авто

Переключатель языков

09.12.2015 ж. «Шоқан асулары» көрмесі

Ш.Уәлиханов

2015 жылы желтоқсанның 9-ы күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ғалымы, энциклопедист, кәсіпқой суретші, Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуы құрметіне арналған «Шоқан асулары» атты көрме ашылды.

Көрменің салтанатты ашылуындағы алғашқы сөз кезегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры, профессор Нұрсан Әлімбай мырзаға берілді. Кештің ашылу рәсімін директордың ғылым істері жөніндегі орынбасары Бабақұмар Хинаят жүргізді. Мұнан кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері Уахит Хамзаұлы Шалекенов,   жазушы-сатирик Ғаббас Қабышұлы, Қазақ-Америка университетінің профессоры, шоқантану саласының көрнекті маманы Самат Өтениязов, Қазақстаның еңбек сіңірген қызметкері, ақын,

жазушы, сценарист, режиссер, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі Бақытжан Мұсаханұлы Қанапиянов. тарих ғылымдарының кандидаты, Монғолия қазақ жазушылары қоғамының төрағасы, «Шұғыла» журналының бас редакторы, Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері Сұраған Рахметұлы, «Алтынемел» мемориалдық музейінің меңгерушісі Сәуле Нұрқасымқызы Әбішева сынды шоқантанушы ғалымдар атап айтқанда, тарихшы, географ, философ, филолог, өнертанушы және тағы басқалар сөз сөйлеп, көрменің маңызына айрықша тоқталды.

Көрмеде ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қорында сақтаулы Шоқанның жеке бұйымдары, қолжазбалары және шығармалары, сондай-ақ, ол туралы жарық көрген кітаптар мен басылымдар насихатталады. Көрмеге алғаш рет Шоқанның бөрігі мен мылтығының дүмі, Қашқар сапарынан әкелген қытай құмырасы, сапарда алып жүрген жолторсығы және «Алтынемел» мемориалдық музейінен әкелінген ұлы тұлғаның тұтынған мыс тостағаны, күміс қасығы, парша белбеуі сияқты т.б. заттарымен бірге Шоқан Уәлихановты IV дәрежелі әулие Владимир ордені, Орыс географиялық қоғамының толық мүшесіне сайланғандығы туралы дипломы (көшірмесі) қойылған. Сондай-ақ Шоқанның экспедиция барысында әкелінген бағалы тастары да қойылды.

Выставка "Чокан и его время" Выставка "Чокан и его время"
valikhanov-180-3 valikhanov-180-4
valikhanov-180-5 valikhanov-180-6

Көрменің елеулі бөлігінде Шоқанның туысқандарына қатысты экспонаттар да орын алған: қарындасы Тәжібайдың аққу терісінен тігілген бірегей ішігі, әпкесі Әпиянің көйлегі, қарындастары Бәдіғұлдың бешпенті, Нұриланың орамалы, нағашысы Иса Шормановтың шекпені сияқты жәдігерлер ерекше ден қойдырады.

Көрменің мазмұнын аша түсуге ҚР МОМ қорындағы Н.Я. Третьяков, Н.Г. Хлудов, П.И. Дьяков, А.М.Мартова сынды суретшілер салған Шоқанның портреттері мен сол заманның көрінісін бейнелейтін суреттер де қойылды. Сонымен бірге көрмеде ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Кинофотоқұжаттар және дыбысжазбаларының мұрағатында сақталған Шоқанның қолжазбалары, құжаттарының көшірмелерімен бірге деректі фильмдер көрсетілді. Сондай-ақ, Орталық Ғылыми кітапхананың қорынан алынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығына арналған еңбектер

көрмесі де ұсынылды. Сонымен қатар Ғылым ордасының РМК Ғылыми кітапханасы қорынан алынған ғалымның өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Шоқан мұрасы» атты зерттеушілердің көрме сөресіне қойылған еңбектері ұсынылды.

Аталмыш көрменің салтанатты ашылу рәсіміне мектеп оқушылары, студенттер қатысып, әскер сарбаздары мен Бауыржан Момышұлы атындағы әскери лицейдің жас сарбаз шәкірттері сап түзеді.

Көрме аясында өткізілген «Шоқанның ғылыми өнегесі» атты дөңгелек үстелде ұлы ғалым мұрасының мәні мен маңызы, оның игерілуі туралы тарихшы, этнограф, өнертанушы, философ, географ, филолог, музейтанушы, және т.б. мамандар Шоқан Уәлиханов қалдырған ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасын насихаттап, Шоқан заманындағы саяси-әлеуметтік, тарихи, мәдени мәселелер бойынша баяндама жасап, ойларымен бөлісті.

valikhanov-180-7 valikhanov-180-8

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source