Музей тарихы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағына танымал, бірегей әрі көне музейлердің бірі. Оның қоры 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарынан тұрады. Қазіргі таңда музейде тұрақты алты экспозициялық зал жұмыс істейді, түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Жалпы музей экспозициясы қазақтардың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің ежелгі дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі «музейлендірілген» моделі болып табылады.
Музей коллекцияларын құру туралы бастама ХІХ ғасырдың 30-жылдары қолға алынды. Оның негізі Орынбордағы Неплюев әскери училищесінде «Орынбор өлкесіндегі Музеум» деген атпен ұйымдастырылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі – белгілі тіл маманы, «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Даль. Әр жылдарда музей қорының құрамы Жетісу облысы (1929 ж.) мен республикалық атеизм музейінің (1941 ж.) коллекцияларымен толығып отырды. Музей 1904-1907 жж. Алматы қаласындағы вернендік белгілі архитектор А.П. Зенковтың жобасы бойынша салынған тамаша архитектуралық кешен – Вознесенский Кафедралды соборына орналасты. 1920 ж. Қазақ автономиялық республикасының басшылық қаулысымен Орталық Қазақ өлкетану музейі құрылды. Осы сәтте Орынбор губерниясы музейіндегі коллекциялардың бір бөлігі жаңадан құрылып жатқан Орталық өлкетану музейіне берілді. Алайда, ҚР МОМ-ның толыққанды қалыптасуы, Орталық өлкетану музейін Қазақ Автономиялық республикасының жаңа астанасы – Алматыға көшіруімен байланысты, 1929 жылы ғана толығымен аяқталды. 1944 жылы музей 1-категорияға жатқызылып, өзінің қазіргі – Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейі атауына ие болды. Бұдан кейінгі жылдары да өзінің қалыптасуы мен дамуында Мемлекеттік орталық музей еліміздің басты мәдени-ағартушы және ғылыми мекемелерінің бірі ретінде республиканың дамуына қомақты үлес қосты. XIX ғасырда өз қызметін бастаған, ХХ ғасырдағы бар қиындықты бастан өткерген Орталық музей еліміздегі өзге де музейлердің ұйымдастырылуы мен дамуына атсалысты. Орынбор, Қызылорда, Алматы кезеңдерін басынан өткерген, өлкеміздің археологиялық, этнографиялық және географиялық байлықтарын зерттеуде белгілі нәтижеге қол жеткізген музей көпшілікті ел тарихымен таныстырды. Орта Азия мен Қазақ өлкесіндегі ең үздік архитектуралық ғимарат болып есептелетін музейдің қазіргі ғимараты 1985 жылы Ю.Ратушный, З.Мұстафина және Б.Рзағалиевтардың жобалары бойынша салынған еді. Мұндағы көрме экспозициясы 7000 шаршы метрді құраса, музейдің жалпы ауданы 20 мың. шаршы метрді құрайды. Музейдің қор коллекциясы тарихи, археологиялық және этнографиялық сипаттағы 300 мыңға жуық сақтам бірліктен тұрады. Музей экспонаттарының қатарында мәдени дәстүр мен ерте дәуірден бастап қазіргі заманға дейінгі Қазақстанның тарихынан көрініс беретін материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіштері кездеседі. Музейдің қор жинақтарын қалыптастыруда қазақ мәдениеті, әдебиеті мен өнер қайраткерлері, тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің атқарған қызметтері зор болды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Жиреншин, Ғ.Мұстафин, К.Бадыров, Ә.Марғұлан және т.б. Мемлекеттік Орталық музейді әр жылдары Ә.М. Жиреншин (1942-1951 жж.), С.С.Есова (1956-1973 жж.), Р.И.Қосмамбетова (1974-1995 жж.), Г.Б.Дюсенбинова (1995-1997 жж.), Е.Т.Жангелдин (1997-1999 жж.) сынды іскер басшылар басқарып, еліміздің бас музейінің дамуына өзіндік үлестерін қосты. Республиканың түрлі аймақтарында тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып отырды. Соның нәтижесінде қазақ халқының дәстүрі, көпұлтты Қазақстан халықтарының саяси және әлеуметтік тарихи өмірін бейнелейтін үлкен қомақты материалдар жинақталды.
1999 жылдан бастап музейді елімізде және шетелде танымал этнолог-ғалым Нұрсан Әлімбай басқарған. Ол 300-ден аса ғылыми жарияланымдардың, сонымен қатар номадология, этнология және қазақтардың мәдени дәстүрі, фольклоры мен музейтану салалары бойынша монографиялық зерттеулердің авторы. Соңғы он жылдықта ҚР МОМ Нұрсан Әлімбайдың басшылығымен арнайы ғылыми-зерттеу және мәдени білім беру институты негізінде қайтадан жасақталды. Музей жаңа функционалды-құрылымдық тұрпатқа ие болды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, музейдің ғылыми құрылым ретінде қызмет етуі оның әр сипаттағы білім беру қызметін жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2005жылы Музей ресми түрде ғылыми-зерттеу ұйымы статусын иеленген еді. Бұл өз кезегінде музейдің ғылыми-зерттеу (оның ішінде қор жұмысы) және мәдени білім беру жұмыстарын жетілдіруге жаңа қарқын берген еді.
2022 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік орталық музейін Рашида Ерімқызы Харипова басқарады.
ҚР МОМ ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізумен шұғылданатын дербес субъект ретінде ауқымды Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әлеуметтік және ғылыми мәні зор көптеген зерттеу жобаларын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Зерттеулер нәтижесінде 30 дан аса басылым жарық көрді, оның ішінде археология, этнография, нумизматика және Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр тарихына қатысты нарративті деректер бойынша ғылыми каталогтар да бар. Бұлардың барлығы еліміздегі мамандар мен ғылыми көпшілік арасында ғана емес, сонымен қатар бірқатар шетелдік (Франция, Италия, Германия, Ресей және т.б.) ғалымдар арасында да жоғары бағаланды.
Еліміздің байырғы және басты музейінің бірі – ҚР МОМ отандық музей ісінің көшбасшысы болып табылады. Ал оның бай қорлары мен сәулетті залдарында халқымыздың ұлттық құндылығы болып табылатын аса құнды тарихи-мәдени жәдігерлер сақталуда. ҚР МОМ – елімізге келушілерді ең көп қабылдайтын музей. Келушілер саны жыл сайын 130 мың адамға дейін жетеді, 100-ден аса дәріс оқылып, 30-дан астам көрме ұйымдастырылады, халық арасында танымал іс-шаралар мен түрлі мәдени білім беру бағдарламаларын өткізіп отырады. 2008 жылдан бері музейде, Нұрсан Әлімбайдың бастамасымен және тікелей жетекшілігімен құрылған, Ғылыми кітапхана жұмыс істейді. Осы жылдары ЮНЕСКО-ның бастамашылық етуімен, қор коллекцияларын электронды каталогтау мен паспорттау бойынша «Музеолог» бағдарламасы енгізілді. «Музеолог» Орталық Азия елдерінің музей ісі тәжірибесінде тың бастама болды.
Орталық музей өзінің арғы-бергі тарихында ғылыми бағыттағы жұмыстарды алдыңғы орынға қойып келеді. Бүгінгі күні де музей осы дәстүрден жаңылған емес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің «MUSEUM.KZ» рецензияланатын ғылыми-тәжірибелік журналында отандық зерттеушілердің және шетел ғалымдарының ғылыми жұмыстары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланады. Журнал өз қызметінде Committee on Publication Ethics – COPE халықаралық жариялау этикасы комитеті әзірлеген принциптерді, сондай-ақ Scopus (Elsevier) журналдарын жариялаудың этикалық принциптерін басшылыққа алады.
Бүгінгі таңда еліміздегі бірден-бір жетекші әрі ең ірі музей болып саналатын Орталық музей өз қызметінің негізгі бағыттары – мәдени-білім беру, экспозициялық-көрме, қор-сақтау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру, жинау, есепке-алу, редакциялық-баспа, ақпарат және басқа да қызметтер бойынша нәтижелі жұмыс атқарып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтастық байланыс орнатқан, мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған саясатын мәдениет пен ғылым саласына енгізуде зор іс атқарды.