авто

Переключатель языков

04.09.2024 ж. «Ашық қалпына келтіру орталығының» таныстырылымы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылдың 4 қыркүйегі күні сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен ашылатын «Ашық қалпына келтіру орталығының» таныстырылымы және «Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» дөңгелек үстеліне шақырады.

afisha restav«Ашық қалпына келтіру орталығы» жобасының мақсаты – музейлерде ашық қалпына келтіру орталықтарын ұйымдастыру арқылы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу бойынша білім беру алаңын ұйымдастыру, сонымен қатар қалпына келтіру мамандары, тарихшылар мен өнер сүйер қауым арасындағы іскерлік қарым қатынасты қалыптастыру. Мұндай орталықтарды қоғамдық өмірге енгізу мәдени нысандар мен музейлер қорларындағы музейлік заттарды сақтаудың маңыздылығын музей көрермендері арасында жан-жақты насихаттау және көрермендер арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптасыруға ықпал ету.

Жобаның міндеті: Қалпына келтіру мамандарын ерте жастан қалыптастыру мақсатында білім беру және ағарту жұмыстарын жолға қою; қалпына келтіру кезеңдерінің көрсетілімін ұйымдастыру; зерттеу жұмыстарын және құжаттаманы жүргізудің жолдарымен таныстыру; қоғамдастықпен өзара әрекеттесу; мәдени мұраны сақтау; қалпына келтіру мамандары желісін қалыптастыру; әртүрлі аудиторияларға арналған бағдарламаларды әзірлеу және т.б.

«Мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жолдары» дөңгелек үстелінің негізгі баяндамашылары: ЮНЕСКО және Еуроодақтың Жібек жолы жобасының үйлестірушісі Маджер Масанов «Жібек жолы бойынша ЮНЕСКО жобалары аясында жүзеге асырылған қалпына келтіру жұмыстары»; Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі және сарапшысы Айжан Бекқұлова және «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының дизайнері және реставраторы Элина Алтынбекова «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің оюлы есігінің қайта жаңғыруы: консервациялау және қалпына келтіру» тақырыбында баяндама жасайды.

«Ашық қалпына келтіру орталығының» ашылуы барысында Орталық музей қызметкерлері келесі бағыттар бойынша шеберлік сааттарын ұсынады:                                      

  • Керамика бұйымдарды қалпына келтіру (А.М.Құрақбаев);
  • Кілем және тоқыма бұйымдарын қалпына келтіру (Д.Ибраева);
  • Киіз бұйымдарды қалпына келтіру (Мекебаева Г.);
  • Киім және мата бұйымдарын қалпына келтіру (Перова О.);
  • Металлдан жасалған бұйымдарды қалпына келтіру (Шайкенов Б.);
  • Бейнелеу өнері туындыларын қалпына келтіру (Заманбекова Ш.).

«Ашық қалпына келтіру орталығының» құрылуы музейге деген қызығушылықты арттырып, музей көрермендерінің, мамандардың (қалпына келтіруші, өнертанушы, суретші, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері және т.б.), ғылыми қоғамдастықтың, сондай-ақ Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мәселелеріне қызығушылық танытатын көпшіліктің назарын аударары сөзсіз.

Таныстырылым аясында бірегей экспонаттар – белгілі зерттеуші, өнертану ғылымдарының докторы, Орталық Азия мен Қазақстанның сәулет өнерін зерттеуші кеңестік ғалым Лия Юлиевна Маньковскаяның Қожа Ахмет Ясауи кешенін қалпына келтіру жұмыстарына даярлаған сызбалары, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген суретшісі Молдахмет Сыздықұлы Кенбаевтың (1925-1993) Қожа Ахмет Ясауи кесенесі есігінің қарындашпен салған сызбасы ұсынылады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source