Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде 2026 жылдың 2 сәуірі сағат 15:00-де «ҚАЗАҚСТАН ГРАФИКАСЫ» атты бірегей республикалық көрме-биенналенің ашылуы өтеді.
Аталған көрме – Қазақстан бейнелеу өнерінің даму деңгейі мен заманауи бағыттарын айқындайтын маңызды мәдени оқиға. Экспозицияда Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері, еліміздің өнер қайраткерлері, Қазақстан өнер академиясының өкілдері, «Алмалы палитра» шығармашылық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ станоктық графика саласында еңбек етіп жүрген жас суретшілердің туындылары ұсынылады. Көрме көркемдік техникалардың алуан түрлілігін, авторлық көзқарастардың сан қырлылығын және тақырыптық ізденістердің кең аясын таныстырады.
Графика — аз ғана бейнелеу құралдары арқылы терең мағына тудыратын ықшам өнер түрі. Көркем туындылар қағаз бетінде де, әртүрлі материалдар қолданылған аралас техникада да жасалады, алайда олардың көркемдігі сызық пен штрих арқылы айқын көрінеді. Сыртқы ұстамдылықтың астарында жоғары дәлдік пен ерекше зейінді талап ететін күрделі, көпқабатты үдеріс жатыр. Сол себепті графикалық шығармалар тереңдік пен өзіндік бірегейлікке ие болады.
Айта кету қажет, Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жылдан астам уақыт ішінде толықтай станоктық графикаға арналған арнайы көрме тек екінші рет өткізіліп отыр. Бұл графиканың ұлттық өнер үдерісіндегі рөлін және оның жаһандық мәдени контексттегі орнын қайта қарастыруға негіз береді. Осы тұрғыдан алғанда, биеннале шығармашылық қарым-қатынас орнату және графикалық өнер жанрын өзекті ету үшін маңызды алаңға айналады.
Республикалық графика көрмесіне Қазақстанның сегіз өңірінен суретшілер қатысады: Алматы, Астана, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент және Тараз. Жобаның географиясы оның кең ауқымын және еліміздің заманауи көркемдік кеңістігіндегі біріктіруші рөлін көрсетеді.
Көрермендер танымал қазақстандық график суретшілерінің туындыларымен таныса алады. Олардың қатарында: Хашим Курбанов, Марлан Нысанбаев, Балтас Оспан, Лидия Дроздова, Виктор Поликарпов, Елена Попова, Александр Ророкин, Шокан Толеш, Уркеш Хасанов, Максат Кантарбаев, Алпамыс Кенбаев, Талгат Кисметов, Дамир Магзумов, Дужан Магзумов, Георгий Макаров, Анатолий Дроздов, Жанат Кошен, Жумагазы Сагимбаев, Наталья Сайгушева, Зарина Сакбаева, Рустам Сержанов, Татьяна Соловьёва, Серик Тайнов және басқа да шеберлер бар.
Көрме экспозициясында жүзден астам туынды ұсынылған, олар классикалық әдістерден (офорт, литография, линогравюра) бастап, қазіргі заманғы эксперименттік формаларға дейін әртүрлі техникаларда орындалған. Жұмыстар тақырыптық ауқымы кең: ұлттық бірегейлік пен тарихи естеліктен бастап, заманауи әлеуметтік және философиялық мәселелерге дейін қамтиды.
«Қазақсан графикасы» көрмесінің мақсаты — графикалық өнерді насихаттау, кәсіби суретшілер қауымдастығын қолдау және кең аудиторияның назарын көркем өнердің ең көрнекті әрі интеллектуалды бағыттарының біріне — графикаға аудару.
Салтанатты ашылу рәсімі танымал суретшілердің, өнертанушылардың, мәдени мекемелер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтеді.
Көрме 2026 жылғы 16 сәуірге дейін жалғасады.
Өтетін орны: Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі, Самал-1, д.44.