Купить билет
Меню
Купить билет

15.10.2026 Выставка «КИНО ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҚТАРЫ»

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде қазақ кәсіби театр және кино өнерінің қалыптасуына айрықша үлес қосқан Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 130 жылдығына, қазақ операсы, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына арналған «КИНО ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҚТАРЫ» атты мерейтойлық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Көрме Қазақ киносының қалыптасу тарихы ұлттық театр өнері, опера мәдениеті және режиссура мектебінің дамуымен тығыз байланысты. XX ғасырда қазақ мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан сахна шеберлері мен кинорежиссерлер ұлттық кино мектебінің қалыптасуына негіз қалап, кәсіби өнердің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашқан тұлғалардың шығармашылығымен танысты.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің ғалым хатшысы Ерсін Маралбекұлы Жайнақов сөз сөйледі. Сондай-ақ іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Айдос Бектемір, «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз хатшысы Надира Жамбекқызы Сәдуова, Серке Қожамқұловтың қыздары Салиха Серәліқызы Рымжанова мен Мәрия Серәліқызы Қожамқұлова, сондай-ақ Кәукен Кенжетаевтың немересі Әсел Кәукенқызы Кенжетаева қатысты. Қонақтар өз сөздерінде көрменің тарихи-мәдени маңызына тоқталып, қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар мұндай мәдени іс-шаралардың өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға қосар үлесін ерекше атап, көрмені ұйымдастырған музей қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Көрмеге жалпы саны 150-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Серке Қожамқұловтың қызы Мариямнан уақытша алынған 20-дан астам жеке заты, оның ішінде киімдері мен күнделікті тұрмыста тұтынған бұйымдары бар. Сондай-ақ актердің шығармашылық жолындағы жетістіктері мен марапаттары, ордендері мен медальдары, 1936 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақ КСР-інің Халық әртісі атағына ие болғанын растайтын құжат көрменің негізгі бөлімінен орын алды. Көрмеден драматург, жазушы Шахмат Құсайынов пен актриса Бикен Римованың ұлы Көбей табыстаған «Атымды қойға атама Көбейден» деген жазуы бар шапанды да көруге болады.

Сонымен қатар көрермен назарына Каукен Кенжетаевтың өз бастамасымен музей қорына тапсырған жеке заттары да ұсынылды. Олардың қатарында өзі тұтынған домбырасы мен киімдері, фотоқұжаттары, сондай-ақ 1992 жылы шәкірттері сыйға тартқан қаламсап бар.

Көрменің ашылу салтанатында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестірінің әртістері: Бектасов Ақылбек, Шынаров Азамат, Ибрагимов Ақтөре және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Әмина Әбдилбекова, Ислам Сайполда өнер көрсетті.

Көрме барысында келушілер қазақ театр және кино өнерінің қалыптасу кезеңдерімен танысып қана қоймай, сол дәуірдің тынысын сезінуге, өнер қайраткерлерінің кәсіби жолы мен шығармашылық болмысын айқындайтын тарихи жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алды.

«Кино өнерінің саңлақтары» көрмесі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің балконында орналасқан