Ғылыми - қалпына келтіру жұмыстары
Қалпына келтіру жұмыстары бұл салада жаңа технологияларды жүйелі түрде зерттеуге және қалпына келтірудің маңызды шешімдерін қарастыруға бағытталады. Осы орайда тек суретші-қалпына келтірушілердің еңбегі нәтижесінде жоғалып кетуге аз қалған артефактілер экспозициялық көрмелерден өз орнын табатынын баса айтып өту керек. Музей заттары музей коллекциясына түскен уақыттан бастап үнемі қалпына келтірушілердің назарында болады.
Қалпына келтіру шеберханаларында көптеген бірегей әшекей бұйымдар қалпына келтірілді. Олардың қатарында кеудеге тағатын әшекейлер – алқа (күміс, маржан тастар, көгілдір түсті асыл тас; ХІХ ғ. аяғы), тұмарша (өткен ғасырдың 1-ші жартысы), шырақ (қолдан жасалған қыш шырақ, Х-ХІІ ғғ.), қару-жарақ, түрлі сирек кездесетін және құнды археологиялық заттар.
Ғылыми қалпына келтіру жұмыстарының бір саласы – консервациялау. Қазіргі таңда ғылыми қалпына келтіру жұмыстары барысында археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған бірегей және тарихи құнды артефактілерге, этнографиялық музейлік заттарға өте күрделі және орташа күрделі консервациялық жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, 2014 жылы археология қорының көптеген экспонаттарына, атап айтқанда, қола, мыс, құйма (б.з.д. Х- VIII ғғ. Оңтүстік Қазақстан), қыш, бөлшектер, қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән (ХII-IХ ғғ. Мыржық моласы) археологиялық заттарға консервациялау жұмыстары жүргізілді.
Жайпақ тостаған. Қола, құйма, соғу. б.з.д. Х-VIII ғғ.
Консервацияланғанға дейін | Консервацияланғаннан кейін |
Өз кезегінде қалпына келтірушілер археологтардың ғылыми көзқарасымен санасып отырады, олар өңдеу және консервация жасауда заттың толыққанды тарихи дереккөзі ретінде ары қарай зерттелуіне кедергі келтірмеу үшін барлық мүмкіндікті жасайды.
Сәукеле. Алматы обл. XX ғ. басы. Мауыты, барқыт, шашақ, үкі, металл, құндыз тері, оқа, маржан, перуза. Биік.47 см, милық шеңб.46 см, төбесі20 см. Сақт. – нашар (терінің кейбір жерлеріне күйе түскен, маржандарының бірнешеуі жоқ, маталарының кейбір жерлерінде тесіктер бар).
Конусқа ұқсас пішінді, тәжісі қызыл мауытымен, милығы қара барқытпен тысталып тігілген. Тәжінің жоғарғы бөлігінің алдыңғы бетіне төрттқұлақ пішінді құйма шытыралар қондырылған. Оның үстіне маржан және перуза тастар орнатылған қатырғы бергек орнатылған. Төбесіне шашақ, төгіп, шоқ үкі қадаған. Тәждің белортасын айналдыра бастырған оқаның астына перуза тастан көз салынған күміс құймалар және тамшы тәрізді қоза салпыншақтар мен шытыралар үш қатар етіп айналдары қадалған. Онан төменде маңдай бөлігіне қызыл маржаннан тізіліп жасалған (ені4,5 см.) торша тігілген. Милығы құндыз терісімен жұрындалған, оның үстіңгі жағына тағы бір қатар күміс салпыншақтар тізілген. Сәукеленің екі жақтауына оқалы белдеуден төменде перуза, маржан тастар тағылған.
1938 ж. Алматы қ. тұрғыны Жүнісов Батырханнан алынған.
Қалпына келтірілгенге дейін | Қалпына келтірілгеннен кейін |