авто

Переключатель языков

Ғылыми-білім жобалары

ҚР МОМ қызметтерінің бір саласы оның республика бойынша және шетелдерде жаңа музейлердің ашылуына тікелей белсенді түрде қатысуы болып табылады Музей соңғы ондаған жылдардың ішінде бірнеше музейлердің ғылыми концепциясын және экспозиция залдарының құрылысын жасақтауға қатысты. Мәселен, Астана қаласындағы Президенттің Мәдени Орталығының, Саяси қуғын-сүргін құрбандары Музейінің, Қазақ қыздар Педагогикалық Университеті мемориальдық музейінің, №12 Орта мектеп музейінің, Алматы қаласындағы Ғазиза және Ахмет Жұбановтардың мемориальды музейінің, Астана қаласындағы ҚР ІІМ мен Жоғарғы Соты музейінің, сондай-ақ, РФ Астрахан облысындағы Құрманғазы Сағырбаев музейінің көрме залдарын жасақтады.

1999 жылы Қазақстан Республикасының  Елордасы– Астана қаласында құрамында музей мен кітапханасы бар Президенттің Мәдени Орталығының құрылысы басталды. Нұрсан Әлімбайдың жасаған жаңа Музейдің 150 беттен асатын ғылыми концепциясы ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алды және ҚР Президентінің Мәдени Орталығы музейінің экспозициялық кешені жасақталды. Қысқа мерзім ішінде Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен 350 адамнан тұратын штаттық кесте жасақталды. Қор жинақтау мақсатында барлық елдерге тарихи-этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Барлық қиындықтарға және уақтыттың тығыздығына қарамастан Президенттің Мәдени Орталығы музейінің экспозициясы ашылды. Ол жаңа астананың бірден-бір назар аударарлықтай мәдени мекемесі ретінде танылды және архитектуралық жағынан ең ірі орынға айналды.  

2001 жылы Алматыда «Әділет» қорының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен ҚР МОМ-нің Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі атты филиалы ашылды. Аталмыш филиалдың ғылыми концепциясын Нұрсан Әлімбай жасап шықты. Сталиндік қуғын-сүргін мен сол қанды жылдарда тоталитарлық жүйенің құрбаны болған азаматтар жайлы музей экспозициялары 30-шы жылдары НКВД, кейіннен республиканың КГБ (Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысы) бөлімі отырған тарихи ғимаратта құрылды. Аталмыш экспозицияда тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған қазақ интеллигенция өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қиын тағдырлары айқын көрініс тапты. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі және ондағы экспозиция жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бетін ашуға зор мүмкіндік туды. Өкінішке орай, ҚР МОМ-нің шығармашылық ұжымының ерен еңбегінің арқасында ашылған Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің белгісіз себептерге байланысты жұмысы тоқтатылып, тағдыры ұзаққа бармады. Оның экспонаттары Алматы музейіне өткізіліп, ғимараты «Альянс банкке» берілді.

2006 жылы 29 сәуірде ҚазКСР-і мен КСРО-ның халық әртістері, композиторлары Ғазиза және Ахмет Жұбановтардың мемориалды музей үйі атты ҚР МОМ филиалы ашылды. Бұл жаңа музейді құру жұмыстарының (үйді жөндеу жұмыстары, қор коллекцияларын қалыптастыру, концепциясын жасау, тақырыптық-экспозициялық жоспарлар мен жеке экспозиция жасау) барлығын ҚР МОМ қызметкерлері атқарып шықты.  

Музейдің ғылыми жұмыстарының ең маңызды бөлігін археологиялық ғылыми жаңғыртпалар алады. Соңғы жылдары Музейде Қазақстанның ертедегі тұрғындарының ғылыми тұрғыда негізделген, синкретті бейнелерін қайта қалпына келтіруге арналған жобаларды жүзеге асырып келеді. Археологиялық жаңғыртпаларға арналған көп жылдық ғылыми ізденістерде Еуразия тұрғындарының ерте темір дәуіріндегі мәдениеті қарастырылады. Осылайша, ежелгі көшпелілер дәстүрі мен мәдениетінің әр қырынан айшықты да тартымды түрде музей қызметінің мақсаты мен мүдделеріне сай ерекше мәлімет береді. Сонымен, келесі археологиялық жобалар бойынша ғылыми жаңғыртпалар ойдағыдай жүзеге   асырылды: «Б.з.д. XIV- IX ғғ. андронов мәдениеті әйелінің костюмі мен керек-жарақтары» (қайта жаңғыртпаның авторы К. Ақышев), «Б.з.д. IV – III ғғ. «Алтын адам» (Ә. К. Ақышевтың жаңа нұсқасы бойынша К. Алтынбеков дайындады), «Б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ. Қаңлы әйелі», «Б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ. атақты жауынгер – сюннудың (ғұнның) қару-жарағы мен киімдері» - авторы және ғылыми-өндірістік топтың жетекшісі, т.ғ.д. А.Н. Подушкин; б.з.д. IV-III ғғ. «Алтын адам» жаңғыртпасы (Әлішер Ақышевтың жаңа тұжырымдамасы бойынша Қ. Алтынбеков жасаған). Алтын-Асар қорымынан алынған ер адам мен әйелдің антропологиялық мүсінделген жаңғыртпалары (авторы Г.С.Балуева), Томпақ-Асар қалашығынан алынған ер адамның мүсінделген антропологиялық жаңғыртпасы (авторы Е.Веселовская). «Қола дәуірі әйелінің киімі, андронов мәдениеті. XVII-XII ғғ.» (Ә. Ақышев жаңғыртпасы). Нұрсан Әлімбай өткізген материалдар: неолит дәуіріне тән (б.з.д. V мыңжылдық) Қос-Құдық тұрағынан алынған ер адамның мүсінделген антропологиялық жаңғыртпасы (авторы Е.Веселовская, А.Е. Астафьев және З.С. Самашевтың Батыс Қазақстандағы қазбаларынан).

2014 ж. ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша музей директоры Нұрсан Әлімбайдың жетекшілік етуімен екі жоба жүзеге асырылды:

- «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне «Қазақ ауылы» деп аталатын тарихи-этнографиялық кешеннің жобасы және ҚР ҰМ-нің этнографиялық залының жасалуына ұсынылған жобалар болды. Жобаланған кешенде бірнеше функционалдық аймақтар (ауылдар) көрсетілді. Олардың әрқайсысында үш киіз үй және ұсталардың, зергерлердің т.б. түрлі саладағы шеберлер ауылы, ұлттық ойын түрлері, аушы құстарды күту, үйрету, ұлттық музыкалық аспаптармен ұлттық ән-күйлер орындау, ұлттық тағамдарды әзірлеу және қонақ күту секілді шаралар орындау қарастырылды. «ЭКСПО-2017» көрмесі тәуелсіз Қазақстанға шет елдерінің қызығушылығының тереңдей түсуінде жетекші рөл атқарады деуге әбден болады.  

Ғылыми негізделген, сонымен қатар өзінің тарихи-этнографиялық (онтология) типіне барынша жақын мұндай бірегей кешен келушілерге көшпелілердің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі рухын паш ететіндігі сөзсіз.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейі этнография залының экспозиция жобасы (жоба авторы Нұрсан Әлімбай). Алдымен ғимарат ішінен қазақ этнографиясы экспозициясын орналастыру үшін орын қарастырылды. Экспонаттардың ғылыми дәлдікпен, өз ретімен орынды, әрі сауатты орналасуын көрсету жүзеге асырылды. Аталмыш музейдің этнографиялық залын жасақтауда заттардың немесе артефактілердің музейлік кеңістікте үйлесімді орналастырылуының бірнеше нұсқалары ұсынылды. Жоғарыда атап көрсетілгендей тақырыптық тұрғыдан жіктелген бірнеше кешендерден тұратын аймақтық нұсқалары да ұсынылды. Мысалы, «Қазақ халқының дәстүрлі киім-кешегі» деп аталатын бірінші кешенде салттық, әдет-ғұрыптық салтанатқа сай киінген «қыз ұзату» деп аталатын көрініс қойылған. 1-кешен залдың ортасындағы жан-жағынан көруге ыңғайлы етіп екі қабатты биік орынға орналастырылған. Дәстүрлі көшпелі орта мәдениетімен жете танысқысы келетін көрерменге түсінікті болуы үшін, көрмеде отбасындағы адамдардың әлеуметтік мәртебесіне және олардың жасына, жынысына қарай отыруын көрсететін ұлттық киім кигізілген мүсіндер (манекен) орналастырылу көзделді. Сондай-ақ, тақырыптық құрылымдарына қарай: «Қыз ұзату»; «Дастарқан басында» және «Қыстық үй» деп аталатын көрме кешендері жобаланды. Жобаны іске асыру автордың тікелей басшылық етуімен ҚР МОМ-нің ғылыми қызметкерлерінің күшімен жүзеге асты. ҚР Ұлттық музейіндегі экспозициялық кешендерді орналастыру, дизайнерлік жұмыстар, ғылыми мәтіндер мен этнографиялық залдағы этикетаж жасау жұмыстарының түгелін дерлік Мемлекеттік Орталық музейдің ғылыми қызметкерлері, суретшілері мен экспозицияны ұйымдастырушылары атқарып шықты.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source