2026 жылғы 17 маусымда сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Қазақстанның азаматтық авиациясының көрнекті қайраткері Ермек Сансызбайұлы Абдрамановтың өмірі мен кәсіби мұрасына арналған еске алу кеші өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын дамытуға, ұлттық авиациялық кадрларды даярлауға және отандық авиация саласының қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлғаның тарихи жадын сақтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ермек Сансызбайұлы Абдраманов – бірінші дәрежелі ұшқыш, Халықаралық көлік академиясының академигі, Азаматтық авиация академиясының профессоры, отандық азаматтық авиацияның ең беделді өкілдерінің бірі. Ол 36 жылдан астам кәсіби қызметінде Ан-2 ұшағының екінші ұшқышынан еліміздің ірі авиациялық құрылымдарының басшысына дейінгі еңбек жолынан өтті. Кең фюзеляжды Ил-86 ұшағын басқаруды меңгерген алғашқы қазақ ұшқышы ретінде танылды. Оның жалпы ұшу уақыты 20 мың сағаттан асты.
Еске алу кеші аясында Ермек Сансызбайұлы Абдрамановтың жеке мемориалдық кешенін музей қорына салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтеді. Мемориалдық кешенді оның жұбайы сыйға тартып, авиатордың кәсіби және қоғамдық қызметіне қатысты жәдігерлерді тұрақты сақтауға береді. Мемориалдық кешен құрамына жеке құжаттары, фотосуреттері, марапаттары, формалық киімдері және Ермек Сансызбайұлының өмір жолы мен көпжылдық қызметін айғақтайтын өзге де материалдар енеді. Тапсырылатын жәдігерлер музей қорын толықтырып, Қазақстан азаматтық авиациясы тарихын зерттеудегі құнды дереккөзге айналады.
Іс-шараға авиация саласының өкілдері, азаматтық авиация ардагерлері, Ермек Абдрамановтың әріптестері мен туыстары, қоғам қайраткерлері, музей мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.
Еске алу кешін өткізу және мемориалдық кешенді музей қорына қабылдау Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және бүкіл ғұмырын отандық авиацияны дамытуға арнаған көрнекті авиатордың есімін мәңгілікке ұлықтау ісіндегі маңызды оқиға болмақ.
Өтетін күні: 2026 жылғы 17 маусым.
Өтетін орны: Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі.