13.09.2024 ж. МАЖАРСТАН ИСЛАМДЫҚ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ МҰРАСЫ
МАЖАРСТАН ИСЛАМДЫҚ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ МҰРАСЫ ФОТОКӨРМЕСІ
2024 ж. 13 қыркүйек, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және Мажарстанның Бас Консулдығы бірлесіп «МАЖАРСТАН ИСЛАМДЫҚ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНІҢ МҰРАСЫ» фотокөрмесін ашады.
Фотокөрме келушілерді Мажарстанның 5 қаласында орналасқан Пеш, Сигетвар, Эгер, Шиклош қалалары мен Будапешттегі Мажарстанның аса маңызды исламдық сәулет өнері ескерткіштерімен – мешіттермен, мұнаралармен, түрбе-қабірханалармен және моншалармен таныстырады. Бұл ескерткіштер венгр тарихының 150 жылдық османдық кезеңін бейнелейді.
1526 жылы Сүлеймен патша мажар әскерін жеңіп және 1541 жылы Порттың кезекті жорығы кезінде Мажарстан Корольдігінің астанасы – Буданы басып алғаннан кейін Мажарстанның көп бөлігі Осман империясының құрамына енді. Осман билігі Мажарстанда 150 жыл үстемдік құрса да өз ықпалын күшейте алмады. Бейбіт әдістер де, күш қолдану да Мажарстандағы ислам дінінің өрістеуіне әсер еткен жоқ. Балқан елдеріндегідей күштеп исламдандыру, мұсылман дініне жаппай көшулер болған емес. Жаулап алушылар мажар елдерін өз тілін қабылдауға да мәжбүрлеген жоқ. Мажарстанда әрқашан шағын мұсылман халқы болған және солай болып қала берді. Бұл елде христиандар мен мұсылмандар бейбіт қатар өмір сүріп, 1916 жылы Мажарстан парламенті Еуропада алғашқылардың бірі болып исламды Мажарстанның ресми діні ретінде бекіткен кезде де қос дін өкілдерінің татулығы айқын көрінді. Мажарстан готикалық өнердің шығыс шекарасы мен түрік-ислам сәулет өнерінің солтүстік/батыс шекарасын тең дәрежеде көрсететін ел.
Көрме үш тілде қысқаша сипатталған 28 сурет пен фотосуреттен тұрады.
Көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады.
06.09.2024 ж. Корей халық кескіндемесі – корей натюрмортының «ЧЭККОРИ» көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Корей Республикасының Алматыдағы Бас консулдығымен және Корей халық өнері мектебімен бірлесіп 2024 жылғы 6-қыркүйекте корей халық кескіндемесі – корей натюрмортының «ЧЭККОРИ» көрмесін ашты.
Шараны салтанатты түрде ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова: «музей көп жылдар бойы Алматыдағы Корея Республикасының Бас консулдығымен ынтымақтаса жұмыс істеп, корей халқының тарихы мен мәдени дәстүрлерінің әртүрлі аспектілерін көрсететін көрмелер өткізіп келеді. Орталық музейде «Чэккори» (натюрморт) атауымен ұйымдастырылған көрме қазақстандықтарға корей шеберлерінің бай мәдениетімен және халық кескіндемесімен танысуға мүмкіндік беретінін» - атап өтті. Сондай-ақ Корей Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Пак Нэчхон мырза, мәдени шаралар қос ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айта келіп, көрмені ұйымдастыруға күш-жігер жұмсаған жандарға алғыс білдірді..
Мәдени шара барысында Алматы қаласы мәдениет басқармасының орынбасары Арман Бейсенбайұлы және саяси ынтымақтастық басшысы Алмаша Арыстанқызы сөз сөйлеп, барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларды шараның сәтті өтуімен құттықтады.
Сонымен қатар, Кореяның "Минхва" халық өнері мектебінің директоры Чон Бён Мо мырза "Чэккори" көрмесінің маңыздылығы және қазіргі мәдениеттегі дәстүрлі "Минхва" стилінің танымалдығы туралы атап өтті.
Көрменің салтанатты ашылуында "Намсон" дәстүрлі корей өнері студиясының әртістері мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлінді.
«Чэккори» көрмесі – корей елінің дәстүрлі «Минхва» өнерімен және оның бірегей стилімен танысуға мүмкіндік береді.
«Чэккори» - Кореядағы кітап тақырыбы бар натюрморттың атауы.
Әлемде бұл өнердің көптеген үлгілері бар, бірақ Корея Чосон әулеті дәуірінде бұл бағыттың басым болуымен бірегей. Кітап Чосон әулеті кезінде (1392-1910 жж.) үлкен құндылыққа ие болып, зиялылықтың көрсеткішіне айналды. Чосон әулеті дәуірінде кітаптарды сүйіп оқуды ұнататындар көп болды. Бұл шығармашылықтың дамуына септігін тигізді.
«Минхва» - корейлік эстетика мен тұнық сезімге құрылған, ең байырғы корей тамыры бар кескіндеме; қараңғы реңктерсіз, жарқын және көңілді, тек оң энергия беретін кескіндеме.
«Минхва» өнері соңғы кездері әлемде танымал болып келеді. Қазіргі уақытта бұл өнер түрінің 200 мыңнан астам ізбасарлары бар.
«Чэккори» көрмесінің азиялық туры Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінен басталды. 40 заманауи өнер суретшілері «Минхва» кітаптарды түрлі қиял әлемдерін көрсету үшін пән ретінде пайдаланды. Олардың Чосон әулетінің «Чэккори» дәстүрлерін заманауи түрде қайта ойластыруды бейнелейтін туындылары алғаш рет Алматы жұртшылығына ұсынылды. «Чэккори» көрмесінде көрермендер корей халқының тарихы мен мәдениетінің байлығына толы өнер әлемін тамашалай алады.
Көрме 2024 жылдың 13 қыркүйегіне дейін жалғасады.
14.08.2024 ж. «Алматы - әлемдік қолөнер қаласы» көрме-жәрмеңкесі өтті
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Алматы – әлемдік қолөнер қаласы» көрме-жәрмеңкесі өтті. Шара Қазақстан қолөнершілер одағы мен Алматы қолөнер палатасының бастамасымен және Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Шараға Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің президенті Саад Хани Аль- Каддуми, Азия-Тынық мұхиты Елдері Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің президенті Әзиз Мұртазаев, Азия-Тынық мұхиты Елдері Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев т.б арнайы қатысып, Алматылық қолөнершілердің жұмыстарымен танысты және музей залдарын аралады.
Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің (AISBL) негізгі мақсаты — мәдени және экономикалық өмірдегі қолөнер мәртебесін нығайту. Кеңес қолөнершілер арасындағы қарым-қатынасты оларға қолдау, көмек және кеңес беру арқылы дамытуға тырысады. Сонымен қатар, конференциялар, халықаралық сапарлар, зерттеулер, дәрістер, семинарлар, көрмелер және басқа да іс-шаралар арқылы мәдени алмасуға ықпал етеді.
Көрме-жәрмеңкеге Алматы қаласынан қатысқан 60-тан астам үздік қолөнершілер 250-ге жуық қолөнер бұйымдарын ұсынды. Олардың ішінде заманауи әдіспен жасалған құрақ көрме, сырмақ, кестегенген көрпешелер мен тоқыма бұйымдары және керемикалық кәдесыйлар мен зергерлік әшекейлер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
29.08.2024 ж. "Хиросима мен Нагасакидегі зұлматты еске алу" көрмесін ашады
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі адамзат тарихындағы ең қорқынышты оқиғалардың бірі – жапон қалалары Хиросима мен Нагасакиді атом бомбалауының 79 жылдығына орай "Хиросима мен Нагасакиді еске алу" көрмесін ашты.
«Хиросима мен Нагасакиді еске алу» көрмесі Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігінің және Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының қолдауымен және Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалдық бейбітшілік кешенінің ұйымдастыруымен өтті.
Қазақстан (Семей полигоны), Жапония (Хиросима, Нагасаки) сияқты ядролық қарудан зардап шеккені бүкіл әлемге аян. Семей полигонында 450-ден астам ядролық сынақ өткізілді. Хиросима мен Семей қайғылы оқиғаның ғана емес, ядролық қауіпке қарсы күрестің символына айналды. Бізді өткеннің ортақ азабы, халықтарымыздың ортақ тағдыры байланыстырады. Адамдар қорқынышты тарих сабақтарын білуі және есте сақтауы керек. Қазақстан мен Жапония әлемдiк қоғамдастықтың басқа мүшелерiмен бiрлесiп адамзатты ядролық қарудан құтқаруға және оны таратпауға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруда. Көрменің басты мақсаты - ядролық қарудың қаншалықты ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін айту, көрсету және әлем халқын Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтауға шақыру.
Алғашқы болып сөз алған ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова Нагасакидегі Ұлттық бейбітшілік мемориалдық кешенінің директоры Носе Хироши мырзаға көп жылғы ынтымақтастық үшін алғысын білдірді және аталмыш көрмені ұйымдастыруға атсалысқан Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада мырзаға және Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту орталығының өкілдеріне ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар, Нагасакидегі Ұлттық бейбітшілік мемориалдық кешенінің директоры Носе Хироши мырза сөз алып, Хиросима трагедиясын есте сақтаудың маңыздылығын атап өтті және мұндай шаралар халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға көмектесетінін айтты. Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада мырза да Хиросима мен Нагасаки туралы естелік» көрмесінің тарихи шындықты сақтау жолындағы маңызды қадам екенін және мұндай қайғылы оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін күш салу қажеттігін тілге тиек етті.
Көрмеде келушілердің назарына Хиросима мен Нагасакидеболған қайғы-қасірет пен оның салдарын көрсететін 50 фото-стендтер, атом трагедиясы мен бомбалаудан туындаған жойқын қираулар туралы бейнежазбалар (хроника, деректі фильмдер), қайғылы оқиғадан аман қалған адамдардың күнделіктері, Нагасаки және Хиросима қалаларында бейбітшілік символы ретінде қағаздан жасалған ақ тырналар ұсынылды.
Көрмеге келушілер атом бомбалауы кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ядролық қару зардабының белгісі ретінде қағаздан ақ тырналар жасап, Бейбітшілік мемориалдық кешенінде сақтау үшін Нагасакиге жеткізілетін бейбітшілік тілек-жолдауларын жазды.
Көрме 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін жалғасады.
01.08.2024 ж. «ҚЫТАЙ ФАРФОРЫ: МЫҢЖЫЛДЫҚ ӨНЕРІ» аттыхалықаралық көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Алматы қаласының сауда және инвестиция палатасы Қытай керамикалық саяхатын ұйымдастыру комитетімен (Цзиндэчжэнь қ. ҚХР) бірлесе отырып, «ҚЫТАЙ ФАРФОРЫ: МЫҢЖЫЛДЫҚ ӨНЕРІ» халықаралық көрмесін ашты.
Көрмені салтанатты түрде ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы Харипова, Орталық музей «Тату көршілік қатынастардың жаңа кезеңі» бастамасының аясында, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның Қазақстан мен Қытайдың мәдени алмасуын нығайтуға бағытталған көптеген жобалары мен бастамаларын іске асыра отырып, көршілес елдермен достық қарым-қатынастарды дамытуды қолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, шара барысында «Цзинюньфэн Керамика Ко» бас менеджерінің орынбасары Сун Ронгин, «Jingchang Yao Ceramics Limited» компаниясы бас менеджерінің орынбасары Tan Мэй ханымға, Алматы қаласының сауда және инвестициялар палатасы Бас директорының орынбасарыШара Жандарбекқызы Ақылбаевалар сөз сөйлеп, көрменің ашылу салтанатымен құттықтады.
Аталмыш көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстар мен мәдени ынтымақтастықты паш ететін маңызды мәдени шара. Көрмеге Қытай тарихының барлық дәуірін қамтитын 108-ден астам фарфор бұйымдары қойылды. Олардың арасында X-XIV ғасырлардағы фарфордан жасалған вазалар, тостағандар, эмаль және глазурьмен қапталған ыдыстар, қоладан жасалған хош иісті бұйымдар мен шамдар бар.
Сондай-ақ келушілер «Әлемнің фарфор астанасы» ретінде танымал ежелгі Цзиндэчжэнь қаласы шеберлерінің қолынан шыққан жауһарлармен танысып, оның тарихы мен стилі және өндірісінің ерекшеліктері туралы ақпараттар алды.
Көрме 2024 жылдың 14 тамызына дейін жалғасады.