2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Наурызнама» онкүндігінің Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Дәстүрлі киім – кез келген халықтың мәдени коды мен тарихи жадының айқын көрінісі. Ол арқылы ұлттың дүниетанымы, шаруашылық-тұрмыстық ерекшелігі, табиғи ортаға бейімделуі, әлеуметтік құрылымы мен эстетикалық талғамы танылады. Бүгінде түпнұсқа пішімі бұзылмаған дәстүрлі киім үлгілерін тек музей қорлары мен экспозициясынан, ал оның визуалды нұсқаларын мұрағаттық деректерден ғана кездестіруге болады. Екі ғасырлық тарихы бар ҚР Ұлттық орталық музейінде республика бойынша киімнің ең бай коллекциясы сақталған.
Көрменің мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі киімдерін ұлт мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде насихаттау және олардың заманауи сән кеңістігімен сабақтастығын көрсету.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры С. Саров сөз сөйлеп, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың ұлттық киім туралы тағылымды пікірлерін атап өтті. Сондай-ақ ол музейлердің ұлт мүддесі жолында атқарып отырған қызметіне назар аударды. Этнограф-ғалым, т.ғ.д., профессор А.Б. Қалыш ұлттық киімдерді мәдени жад пен ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды тәсілі ретінде талдап, дәстүрлі киімнің бүгінгі күнгі модернизациясы, яғни, дәстүрлі киімдерінің қазіргі заманғы өмір салтымен үйлесімді түрде қайта пішімделуі – дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне тоқталды. Мәселен, соңғы уақыттарға дейін ұлттық киімдер тек қана мерекелік шараларда немесе этникалық фестивальдарда ғана киілетін болса, қазіргі таңда күнделікті өмірде дәстүрлі элементтерді қосу арқылы киіну деңгейіне жеткен. Бұл өз кезегінде мәдени мұра мен жадты жаңғыртудың айқын көрінісі болып табылады.
Көрме экспозициясына ХІХ-ХХ ғасырлардағы киім-кешектер, атап айтқанда қалыңдық бас киімі – сәукелелер, зерлі, оқалы шапандар, сондай-ақ, дәстүрлі киімнің бірегей үлгілері: сеңсең тондар, ішіктер мен шапандар, бешпент, камзол, көйлектер, сондай-ақ, жырым балақ шалбарлар мен күдері шалбар (ХІХ ғ.) үлгілері қойылды. Дәстүрлі кимешек үлгілері аймақтар бойынша топтастырылып, балалар киімі көрсетілді.
Көрме экспозициясының елеулі бөлігіне киім дайындауға қажетті құралдар, сондай-ақ ХІХ-ХХ ғғ. шынайы келбетін бейнелейтін фотосуреттердің жасанды интеллект арқылы түрленген нұсқалары қойылды. Келушілерге фотосуреттердегі QR-кодтар арқылы түпнұсқа сурет пен оның сипаттамалық мәліметтерін жасанды зерде нұсқасымен салыстыра қарауға мүмкіндік жасалды.
Көрме аясында келушілерге тақырыпық экскурсиялар жүргізіліп, этнограф-ғалымдармен, этнодизайнерлермен сұхбаттасу, сонымен қатар ұлттық киім үлгілерінің дефилесі ұйымдастырылды.
Жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған бұл мәдени шара ұлттық мұраны жаңғыртуға, ұлттық мәдени мұраны сақтау және тарихи сананы нығайтуға ықпалдасатыны сөзсіз. Бұл қазіргі Қазақстанның даму стратегиясының басты бағыттарының бірі болып отыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында қазақстандық мәдениет пен бірегейлікті арттырудың маңыздылығы туралы айта келіп, «Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де жарасымды болатыны сөзсіз», – деп атап көрсеткен болатын. Шынтуайтында, қазақ халқының дәстүрлі киім-кешегі тарихи, әлеуметтік-антропологиялық, мәдени-антропологиялық, этнографиялық, экономикалық, тіпті белгілі бір мәселе бойынша әлеуметтік-географиялық сипаттағы сан алуан мәліметтер тоғысқан деректердің ерекше категориясы болып табылады.
Бұл күні музей қабырғасында әуезді ән шырқалып, ұлттық би биленді. Үлкен, кіші демей дәстүрлі киім үлгілерін киген көрермен бір-бірімен қауышып, марқайып қайтты.
Байланыс тел.: 8(727)264-09-66, 264-55-77