Билеттер
Мәзір
Билеттер

03.09.2026 ж. Хасанов Үркеш Хусаинұлының «Жылдар жылуы» атты жеке ретроспективалық көрмесі

2026 жылғы 3 қыркүйекте сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші Хасанов Үркеш Хусаинұлының «Жылдар жылуы» атты жеке ретроспективалық көрмесі ашылады. Көрме суретшінің әкесінің туғанына 100 жыл толуына, автордың 70 жылдық мерейтойына және қызы Хасанова Назугумның жарқын рухына арналады.

1976 жылы Үркеш Хасанов Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, ал 1987 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын тәмамдады. Кәсіби қызметі барысында ол суретші, реставратор, дизайнер және шығармашылық жобалардың жетекшісі ретінде танылып, сәндік-қолданбалы өнер, музейлік реставрация, сәулеттік жобалау және дизайн салаларында жемісті еңбек етті.

1978–1981 жылдары «Кәдесый» өндірістік фабрикасында жұмыс істеп, авторлық көркем туындылар жасаумен айналысты. 1987–1992 жылдары «Қазкөркемөнер» СКБ-да бас суретші қызметін атқарды. 1991–1995 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің реставрация бөлімін басқарып, мәдени мұра нысандарын сақтау және қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. 1995–2020 жылдар аралығында тұрғын үйлер, кафелер, мейрамханалар мен кеңсе нысандарын жобалаумен қатар, құрылыс жұмыстарына техникалық қадағалау жүргізді. Сондай-ақ интерьер, экстерьер және ландшафтық дизайн жобаларын әзірледі.

Үркеш Хасанов – шығармашылығы кеңестік көркемсурет мектебінің дәстүрлері мен Тәуелсіз Қазақстанның заманауи өнерін сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік беретін суретшілердің бірі. Кеңестік кезеңде іргелі кәсіби білім алған суретші өз шығармашылық ұстанымына адалдығын сақтап, тарихи өзгерістер мен жаңа қоғамдық жағдайлар кезеңінде де өнердегі жолын жалғастырды. Әр кезеңнің өзіндік ерекшеліктері мен өтпелі уақыттың қиындықтарына қарамастан, суретші өнерге деген адалдығынан айныған жоқ. Оның шығармалары – көп жылғы шығармашылық ізденістің, кәсіби шеберліктің және ұлттық көркемдік дәстүрлерге деген терең құрметтің көрінісі.

Ү. Хасановтың шығармашылығы республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген көркемсурет жобаларында бірнеше рет ұсынылды. Солардың қатарында 1988 жылы Алматыда өткен «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» республикалық көрмесі, сондай-ақ 1988 жылы Ереван, Бендеры және Ялта қалаларында ұйымдастырылған арт-жобалар бар. Аталған жобаларда суретшінің ағашқа ойып жасалған «Алма-Ата» сәндік композициясы көрермен назарына ұсынылды. 1990 жылы Мәскеуде өткен сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде суретшінің ағаштан ойып жасалған «Қымыз жиынтығы» атты туындысы экспозицияға қойылды. Кейінгі жылдары суретші ІІ қалалық «Күн шуағында» (2009), «Қазақстан суретшілері» (2010) және Ұйғыр мәдениеті күніне арналған көрмелерге (2012), «Заман байланысы – ұрпақтар сабақтастығы» көрмесіне (2018), «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Dunıa Art-2019» жобасына, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдығына арналған мерейтойлық көрмеге (2023), «Қазақстан графикасы» (2024/2026) және «Ұлағатты ұрпақ» (2024) көрмелеріне қатысты. 2009 жылы суретшінің кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер туындыларынан топтастырылған «Күн қайда қонады» атты жеке көрмесі өтті.

2009 жылы оның кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер туындыларын біріктірген «Күн қайда батады?» атты жеке көрмесі өтті.

Үркеш Хасановтың туындылары Қазақстан, АҚШ, Франция, Германия, Бельгия, Жапония және Корея Республикасындағы жеке коллекцияларда сақтаулы. Бұл суретшінің шығармашылығына деген қызығушылықтың Қазақстаннан тыс жерлерде де бар екенін көрсетеді.

«Жылдар жылуы» ретроспективалық көрмесі суретшінің көпжылдық шығармашылық жолының өзіндік қорытындысы іспетті. Көрменің негізгі идеясы – өткен мен бүгіннің, алыс пен жақынның, жеке естеліктер мен тарихи мұраның ажырамас байланысын көрсету. Экспозиция суретшінің шығармашылығында маңызды орын алатын ата-баба мұрасы, отбасы, туған жер, өмір жолы мен автордың дүниетанымын қалыптастырған оқиғалар тақырыптарын қамтиды. Көрме арқылы суретші жеке естеліктер мен ұлттық мұраны, өткен тәжірибе мен бүгінгі көзқарасты өзара байланыстыра отырып ұсынады.

Экспозицияның елеулі бөлігін «Қаһарлы қыс», «Көктем әуені», «Алғашқы қар», «Жолаушы», «Тілек тіле», «Алатау кеңістігі» атты пейзаждық туындылар құрайды. Бұл шығармалардан суретшінің Қазақстан табиғатына деген ыстық ықыласы, өзі өсіп-өнген, білім алып, шығармашылық жолы қалыптасқан туған өлкесіне деген сағынышы мен естеліктері көрініс табады.

Автор үшін бұл – уақыт жағынан алыста қалғанымен, жүрегіне әрдайым жақын әлем. Пейзаждарда табиғат көріністері арқылы суретшінің туған жерге деген жеке сезімі мен өткен күндерге деген сағынышы көрініс тапқан.

Көрмеде суретшінің тарихи отаны — Шығыс Түркістанға (ШҰАР) арналған соңғы жылдары салынған шығармалар топтамасы ерекше орын алады. Бұл шығармаларда Такла-Макан шөлінің табиғаты, Қашғар, Тұрпан, Тұйық және Хотан секілді көне қалалардың көріністері бейнеленген. Осы бейнелерге жүгіне отырып, суретші ұрпақтар жадын, мәдени бастауларды және атамекенмен рухани байланыстарды ой елегінен өткізеді. Үркеш Хасанов үшін бұл мекендер жай ғана географиялық атаулар емес, алыс пен жақын, өткен мен бүгін тоғысатын жеке естеліктер кеңістігі.

Ұйғыр халқының өкілі ретінде суретші өз туындыларында таулардың, көне құрылыстар мен тастан қаланған елді мекендердің бейнелерін көрсете отырып, туған жерге деген сағыныш сезімін жеткізеді. Оның шығармалары түстердің мозаикалық үйлесімімен, сызықтардың айқын ырғағымен ерекшеленіп, шығыстық өрнектің өзіндік сипатын аңғартады.

«Жылдар жылуы» көрмесі көрерменді уақыт, естелік және ұрпақтар сабақтастығы туралы ой бөлісуге шақырады. Кескіндеме мен графика тілі арқылы суретшінің ішкі әлемін ашатын экспозициядағы әрбір туынды суретшінің өмірі, отбасы және Отаны туралы тарихтың бір бөлігіне айналады.

 Мекенжайы: Самал-1, 44. Тел.: 264-46-50