Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірлесіп тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкиннің екі томдық «Қаңлы мемлекеті б.д.д. II ғ. – б.д. IV ғ. археологиялық деректер негізінде» және «Тарихи және этномәдени контекстегі Қаңлы мемлекеті (б.д.д. II ғ. – б.д. IV ғ.)» ғылыми монографиясының тұсаукесерін өткізді.
Бұл іргелі еңбек – ғалымның жарты ғасырға жуық зерттеу жұмысының нәтижесі. Монографияда археологиялық деректер негізінде Қаңлы мемлекетінің саяси, экономикалық және рухани өмірі жан-жақты сараланып, бұрын жүйеленбеген мәліметтер ғылыми айналымға енгізілді. Еңбекте сәулет және фортификация, керамика, өнер, діни-нанымдық жүйе, сондай-ақ протосоғды жазба ескерткіштері кеңінен қарастырылады.
Тұсаукесер рәсіміне отандық және шетелдік ғалымдар офлайн және онлайн форматта қатысты. Монографияны автордың өзі таныстырды.
Кітапта жарияланған 2000-нан астам археологиялық артефакт музей қорында сақтаулы. Іс-шара аясында «Қаңлы жаңа археологиялық деректер негізінде» атты көрме ұйымдастырылып, Арыс-Бадам, Өгем, Ақтөбе Қызылкөл және басқа да ескерткіштерден табылған бірегей қыш бұйымдар, қару-жарақ, әшекейлер, культтік заттар мен палеолингвистикалық материалдар көпшілік назарына ұсынылды.
Тұсаукесер отандық археология ғылымы үшін маңызды оқиғаға айналып, ежелгі Қаңлы тарихын зерделеудегі маңызды қадам болды.