авто

Переключатель языков

01.11.2024 «Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» халықаралық фотокөрмесі

2024 жылдың 1 қарашасы сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» халықаралық фотокөрмесі ашылады.

Бұл бірегей шара Қазақстан, Қытай және Ресей арасындағы мәдени және стратегиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бүгінде бұл көршілес елдерді барлық саладағы серіктестік қарым-қатынастар мен ынтымақтастық байланыстырады.

Көрме Қытай ғылыми-білім беру фильмдері мен телебағдарламалары қауымдастығының және «Фото және бейнетүсірілім» журналының қолдауымен ұйымдастырылуда.

Іс-шараның басты мақсаты – фотоөнер саласындағы мәдени кәсіби қауымдастықтар арасындағы өзара ынтымақтастық пен байланысты күшейту, сондай-ақ келушілерді үш елдің мәдениетімен, дәстүрлерімен және қазіргі дамуымен таныстыру.

afisha 01.11.2024 kzОДАҚТЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ:

Фото саласындағы Республиканың жетістіктерін танымал ету, халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, ағартушылық қызметті жүзеге асыру, фото мәдениет тақырыбында кездесулер ұйымдастыру және конференциялар өткізу, танымдық фильмдер мен бейнематериалдар көрсетілімін өткізу, фотографиялық мұраны сақтау арқылы елімізде және сол сияқты шетелде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға жәрдемдесу.

«Қазақстан, Қытай, Ресей. Қуат палитрасы» көрмесінде үш елдің табиғатының сұлулығын, мәдени мұрасы, ұлттық құндылықтары мен даму жетістіктерін көрсететін 600 фотосурет ұсынылады.

 

Біз бұл көрме мәдени байланыстарды нығайтып, елдер арасында ынтымақтастық орнатып, жаңа мүмкіндіктер жасаудағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз.

Ұйымдастырушылар:

  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі – Қазақстанның жетекші мәдени-білім беру орталығы, ол тарихи мұраны, мәдени және білім беру бастамаларын дамыту мен танымал етуге белсенді ықпал етеді.
  • Қытайдың ғылыми-танымдық фильмдер мен телебағдарламалар қауымдастығы –    ғылыми және білім беру контентін ілгерілетумен, мәдени байланыс пен ынтымақтастық үшін бар күшін салады.
  • «Фото және видеотүсірілім» журналы – қытайдың жетекші басылымы, фотография мен фидеотүсірілімнің заманауи жетістіктеріне, сондай-ақ мәдени байланыс пен кәсіби дамуға арналған.
  • Ресейдің кәсіби фотографтар лигасы – 2014 ж. Ксения Лебед негізін қалаған, фотографтарды біріктіретін алаң болып табылатын бүкілресейлік коммерциялық емес ұйым. «Біз Еуропалық дипломдар мен біліктілік алуға көмектесеміз, көрмелдер, дәрістер ұйымдастырамыз, сауда көрмелеріне қатысамыз. Лиганың басты міндеті – көпшілікке жоғары сапалы суреттерді насихаттау».
  • «Фотографтар мен цифрлық фотосуретшілер одағы» ҚБ-ң президенті Дарья Дунич: «Бірлестік өнерге және жалпы фото мәдениеттің дамуына ұқсас көзқарастары бар кәсіби фотографтар мен фотоәуесқойлар мүддесін білдіреді».

24.10.2024 «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесі

ҚР Мемлекеттік орталық музейі ағымдағы жылдың 24-қазаны күні, сағат 14.00-де Республика күні қарсаңында «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесіне шақырады.

Көрме аясында журналистерге арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөз еткен шетелдік архив және музей қорларындағы тарихи жәдігерлер мен архив құжаттарын елімізге қайтару және олардың дәлме-дәл көшірмелерін алу тапсырмасы негізінде Орталық музей мамандары Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор қалаларының музейлері мен архивтерінен жинақтаған қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар таныстырылады.

afisha 24 10Музей мамандарының биылғы іссапары Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан басталған болатын. Көрмеде көпшілік назарына Орынбор қаласындағы музей және архивтік қорлардан табылған XIX – XX ғасырларға тән қазақ этнографиясының тарихын баяндайтын ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдардың фотокөшірмелері мен құнды ақпараттарға толы құжаттар ұсынылмақ. Орталық музейдің іргетасы Орынбор қаласында қаланғанын ескерсек, музейдің құрылысына қатысты алғашқы құжаттар мен ел аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұхсат беру және қазақтың мал-мүлкін тіркеудің алғашқы құжаттық үлгілері ел тарихын түгендеу жолындағы маңызды деректердің бірі екені анық.

Сонымен қатар, «XVIII-XIX ғасыр қазақтарының тарихы мен мәдениеті» тақырыбында Омбы облысының Мемлекеттік тарихи архив қорынан 45 істің, ал Омбы тарихи-өлкетану музейінің қорынан қазақ халқының этнографиясына байланысты бұрын-соңды ешжерде жарияланбаған 11 фотосуреттің электронды көшірмесі жинақталды.  

Сондай-ақ, Астрахань облысының Мемлекеттік архивінен 923 беттен тұратын материалдың электронды нұсқасы әкелінді және Астрахань Мемлекеттік бірлескен тарихи-архитектуралық музейінен ХІХ–ХХ ғасырларға тән этнографиялық материалдардан 309 экспонаттың тізімі алынды. Архив қорларын іздестіру, жинақтау нәтижесінде табылған құнды құжаттардың бірі - Ресей Империясының императоры Александр I 1823 жылдың 20 қарашасындағы жарлығымен шыққан Бөкей ханның ұлы Жәңгір сұлтанға хан шенін беру туралы іс көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі Алматы тұрғындары мен қонақтарын Ресей архивтері мен музей қорларындағы тарихи, мәдени деректермен танысуға шақырады.

23.10.2024 ж. «Менің Республикам – Қазақстан» кітап көрмесі

afisha 23.10.2024

Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш құқықтық құжаты – Тәуелсіздік туралы Декларацияны қабылдап, мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Республика күні қарсаңында, яғни 23 қазан күні, сағат 15.00-де өскелең ұрпаққа туған елге деген құрмет пен отаншылдық қасиеттерді насихаттау мақсатында «Менің Республикам – Қазақстан» кітап көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.
Аталмыш көрмеде Орталық музейдің ғылыми кітапханасындағы және ҚР Ұлттық кітапхана қорындағы атаулы күннің мәнін ашатын жинақтарды тамашалауға болады. Сондай-ақ шараға «Атамұра» ЖШС корпарациясы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, жоғары оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары қатыспақ.

24.10.2024 ж. «Марапат түрлері (Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде)» көрмесі

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылдың 24 қазаны күні сағат 15:00.-де «Марапат түрлері (Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде)» көрмесін ашады.

Фалеристика – мемлекеттік және қоғамдық марапаттар құрамына кіретін ордендер мен медальдар, алуан түрлі төсбелгілер (құрметті, мерейтойлық, мекемелік, кәдесыйлық, корпоративтік, оқу орындарын бітіру) және оларды растайтын құжаттарды зерттейтін тарих ғылымдарының бір саласы.

afisha 24.10.2024Марапат белгілері және олардың басқа да түрлері мемлекет азаматтарының саяси-экономикалық, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи-мәдени және түрлі ғылым бағыттарында жеткен жетістіктерін, яғни белгілі бір саладағы адамның айрықша қызметі, көзсіз батырлығы мен ерен ерлігі сынды жақсы қасиеттерін елдік тұрғыдан бағалайтын ресми нышан.

Көрермендер назарына ұсынылып отырған бұл көрмедегі экспонаттардың негізгі денін патшалық Ресей      (XIX ғ.), Кеңестер Одағы (XX ғ.), тәуелсіз Қазақстан Республикасы (XX-XXI ғғ.) кезеңдеріне жататын жәдігерлер қамтиды. Атап айтқанда, сол кезеңдердегі мемлекеттік, қоғамдық және әскери қызметтердің жетістіктері мен ерліктері жайын таныстыру мақсатында ҚР МОМ қорындағы ордендер мен медальдар топтамасының түпнұсқалары, түрлі құжаттар мен фотосуреттер қойылып отыр.

Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, көрмедегі музейдің фалеристикалық коллекция құрамы ішінен шетелдік көне марапаттың бір түрін ерекше атап өткен жөн. Бұл – 1655 жылы Амстердамдағы жаңа ратушаның ашылу құрметіне орай шығарылған естелік медаль.  

Ресейдің әр кезеңдерде билік еткен патшаларының жарлығы бойынша әскери қызметкерлерді марапаттау белгілері мен соларға қатысты деректі құжаттар, басқа елдерге жасалған соғыстарға байланысты түрлі дәрежедегі тарихи белгілер таныстырылады. 1801 жылы І Александр патша жарлығымен өкіметке әртүрлі қызмет көрсеткен азаматтарды марапаттау үшін шығарылған «За усердие» белгісі осы қатарға кіреді.

Көрмедегі 1820 жылы Орта жүз старшинасы Бәйтенге 12 дәрежелі шенеунік атағын беру туралы І Александр патша Жарлығы түпнұсқасының, 1836 жылы сұлтандар Санәли Мырзағалиевті алтын медальмен, Бекбатыр Қалқамановты күміс медальмен марапаттау куәлігі көшірмелерінің, ІІ Николай патшаның Жетісу казак әскерлерін Георгий крестімен марапаттау Жарлығының, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында марапат алғандар жөніндегі тарихи материалдардың алар орны бөлек.

XIX ғасырдың аяғында қолданыста болған лауазымдық белгілер Ресей құрамындағы қазақ билік жүйесі өкілдерінің саяси-әлеуметтік ахуалынан мол хабар береді. Музей қорындағы олардың басым көпшілігі Ресей патшалығы тарапынан 1886 жылдың 12 маусымындағы «Түркістан өлкесін басқару ережесіне» және 1891 жылдың 25 наурызындағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару ережесіне» сәйкес болыстарға, ауыл старшындарына, сот билеріне арналып шығарылған лауазымдық белгілер болып табылады.

Музей қорындағы фалеристикалық материалдардың көлемді бөлігі – Кеңестер Одағының мемлекеттік марапаттары. Ордендер мен медальдар, төсбелгілер деген атаумен бөліп қойылған экспонаттар КСРО азаматтарының түрлі соғыс жылдарындағы, еңбек жолындағы, социалистік Отанды қорғаудағы, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы, мемлекет және қоғам алдындағы ерекше қызметтерінің айғағы.

Көрме төрінен арнайы орын берілген экспонаттардың бір бөлігі – қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары. Ең жоғары дәрежедегі ерекшелік белгілер санатындағы «Халық қаһарманы» құрметті атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және басқа да түрлі белгілер көрменің терең тарихи тағылымы және тәлім-тәрбиелік мазмұнын аша түспек.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 3-залдағы арнайы алаңда орналасқан.

18.10.2024 ж. Ақбердиева Раушан Нәбиқызының «Сырласу» атты жеке көрмесін ашады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылы 18 қазанда сағат 16.00-де бейнелеу өнерін оқытуда 46 жыл еңбек өтілі бар суретші, педагог-шебер, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры, «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Евразиялық дизайнерлер одағының академигі, Ы. Алтынсарин медалінің иегері, Ресей Федерация Суретшілер Одағының мүшесі Ақбердиева Раушан Нәбиқызының «Сырласу» атты жеке көрмесін ашады.

Раушан Нәбиқызы өнер жолындағы алғашқы қадамдарын 1978 жылы Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесінде жасаған. 1997 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, кескіндеме мұғалімі мамандығы бойынша үздік аяқтап шықты. Өзінің кәсіби мансабының 35 жылы ішінде педагог Раушан Нәбиқызына Алматының үздік мектептері мен студияларында жұмыс істеу мәртебесі бұйырды. Осы жолдағы суретшінің басты мақсаты – балалардың жүрегіне өнерге деген сүйіспеншілік ұялату болды. 2016 жылы 5-сынып мұғалімдеріне арналған бейнелеу өнері оқулығын дайындап, оқыту әдістемесін әзірледі. Сондай-ақ, «Ұлт ұстазы» ғылыми-әдістемелік журналының №9, 2016 жылғы басылымында «Жан тазалығы мен сұлулығы – тәрбиенің негізі» тақырыбында ғылыми еңбек жариялады.

afisha 18.10.2024 pedagog

Раушан Нәбиқызы бірқатар республикалық және халықаралық марапаттардың иегері болды. Олардың қатарында: Ы.Алтынсарин медалі, «Білім беру көшбасшысы» төсбелгісі; Қазақстан Республикасының білім беру саласына қосқан лайықты үлесі үшін «Асыл ұстаз» марапаты; интеллектуалдық және шығармашылық олимпиадаларға дайындаудағы ең үздік нәтижелер үшін «Жыл үздігі» марапаты; Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы «BILIM-ÒRKENIETI»-нен білім беру саласындағы ерекше еңбектері үшін «Білім беру көшбасшысы» және «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгілері; Республикалық қоғамдық марапаттар кеңесінің Марапаттау алқасынан егемен елді дамытудағы адал еңбегі үшін «Қазақ өнерінің қайраткері» атағы; елдің дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақ қоғамының қайраткері» ұйымының арнайы комиссиясынан «Құрмет белгісі» марапаты; «Үздік педагог» атағы; Қазақстан Ұлттық дизайн академиясының академигі дипломы; Қазақстан Педагогикалық академиясының ғылыми қауымдастығының мүшесі және Қазақстан Педагогикалық академиясының профессоры атағы бар.

Халықаралық «ҰЛТ МЕРЕЙІ» жобасы аясында, Тәуелсіздік күніне арналған іс-шарада, Раушан Нәбиқызы халықтың бірлігі мен достығын нығайтуға, қоғамдық келісімді арттыруға, сондай-ақ білім беру саласындағы үлгілі еңбегі мен жас ұрпақты ұлттық тәрбиеге баулудағы үлесі үшін «Ұстаз даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, оған Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты» тапсырылған. 2021 жылы Республикалық қоғамдық марапаттар кеңесі Раушан Нәбиқызын Қазақстанның өнер қайраткері деп танып қана қоймай, оған ең жоғары педагогикалық санат «Педагог-шебер» атағын берді. Оңтүстік астанада мұндай шеберлер төртеу ғана болса, соның бірі осы – Раушан Нәбиқызы.

Раушан Нәбиқызы өзінің авторлық «Мұрагер» бағдарламасымен жұмыс істеп, оны шәкірттерімен және әріптестерімен өткізетін сабақтарында қолданады. Оның оқушыларын сөзсіз үлкен болашақ күтіп тұр, өйткені нағыз таланттарды дәл Раушан Ақбердиева сияқты ұстаздар мен өз ісінің шеберлері тәрбиелейді.

100-ден астам жұмыс ұсынылған «Сырласу» көрмесінде Раушан Ақбердиева түрлі техника мен стильдерді шебер пайдалана отырып, өзінің көркемдік тәсілдерінің алуан түрлілігін көрсеткен. Оның еңбектері табиғат пен мәдени дәстүрлерді өзіндік қабылдауын бейнелеп, қоршаған ортамен терең рухани байланысын жеткізеді. Оның туындыларында сән-салтанат пен әсемдік элементтері үйлесімді түрде ұштасып, қазақ мұрасы мен табиғаттың нәзік әлемі шебер бейнеленген. Бедерлік текстуралар, әсем түстер арқылы суретші табиғаттың байлығы мен ұлылығын жеткізіп, тоқыма және кескіндеме техникасы арқылы мәдени мұраға деген құрметін көрсетеді.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source