Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «ҚАЗАҚСТАН ГРАФИКАСЫ» республикалық көрме-биенналенің салтанатты ашылуы өтті. Бұл көрме – еліміздің бейнелеу өнеріндегі графика жанрының қазіргі даму үрдістерін айқындайтын, кәсіби суретшілер мен жас авторлардың шығармашылық ізденістерін тоғыстырған маңызды мәдени оқиға.
Экспозиция аясында Қазақстанның әр өңірінен келген қылқалам шеберлерінің 150-ге жуық туындысы ұсынылған. Көрмеде станоктық графиканың әртүрлі бағыттары мен техникалары қамтылып, авторлардың жеке қолтаңбасы мен заманауи көркемдік ізденістері айқын көрініс тапқан.
Айта кету керек, тәуелсіздік жылдары ішінде станоктық графикаға арналған мұндай ауқымды көрме екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл өз кезегінде жобаның маңызын арттырып, ұлттық графика өнерінің жаңа белестерін айқындауға мүмкіндік береді.
Жобаға еліміздің сегіз өңірінен 66 суретші қатысып, көрменің кең географиясын және ұлттық өнердің біртұтастығын паш етеді. Экспозицияда Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, белгілі өнер қайраткерлері, Қазақстан өнер академиясының өкілдері, «Алмалы палитра» шығармашылық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ станоктық графика саласында еңбек етіп жүрген жас буын суретшілердің туындылары ұсынылған.
Көрме қазақстандық графика өнерінің бүгінгі келбетін таныстырып қана қоймай, көрермен мен суретші арасындағы шығармашылық диалогты дамытуға, сондай-ақ ұлттық бейнелеу өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған.