Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейі 2026 жылы 5 маусым күні сағат 16:00-де суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі – Рысбек Ысқақовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «ЖАНЫМНЫҢ БАҚТАРЫ» атты жеке мерейтойлық көрмесін ұсынады.
«Жанымның бақтары» мерейтойлық көрмесінің экспозициясы өткеннің қорытындысы емес, керісінше, шығармашылық ізденістің жалғасын көбірек танытады. Онда суретшінің ұлттық дәстүр, жеке тәжірибелері мен байқауларының тоғысында қалыптасқан дүниетанымын, сондай-ақ оның уақыт, адам және қоршаған орта туралы толғаныстарын бейнелейтін жаңа туындылары ұсынылған.
Рысбек Денисламұлы Ысқақов 1956 жылы дүниеге келген. Оның шығармашылық өмірбаяны – академиялық мектепке деген адалдық пен толассыз ізденістің жарқын үлгісі. Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (Қ.Д. Дүйсенбаевтың шеберханасы) және Абай атындағы ҚазПИ-ді (М.Ә. Нұрлыбаевтың шеберханасы) суретші-график, кескіндеме оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.
Шығармашылық қоржыны
М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында суретші-декоратор болып жұмыс істеді. 1990-шы жылдардан бастап Р. Ысқақовтың өмірінде шығармашылыққа толы жемісті кезең басталады. Ол Ресей, Германия және Францияда жұмыс істеп, нәтижесінде 2003 жылы Париж суретшілері қауымдастығына қабылданады. Еуропалық ортадағы тәжірибесі оның авторлық қолтаңбасына айтарлықтай әсер етіп, кескіндемелік мәнерін ерекше еркіндікпен, түстік шешімдердің нәзіктігімен және бейненің сезімдік күйіне назар аударуымен байытты. Бұл кезең оның сол уақыттағы және қазіргі туындыларынан да айқын көрініс табады.
Р. Ысқақов – Алматы, Астана, Мәскеу, Ташкент және Самарқанд қалаларында өткен республикалық және халықаралық көрмелердің, өнер фестивальдерінің қатысушысы. Рысбек Ысқақовтың шығармашылығы көптеген сертификаттармен және дипломдармен марапатталған. 2025 жылдан бастап ол «Алтын қанаттар» («Золотые крылья») халықаралық тобының мүшесі болып табылады.
Суретшінің өз айтуы бойынша, оның шығармашылығында пейзаж жанры ерекше орын алады. Дегенмен, оның туындыларына қарай отырып, отбасы, махаббат және отбасылық-адамгершілік құндылықтар тақырыбының маңыздылығын атап өтпеу мүмкін емес. Ана мен бала бейнесі, отбасылық қарым-қатынастардың жылылығы мен ата-анаға деген құрметке толы сюжеттер оның көркемдік әлемінде елеулі орын алады.
Экспозицияда сонымен қатар туған жерге деген сүйіспеншілікті, көшпелі мәдениет әлемі мен қазақтың ұлттық дәстүрлерін бейнелейтін жұмыстар топтамасы ұсынылған. Автор ұлттық нақыш пен кең-байтақ дала пейзаждарын шебер жеткізеді. Солардың ішінде «Сәукелелі ару», «Керуен» және т.б. туындыларында автордың назары қазақтың ұлттық киімінің сұлулығы мен халықтың мәдени жадына аударылған. Тағы бір қызықты туынды – суретші адам мен табиғаттың өзара байланысына баса назар аударатын, пейзаж жанрында орындалған «Бүркітші» туындысы. Мұнда көшпелі мәдениет пен далалық дүниетанымның символы ретінде тұлпар бейнесі ерекше рөл атқарады.
Даланың лирикалық бейнелерімен қатар, суретші қала сәулетіне де көңіл бөліп, ол арқылы қазіргі заманның тынысы мен мәдени кеңістіктің көпқырлылығын аша түседі. Суретшінің бірқатар туындыларында бейнеленген Панфилов көшесінің сәулеттік ғимараттары ең жарқын мотивтердің біріне айналған.
Р. Ысқақовтың шығармашылығы – оның ішкі әлемінің, философиясы мен мәдени кодының терең көрінісі. Көрме экспозициясына 80-ге жуық кескіндемелік туынды қойылған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Орталық музейі барлық өнер сүйер қауымды осы шығармашылық диалогтың бір бөлшегі болуға және нәзік сұлулық сезімін, уақыт тынысы мен жан нұрына толы туындылар әлемін тамашалауға шақырады.
Көрменің жұмыс кестесі: 5-19 маусым, сағ. 9.00-ден 18.00-ге дейін
(сейсенбі – демалыс күні). Мекенжайы: Самал-1, 44.
