
Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ қордағы Құрандардың ең көнесі 1054 һижри/1643 миләди жылдары жарық көрген. Сонымен қатар шығыстың көне қалалары Стамбул, Бомбей, Мысыр баспаханаларында, Ресейдің Петербор, Қазан сияқты ірі орталықтары мен Омбы, Орынбор, Ташкент, Самарқанд шаһарларының табиғханелерінде (баспа) басылып шыққан Құран кітаптар мен әртүрлі діни мазмұнды басылымдар құнды мұра ретінде аталмыш көрмеден көрнекті орын алды.
Құран Кәрімге арналып жазылған тәпсірлер, дұғалар жинағы, Адам атадан ХІХ ғасырға дейінгі кезеңдерді қамтитын қысқаша тарихи шолу басылымы, музей қорына Мәшһүр Жүсіп Көпеев кітапханасынан келіп түскен мухаммадия кітабы, Мұхамеджан Сералин жазған «Қожалар шежіресі» көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Көрме 2024 жылдың 1-ші шілдесіне дейін жалғасады.