Билеттер
Мәзір
Билеттер

16.10.2026 ж. Суретші Гүлмира Тұрсынқызы Садыкованың «ИНЕ СЫРЫ – ҚУЫРШАҚ ЖАНЫ» атты жеке көрмесі

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде суретші, сәндік-қолданбалы өнер шебері әрі зерттеуші Гүлмира Тұрсынқызы Садыкованың «ИНЕ СЫРЫ – ҚУЫРШАҚ ЖАНЫ» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрме экспозициясы тегіс тігісті кестелеу өнері мен интерьерлік қуыршақтар коллекциясын біріктіріп, келушілерді автордың сан қырлы шығармашылық әлемімен таныстырады. Кесте туындылары орындау шеберлігімен, көркемдік бейнелерінің айқындығымен және түстер үйлесімінің байлығымен ерекшеленсе, қуыршақтар топтамасы пішіндер мен бейнелердің алуан түрлілігін, эстетикалық талғам мен мәдени дәстүрлердің әсемдігін танытады.
Көрме автордың өнерге деген сүйіспеншілігін, әрбір бөлшекке деген ұқыптылығын және адам қолымен жасалған сұлулықты көпшілікке танытуға деген ұмтылысын айқындайды.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі директорының орынбасары Асқар Мұратұлы Ахманов, Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Назым Кабдешұлы Ұздыбай, Садыковтар отбасының досы, белгілі композитор Нағым Меңдіғалиевтің ұлы Қайрат Нағимұлы Меңдіғалиев, АЗТМ зауытының бас директорының орынбасары Асхат СейсенғазыұлыТілеубердиев, дағдарыс психологы, Қазақстан Аналар кеңесінің мүшесі Әсел Пірімжанқызы Муслимова және көрме авторының жұбайы Пірімжан Сайыпұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Қонақтар Гүлмира Тұрсынқызын жеке көрмесінің ашылуымен құттықтап, оның шығармашылық еңбегінің маңызын атап өтіп, алдағы жұмыстарына толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
Салтанатты рәсім соңында Гүлмира Тұрсынқызы Садыкова көрермендерге алғысын білдіріп, өзінің шығармашылық ұстанымы мен өнерге деген сүйіспеншілігі туралы ой бөлісті.
«ИНЕ СЫРЫ – ҚУЫРШАҚ ЖАНЫ» көрмесі – шеберлік, шабыт пен авторлық көзқарас тоғысқан, келушілерге әсемдік әлемін танытатын ерекше мәдени кеңістік.
Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі көрме авторына, құрметті қонақтарға және іс-шараға қатысушылардың барлығына жылы лебіздері, шынайы құттықтаулары және музейдің мәдени өміріне қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.
Көрме 2027 жылғы 30 қазанға дейін жалғасады.