Археологиялық коллекция
ҚР МОМ археологиялық коллекциясына ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының материалдары топтастырылған. Бүгінгі күнде археология қорында 29 мыңға жуық артефактілер сақталуда.
Тас ғасыры.
Археологиялық коллекцияда палеолит – көне тас дәуірі (б.з.б. 2,7 млн. жыл шамасы - 10 мың жылдар) Каспий өңірі және Қаратау жоталарында бұдан 1,0 млн. жыл бұрын осы аумақты мекендеген ежелгі адамның тұрақтарынан табылған және малтатас, леваллуа, радиалды тәсілдерімен өңделген еңбек құралдары - шапқы, соққы, өзектас, қырғыштар арқылы көрсетілген. Энеолит кезеңі - мысты тас дәуірі (б.з.д. III - II мыңжылдықтың басы) адамның тас құралдармен қатар, мыстан еңбек құралын жасауға қол жеткізуімен ерекшеленеді. Бұл кезең Солтүстік Қазақстан аумағындағы Ботай қонысынан табылған бірегей заттық деректер арқылы көрсетілген. Ботай тұрағының тұрғындары ең жүйрік дала малы - тағы жылқыны қолға үйретуі теңдесі жоқ жетістік деуге болады. Қорда түрлі қару-құралдар: найза ұштары, жебелер, балта, малдың жауырын сүйектерінен ұқсатылған илеуіш, аң терісін өңдеуге лайықталған қырғыштар, түйреуіштер және қыш ыдыс бөліктері жинақталған.
Қола дәуірі (б.з.д. XVIII-IX ғғ.).
Адамның мысты қалайымен қоса балқыта отырып қола қорыту технологиясын меңгеруі қола дәуіріндегі теңдесі жоқ жетістік болды. Қола заманы тайпаларының деңгейі биік жарқын мәдениеті – ғылымда Андронов мәдениеті (б.з.д. XVIII-XII ғғ.) деп аталған. Андронов мәдениетін иеленушілер үй маңындағы бақташылықпен, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, кен өндірумен, қыш кәсіпшілігімен айналысты. Коллекцияны еліміздің орталық, шығыс, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарынан табылған материалдар толықтырады. Коллекция құрамындағы Орталық Қазақстанның Мыржық қонысынан табылған сүйектен өрнектеп жасалған алуан түрлі тіліктер, түймелер, шашқа арналған түтікшелер, сулықтар ерекше қызығушылыққа ие. Талдықорған өңіріндегі Кейтон мекенінен кездейсоқ табылған қола бұйымдар да таптырмас дерек болып табылады.
Ежелгі көшпелілер мәдениеті.
Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірі (б.з.д. VIII ғғ. - б.з. III ғғ.) темірдің қолданысқа енуімен ерекшеленеді. Бұл кезеңде Қазақстан аумағын сақ және савромат тайпалары мекендеді. Олар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.
Көркемдік шешімі тұрғысынан алғанда шынайы, мазмұны аңыз сарынды скиф-сібірлік «аң стилі» сақ идеологиясының, таным-түсінігінің басты символы немесе айнасы деуге болады. Ерте көшпелілер дәуірінің археологиялық коллекциясы 10 мыңға жуық артефактіден тұрады. Ерте темір дәуірі б.з.д. VIII ғ. бастап Қазақстанның барлық өңірін мекендеген сақ, үйсін, қаңлы, ғұн және сармат тайпалары туралы кең көлемде ақпарат беретін материалдар арқылы көрсетілген. Олардың ішінен Алматы облысы, Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауд.), Жалаулы ауылынан кездейсоқ табылған алтын бұйымдар немесе Жалаулы көмбесі (б.з.д. VIII-VII ғғ.) айрықша мәнге ие. Жалаулы көмбесіндегі ең ірі әшекей бұйым - ай пішінді өңір әшекейі алтын пектораль болып табылады. Коллекциядағы бірегей құндылықтар қатарына Жетісу аумағынан кездейсоқ табылған бұйымдар – мыс қазандар мен қола шырағдандар ерекше құндылыққа ие.
Оңтүстік Қазақстанның қаңлылар мәдениетін Арыс өзені алабындағы қорымдар мен қоныстардағы қазба жұмыстары барысында табылған (б.з.д. IV – б.з. IV ғғ.) материалдар құрайды. Аталмыш коллекция құрамына бірегей бедерлі қыш ыдыстар, майда пластика, әшекейлер, қару-жарақ, ат әбзелдері, зооморфты және антроморфты артефактілер ғұрыптық бұйымдар, қыш текшелер бетіндегі шығыстық көне иран (соғды) арамей эпиграфиясы сияқты жазба деректер кіреді.
Орта ғасыр (VІ ғ. – XV ғ. бірінші жартысы).
ҚР МОМ қорында Еуразияның басты интегралды аумағы болып саналатын Қазақстанның этникалық және саяси-әлеуметтік дамуының басты кезеңдерін бағамдауға мүмкіндік беретін, әрі осы аумақта үйсін (усунь-го), алғашқы түркі қағанаттарынан бастап қазақ хандығына дейінгі түрлі мемлекеттік бірлестіктердің пайда болып, қалыптасып, дамуы жайлы толық мағлұмат беретін археологиялық материалдар жинақталған. Ежелгі түркілерден жеткен ғаламат мұраның бірі – тас мүсіндер, қару-жарақтар, әшекей бұйымдар, ат әбзелдері және түркілер ортасында пайда болған руна жазуы.
ІХ-ХІІ ғғ. қалалық мәдениет Оңтүстік Қазақстан, Жетісу археологиялық экспедициялары барысында ашылған Ақтөбе, Тараз, Отырар оазисі, Талғар қалашықтарынан табылған алуан түрлі өрнектермен әшекейленген ыдыстар, қыш дастархан, дәнді дақылдарды сақтайтын ыдыс түрлері – хумдар, су құбырларымен көрсетілген.
Қалалар мен қалалық мәдениеттің дамуында Ұлы Жібек жолының алар орны ерекше. Археология қорында Қытай, Иран, Үндістан, Хорезм мемлекеттерінде өндірілген бірегей импорт заттар: мыс табақтың бөлігі, қытай фарфорынан жасалған тостаған, шыны-аяқ, қытай жібегінің үзігі және айналар сауда-саттық, алыс-берістің дамығанын көрсетеді.
XIV-XV ғғ. жаңа құрылыс техникасы мен сәулет өнерінің ілкі стилі пайда болды.
Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі осы кезеңдегі құрылыс-сәулет өнерінің ғажап үлгісі. Жобасы тікбұрышты болып келген кесене, қабырғалары түрлі өрнектермен, шыңылтырлы текшелермен безендірілген. Осы кесене текшелерінің бөліктері археология қорында сақталған.
Ұлы Жібек жолы бойымен зороастризм, буддизм, манихей, ислам және христиан (несториандық) діни наным-сенімдері тарады. Сыртқы бетіне араб, ежелгі үнді (санскрит) жазбасы, айқаспа сызық түріндегі таңба және түркі-сириялық эпитафиялар қашалған зират құлпытастары осының айғағы. Тараз қаласы аумағынан табылған қыш табыт – оссуарий қала тұрғындарының арасында көне дін – зороастризмді ұстанушылар болғанын аңғартады.