07.11.2024 ж. «Asia Doll» авторлық интерьерлік қуыршақтар көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Asia Doll» Қазақстанның қуыршақ шеберлерінің шығармашылық одағымен бірлесіп авторлық қуыршақтар мен Тедди қонжықтарының халықаралық көрмесін ашты.
Биылғы көрмеге Алматы, Өскемен, Риддер, Көкшетау, Тараз, Павлодар, Астана, Семей, Орал, Алтай (Қазақстан), Бішкек (Қырғызстан), Ташкент (Өзбекстан) қалаларынан 50-ден астам шеберлер қатысты. Шеберлер полимерлі саздан, матадан және киізден жасалған сан алуан авторлық қуыршақтарын көрермен назарына ұсынды. Көрме қуыршақ жасау өнерінің заманауи бағыттары мен ерекшеліктерін көрсетеді, сондай-ақ Қазақстан мен ТМД елдерінің қуыршақ жасайтын шеберлерінің коллекцияларымен және жұмыстарымен таныстырады.
Шара ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры орынбасары Рашида Ерімқызының құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде мұндай көрмелерді өткізудің мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы маңыздылығына тоқталып, көрермендерді Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүрген әртүрлі халықтардың кейіпкерлерімен танысуға мүмкіндік беретін «Жібек жолының алтын ғасыры» жобасының бірегейлігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, суретші, дизайнер-декоратор Всевлад Давидов сөз алып, қуыршақ өнері – мәдениет пен дәстүрлерді жандандыру және көрермендерге өткен дәуірдің ерекше бейнелерін жеткізу тәсілі екенін айтты. Сондықтан әр туындыда шебердің жеткізгісі келген терең ойы ойы бар. Сондай-ақ сөз көрменің ұйымдастырушысы, Қазақстан қуыршақ шеберлері шығармашылық одағының жетекшісі Татьяна Семёнова көрмеге қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіріп, аталмыш шара көрерменнің қуыршақ өнері әлеміне бойлауына мүмкіндік беретінін жеткізді.
Көрме аясында «Жібек жолының алтын ғасыры» ұзақ мерзімді жобасы ұсынылды. Онда Жібек жолы бойындағы елдердің таңғажайып кейіпкерлері, этникалық киімдері, жануарлар әлемі мен адамдарының бейнелерін көрсететін авторлық шығармалар ерекше орын алды.
Көрменің мақсаты – алматылықтарға және қала қонақтарына еліміздегі және Орталық Азиядағы дарынды шеберлерді таныстыру. Олардың туындылары бір ғана данамен жасалып, әрқайсысын дайындауға бірнеше айлар жұмсалады. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде жеке коллекцияларда және әлемдік галереяларда лайықты орын алатын бірегей туындылар дүниеге келеді.
«Asia Doll» авторлық қуыршақтары мен Тедди аюлары көрмесінде қуыршақ шеберлерінің әртүрлі техникада орындалған 100-ге жуық жұмысы ұсынылды. Көрменің ашылуына Алматының белгілі суретшілері, галеристері, кәсіпкерлері, аймақтық және республикалық БАҚ өкілдері қатысты.
Көрме 2024 жылдың 18-қарашасына дейін жалғасады.
01.11.2024 «Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» халықаралық фотокөрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» халықаралық фотокөрмесі ашылды.
Көрмені ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Харипова Рашида Ерімқызы ашып, бұл бірегей шара Қазақстан, Қытай және Ресей арасындағы мәдени және стратегиялық байланыстарды нығайтуға бағытталғанын, сондай-ақ көршілес елдерді барлық саладағы серіктестік қарым- қатынастар мен ынтымақтастық байланыстыратынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Консулы Сорокина Наталия Геннадиевна көрменің ашылуымен құттықтап: «Фотоөнер саласындағы мәдени кәсіби қауымдастықтар арасындағы өзара ынтымақтастық пен байланысты күшейту, сондай-ақ келушілерді үш елдің мәдениетімен, дәстүрлерімен және қазіргі дамуымен таныстыру бүгінгі фотокөрменің басты мақсаты», - деді өз сөзінде.
Мәдени шараның құрметті қонақтарықатарында Кәсіби Фотографтар Лигасының Президенті Ксения Лебедь, «Цифрлық фотосуретшілер мен фотографтар» Одағы қоғамдық қорының Президенті Дарье Дунич те бар.
«Қазақстан, Қытай, Ресей. Қуат палитрасы» көрмесінде үш елдің табиғатының сұлулығы мен мәдени мұрасын, сондай-ақұлттық құндылықтары мен даму жетістіктерін көрсететін 600 фотосурет ұсынылды. Біз бұл көрме мәдени байланыстарды нығайтудағы және елдер арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер жасаудағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз.
Ұйымдастырушылар:
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстанның жетекші мәдени-білім беру орталығы, ол тарихи мұраны, мәдени және білім беру бастамаларын дамытумен танымал етуге белсенді ықпал етеді.
Қытайдың ғылыми-танымдық фильмдер мен телебағдарламалар қауымдастығы - ғылыми және білім беру контентін ілгерілетумен, мәдени байланыс пен ынтымақтастық үшін бар күшін салады.
«Фото және видеотүсірілім» журналы - қытайдың жетекші басылымы, фотография мен фидеотүсірілімнің заманауи жетістіктеріне, сондай-ақ мәдени байланыс пен кәсіби дамуға арналған.
Ресейдің кәсіби фотографтар лигасы - 2014 ж. Ксения Лебед негізін қалаған, фотографтарды біріктіретін алаң болып табылатын бүкілресейлік коммерциялық емес ұйым. «Біз Еуропалық дипломдар мен біліктілік алуға көмектесеміз, көрмелдер, дәрістер ұйымдастырамыз, сауда көрмелеріне қатысамыз. Лиганың басты міндеті - көпшілікке жогары сапалы суреттерді насихаттау».
«Фотографтар мен цифрлық фотосуретшілер одағы» ҚБ-ң президенті Дарья Дунич: «Бірлестік өнерге және жалпы фото мәдениеттің дамуына ұқсас көзқарастары бар кәсіби фотографтар мен фотоәуесқойлар мүддесін білдіреді».
24.10.2024 ж. «Марапат түрлері (Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде)» көрмесі
Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылдың 24 қазаны күні сағат 15:00.-де «Марапат түрлері (Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде)» көрмесін ашады.
Фалеристика – мемлекеттік және қоғамдық марапаттар құрамына кіретін ордендер мен медальдар, алуан түрлі төсбелгілер (құрметті, мерейтойлық, мекемелік, кәдесыйлық, корпоративтік, оқу орындарын бітіру) және оларды растайтын құжаттарды зерттейтін тарих ғылымдарының бір саласы.
Марапат белгілері және олардың басқа да түрлері мемлекет азаматтарының саяси-экономикалық, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи-мәдени және түрлі ғылым бағыттарында жеткен жетістіктерін, яғни белгілі бір саладағы адамның айрықша қызметі, көзсіз батырлығы мен ерен ерлігі сынды жақсы қасиеттерін елдік тұрғыдан бағалайтын ресми нышан.
Көрермендер назарына ұсынылып отырған бұл көрмедегі экспонаттардың негізгі денін патшалық Ресей (XIX ғ.), Кеңестер Одағы (XX ғ.), тәуелсіз Қазақстан Республикасы (XX-XXI ғғ.) кезеңдеріне жататын жәдігерлер қамтиды. Атап айтқанда, сол кезеңдердегі мемлекеттік, қоғамдық және әскери қызметтердің жетістіктері мен ерліктері жайын таныстыру мақсатында ҚР МОМ қорындағы ордендер мен медальдар топтамасының түпнұсқалары, түрлі құжаттар мен фотосуреттер қойылып отыр.
Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, көрмедегі музейдің фалеристикалық коллекция құрамы ішінен шетелдік көне марапаттың бір түрін ерекше атап өткен жөн. Бұл – 1655 жылы Амстердамдағы жаңа ратушаның ашылу құрметіне орай шығарылған естелік медаль.
Ресейдің әр кезеңдерде билік еткен патшаларының жарлығы бойынша әскери қызметкерлерді марапаттау белгілері мен соларға қатысты деректі құжаттар, басқа елдерге жасалған соғыстарға байланысты түрлі дәрежедегі тарихи белгілер таныстырылады. 1801 жылы І Александр патша жарлығымен өкіметке әртүрлі қызмет көрсеткен азаматтарды марапаттау үшін шығарылған «За усердие» белгісі осы қатарға кіреді.
Көрмедегі 1820 жылы Орта жүз старшинасы Бәйтенге 12 дәрежелі шенеунік атағын беру туралы І Александр патша Жарлығы түпнұсқасының, 1836 жылы сұлтандар Санәли Мырзағалиевті алтын медальмен, Бекбатыр Қалқамановты күміс медальмен марапаттау куәлігі көшірмелерінің, ІІ Николай патшаның Жетісу казак әскерлерін Георгий крестімен марапаттау Жарлығының, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында марапат алғандар жөніндегі тарихи материалдардың алар орны бөлек.
XIX ғасырдың аяғында қолданыста болған лауазымдық белгілер Ресей құрамындағы қазақ билік жүйесі өкілдерінің саяси-әлеуметтік ахуалынан мол хабар береді. Музей қорындағы олардың басым көпшілігі Ресей патшалығы тарапынан 1886 жылдың 12 маусымындағы «Түркістан өлкесін басқару ережесіне» және 1891 жылдың 25 наурызындағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару ережесіне» сәйкес болыстарға, ауыл старшындарына, сот билеріне арналып шығарылған лауазымдық белгілер болып табылады.
Музей қорындағы фалеристикалық материалдардың көлемді бөлігі – Кеңестер Одағының мемлекеттік марапаттары. Ордендер мен медальдар, төсбелгілер деген атаумен бөліп қойылған экспонаттар КСРО азаматтарының түрлі соғыс жылдарындағы, еңбек жолындағы, социалистік Отанды қорғаудағы, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы, мемлекет және қоғам алдындағы ерекше қызметтерінің айғағы.
Көрме төрінен арнайы орын берілген экспонаттардың бір бөлігі – қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары. Ең жоғары дәрежедегі ерекшелік белгілер санатындағы «Халық қаһарманы» құрметті атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және басқа да түрлі белгілер көрменің терең тарихи тағылымы және тәлім-тәрбиелік мазмұнын аша түспек.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 3-залдағы арнайы алаңда орналасқан.
24.10.2024 «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесі
ҚР Мемлекеттік орталық музейі ағымдағы жылдың 24-қазаны күні, сағат 14.00-де Республика күні қарсаңында «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесіне шақырады.
Көрме аясында журналистерге арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөз еткен шетелдік архив және музей қорларындағы тарихи жәдігерлер мен архив құжаттарын елімізге қайтару және олардың дәлме-дәл көшірмелерін алу тапсырмасы негізінде Орталық музей мамандары Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор қалаларының музейлері мен архивтерінен жинақтаған қазақ тарихына қатысты құнды құжаттар таныстырылады.
Музей мамандарының биылғы іссапары Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан басталған болатын. Көрмеде көпшілік назарына Орынбор қаласындағы музей және архивтік қорлардан табылған XIX – XX ғасырларға тән қазақ этнографиясының тарихын баяндайтын ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдардың фотокөшірмелері мен құнды ақпараттарға толы құжаттар ұсынылмақ. Орталық музейдің іргетасы Орынбор қаласында қаланғанын ескерсек, музейдің құрылысына қатысты алғашқы құжаттар мен ел аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұхсат беру және қазақтың мал-мүлкін тіркеудің алғашқы құжаттық үлгілері ел тарихын түгендеу жолындағы маңызды деректердің бірі екені анық.
Сонымен қатар, «XVIII-XIX ғасыр қазақтарының тарихы мен мәдениеті» тақырыбында Омбы облысының Мемлекеттік тарихи архив қорынан 45 істің, ал Омбы тарихи-өлкетану музейінің қорынан қазақ халқының этнографиясына байланысты бұрын-соңды ешжерде жарияланбаған 11 фотосуреттің электронды көшірмесі жинақталды.
Сондай-ақ, Астрахань облысының Мемлекеттік архивінен 923 беттен тұратын материалдың электронды нұсқасы әкелінді және Астрахань Мемлекеттік бірлескен тарихи-архитектуралық музейінен ХІХ–ХХ ғасырларға тән этнографиялық материалдардан 309 экспонаттың тізімі алынды. Архив қорларын іздестіру, жинақтау нәтижесінде табылған құнды құжаттардың бірі - Ресей Империясының императоры Александр I 1823 жылдың 20 қарашасындағы жарлығымен шыққан Бөкей ханның ұлы Жәңгір сұлтанға хан шенін беру туралы іс көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі Алматы тұрғындары мен қонақтарын Ресей архивтері мен музей қорларындағы тарихи, мәдени деректермен танысуға шақырады.
23.10.2024 ж. «Менің Республикам – Қазақстан» кітап көрмесі
Республика күні – бұл еліміздің мемлекеттілігі жолындағы алғашқы тарихи қадам. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш құқықтық құжаты – Тәуелсіздік туралы Декларацияны қабылдап, мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Республика күні қарсаңында, яғни 23 қазан күні, сағат 15.00-де өскелең ұрпаққа туған елге деген құрмет пен отаншылдық қасиеттерді насихаттау мақсатында «Менің Республикам – Қазақстан» кітап көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.
Аталмыш көрмеде Орталық музейдің ғылыми кітапханасындағы және ҚР Ұлттық кітапхана қорындағы атаулы күннің мәнін ашатын жинақтарды тамашалауға болады. Сондай-ақ шараға «Атамұра» ЖШС корпарациясы, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры, жоғары оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары қатыспақ.
Тағы мақалалар...
- 18.10.2024 ж. Ақбердиева Раушан Нәбиқызының «Сырласу» атты жеке көрмесін ашады
- 17.10.2024 ж. «Ғажайып әлем - ғажайып көздермен» балалар шығармашылығына арналған көрмесі
- 17.10.2024 ж. Рақымжан Қошқарбаевқа арналған «Ерлігін ел ұмытпайды» көрмесінің ашылуы
- 04.10.2024 «Шетелдің архивтік қорларындағы Еуразия тарихы» көрмесі