2026 жылғы 19 қыркүйекте сағат 14:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Алматы қаласы күніне арналған «ASIA ART» шығармашылық тобының «Күзгі вернисаж» атты өнер туындылары көрмесі ашылады.
Көрменің тұжырымдамасы Алматыны күзгі бояулар мен қалалық кеңістіктің өзара үндестігі арқылы танытуға негізделген. Мұнда күздің қызыл күрең және алтын түстері қаланың сәулеттік әрі мәдени мұрасымен астасып жатады. Күз – мұнда ерекше көңіл күй сыйлайтын мезгіл. Ол апорттың хош иісімен, таудың салқын самалымен және көне аллеялардағы жапырақтардың сыбдырымен үндеседі.
Бұл – жаңа бастамалар мен жаңарудың, ой елегінен өткізіп, қайта пайымдаудың кезеңі. Ата-бабаларымыздан келе жатқан бұл дәстүр бүгінде суретшілердің шығармашылық өмірінде де жалғасын тауып отыр. Күздің келуімен жаңа шығармашылық кезең басталып, суретшілердің жаңа скетчбук ашып, ақ кенеп әзірлеп, жаңа материалдар мен техникаларды сынап көруге деген құлшынысы арта түседі. Бұл – туындыларын көпшілік назарына ұсынып, әріптестерінің жұмыстарымен танысып, жаңа идеялардан шабыт алып, сүйікті ісін одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін кезең.
Көрменің негізгі мақсаты – қаланың өзгермелі келбетін, оның сәулетін, атмосферасы мен мәдени өмірін бейнелеген суретшілер буындарының шығармашылық сабақтастығын көрсету. Сонымен қатар Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына қарым-қатынас жасауға, өнерді тамашалап, шабыт алуға мүмкіндік беретін жайлы көркемдік кеңістік қалыптастыру.
Экспозицияда заманауи қазақстандық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындыларымен қатар, мүсін өнерінің таңдаулы жұмыстары да ұсынылады. Көрмеге Тараз, Алматы, Астана, Өскемен, Павлодар, Екібастұз және Қонаев қалаларынан келген суретшілер қатысады: Елена Панина, Abtu Anet, Диана Шайхеслямова, Айкерім Табетова, Ольга Джанабаева, Ольга Чукреева, Анна Мунасап, Арина Зырянова, Диана Каплун, Гузаль Исхакова, Райхан Адильжанова, Динара Закарадзе, Алпамыс Кенбаев, Карина Самарцева, Бахи Алтынсара, Альфия Сафи, Қанат Муратаев, Екатерина Прохорова, Светлана Савчук, Жарас Мамырбаев, Ирина Усова, Әліма Амангелді, Ирина Уразбекова, Ольга Маркичева, Елена Яцышина, Айгүл Рахманова, Галина Шепелева, Гаухар Жүнүсова, Лилия Мингазова, Галина Пащенко, Марина Молчанова, Майра Узбаева, Милана Кенбаева, Юрий Бурмистров, Марина Белоусова, Сауле Жумашева, Сарвар Накисбекова, Виктория Павленко, Елена Каркавина, Карина Битнер, Татьяна Шестакова, Алина Татарова, Берик Мурзагалиев, Айгуль Хакимжанова, Васелина Дмитриева, Айман Бекжанова, Алиаскар Мусаев, Жанат Табылдиева, Анастасия Борисова, Ботагоз Кешубаева, Жанель Сланова, Елена Фурса, Айгерім Әсемхан, Асем Заирова, Жанат Көшен, Эльвира Данибекова және Мұрат Байжанов.
70-тен астам туындыны қамтитын экспозицияда күзгі Алматының сан қыры жан-жақты көрініс табады. Көрмеге табиғат пен қалалық болмыстың өзара үндестігін бейнелейтін шығармалар, молшылық пен жылылықтың символы әрі қаланың тарихи брендіне айналған алманың архетиптік бейнесі, сондай-ақ натюрморттар, гүл композициялары мен арт-нысандар ұсынылған. Жанрлық кескіндеме мен қалалық графика қыркүйек күнінің алтын сәулесіне бөленген Алматы көшелері мен заманауи шағынаудандарының байыпты тіршілігі көрініс табады.
Көрмеде еркін тақырыптағы туындыларға да ерекше орын берілген. Бұл жұмыстарда суретшілер бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне назар аударып, шығармашылық мұраға жаңаша көзқараспен қарайды және қазіргі әлемнің алуан қырын зерттейді. Аталған бағыттар Қазақстандағы бейнелеу өнерінің дамуындағы заманауи үрдістерді танытады.
Көрме 2026 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Самал-1, 44.