2026 жылғы 16 мамыр күні сағат 14:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде 18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «АЗИЯ ӨНЕРІ» атты көркемөнер көрмесі ашылады.
2026 жылғы Халықаралық музейлер күнінің тақырыбы, Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) жариялағандай – «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер». Бұл тақырып музейдің мәдени диалог пен шығармашылық өзара іс-қимыл алаңы ретіндегі ерекше миссиясын айқындай отырып, мәдениеттерді жақындастыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. «АЗИЯ ӨНЕРІ» көркемөнер көрмесі бұл идеяны Азия елдерінің мәдени мұрасын, олардың дәстүрлері мен эстетикалық алуан түрлілігін танытатын, материалдық әрі рухани мәдениетін бейнелейтін көркем туындылар арқылы ашады. Жоба мәдениетаралық диалогты нығайтуға және өнердің қазіргі әлемді біріктіруші күш ретіндегі рөлін пайымдауға бағытталған.
«АЗИЯ ӨНЕРІ» – кескіндеме, графика, қолданбалы өнер мен мүсін өнерінің өткінші сәтті мәңгілік бейнеге айналдыру мүмкіндігін зерделейтін арт-жоба. Жоба күнделікті өмір көріністерін, сан алуан тақырыптағы сюжеттер мен образдарды, қоршаған ортаны қабылдауды, сондай-ақ адам жанының нәзік иірімдері – жарқын эмоциялар мен терең сезімдерді мәңгілік мәнге ұластыруға арналған. Туындылар призмасы арқылы суретшілер шынайы сұлулық пен адамзаттық құндылықтардың күнделікті өмірде жасырынғанын көрсетіп, көрерменді баяулап, әрбір сәттің қайталанбас құндылығын терең сезінуге шақырады.
Адам жаны қарапайым әрі шынайы сәттерден – балалық шақтың естеліктерінен, алыс көкжиекке қадалған бүркітшінің жанарынан, шөлді қандырар бір жұтым судан, қар үстінде жүйткіген ұлттық көкпар ойынына қатысушылардың еркіндігінен, қала бағындағы гүл ашқан алма ағашынан, ұлан-ғайыр дала төсін көмкерген алқызыл қызғалдақтардан, Көлсай көлінің терең тылсымынан, Қорқыт туралы аңызды жеткізген жел сыбдырынан, тоғандардағы лотос гүлдерінің құлпыруынан және күтпеген қуанышты хабардан тұратын сан алуан сезім мен шаттыққа бөленеді.
«Тоқта, сәт, сен ғажапсың», – деп атап өтеді көрменің өз қатысушылары.
Көрменің мақсаты – шағын бір сәттің өзі адам өмірінің бір бөлшегі әрі оның терең мәні екенін көрсету.
Экспозицияда Алматы, Астана, Өскемен, Павлодар, Шымкент, Қонаев, Екібастұз және Тараз қалаларынан қазіргі қазақстандық бейнелеу өнері шеберлерінің 100-ден астам туындысы ұсынылады. Олардың қатарында: Abtu Anet, Елена Панина, Ирина Уразбекова, Юлия Чубуткина, Эльвира Данибекова, Татьяна Шестакова, Анна Мунасап, Зарина Нургалина, Ольга Джанабаева, Диана Шайхеслямова, Әлима Амангелді, Альфия Сафи, Жанат Табылдиева, Диана Каплун, Гузаль Исхакова, Алпамыс Кенбаев, Анастасия Михайлова, Альбина Баймагамбетова, Галина Пащенко, Милана Кенбаева, Айман Бекжанова, Жанел Сланова, Динара Закарадзе, Арина Зырянова, Алина Татарова, Алиасқар Мусаев, Екатерина Прохорова, Лаура Сатпаева, Ольга Чукреева, Юрий Бурмистров, Айкерім Табетова, Дина Гаитова, Әйгерім Әсемхан, Светлана Савчук, Юлия Эфман, Елена Каркавина, Дамир Құралбаев, Гүлнара Тлеулина, Александр Матвеенко, Асем Мырзахмет, Аружан Маликова, Анель Абенова, Малика Мұрат, Тоғжан Абдықұл, Камилла Тлеулина, Зарина Чукитаева, Толқын Қайранбай, Қанат Садуақасов, Әсел Анвар, Алуа Ахмади, Еңлік Ахмолдаева, Феруза Сутурина бар.
Суретшілердің туындылары уақыттың баяу әуеніндей сезіледі. Әрқайсысы өзінше дара болғанымен, барлығы ішкі толғаныстың көзге көрінбес бір арқауымен өзара байланысқан. Түс, фактура және техникадағы батылдық пен нәзіктік арқылы олар өткінші сәтті ұстап қалғандай әсер қалдырып, әлемнің тынысын, мезеттің жылуын, өмірдің лүпілін бейнелейді. Бұл бейнелерде эмоциялар, естеліктер және жеке тағдырлардың жаңғырығы тоғысады. Әртүрлі жанрлар болмыстың сан қырын аша отырып, әрбір сәтті халықтың мәдени жадысында сақталатын ізге айналдырады.
Көрме 2026 ж. 1 маусымына дейін жалғасады.