17.05.2019 ж. «Қазақ жазуының тарихы» атты тақырыптық көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2019 жылдың 17 мамырында сағат 18. 00-ден 24. 00-ге дейін жалғасатын Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түні – 2019. Жастар. Бастамалар. Жетістіктер» мәдени іс-шарасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивтерімен бірлескен «Қазақ жазуының тарихы» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылып отыр.
Айтулы көрмеге сирек кездесетін қазақ қолжазбалары мен басылымдарының ішінде Абай Құнанбайұлының 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей қолжазбасы, Мүрсейіт Бікеұлы мен Тұрағұл Абайұлының 1925-1927 жылдары жазған «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы, 1909 жылы Санкт-Петербордағы Илияс Бораганскийдің баспаханасында Кәкітай мен Тұрағұл тарапынан бастырылып шыққан Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің араб жазуынан кирилшеге көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасы, айырықша ғылыми сипатқа ие болған Мұхамеджан Сералиннің «Қожалар шежіресі» қолжазбасы, 1925 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан Мемлекет баспаханасында басылған Ахмет Байтұрсыновтың Тіл – құрал (Дыбыс жүйесі мен түрлері) атты еңбегі аталмыш көрме мазмұнының негізгі арқауы ретінде қойылды.
Сондай-ақ араб жазуымен қазақ тілінде жазылған Ғ. Мүсіреповтің «Сын», «Достар қалжыңы» атты қолжабалары, XX ғасырдың бас кезінде ұлт зиялы қауымының тарапынан мерзімді түрде жарық көрген, сол кезеңдегі елдің мәдени-тарихи және әдеби өмірінен маңызды мағлұматтар беретін «Ұшқын» «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттері, «Айқап», «Абай», «Қазақ елі» журналдары да осы көрмеде көрермен назарына ұсынылады.
Хронологиялық тұрғыдан 1921-1962 жылдар аралығын қамтитын араб әріптерімен қазақ тілінде жазылған хат-құжаттар (санақ қағазы, делегаттық, партиялық билеттер, мандаттар, сенім қағаздары, сақтандыру кітапшалары, студенттік куәліктер, түрлі анықтамалар) осы көрменің бір бөлігін құрайды.
Көрменің латын жазуымен қазақ тілінде жазылған қолжазбалар мен басылымдар бөліміне енетін 1940-1946 жылдары Ә. Жиреншиннің Әрхам Ысқақовтан көшіріп жазған «Абайдың жас күнінде жазған өлеңі», «Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» атты шығармаларымен бірге Ғ. Ормановтың «Алынған қамал», А. Жұбановтың «Қазақтың халық композиторы – Құрманғазы», Д. Әбіловтің «Қуат», Ә. Тәжібаевтың «Ана дауысы» көркем туындыларымен қатар Қақым Құмалиевтің 8-9-10 сыныптарға арналған «Әдебиет теориясы-Adebiet teoriasy» атты оқулығын ерекше атауға болады.
Кейінгі кезеңдерде кирилше жазумен қазақ тілінде жазылған «Қазақ әдебиеті», «Соцалистік Қазақстан», «Туркестанская правда», «Казахстанская правда» газеттері де осы көрме төрінен орын алады.
Осы құнды дүниелермен қатар музей қорында Орталық Азия мен Қазақстан аумағында ортағасырларда билік құрған Қарахан, Шағатай, Жошы әулеттеріне тиесілі араб жазулы шығыс монеталары мен күміс білезіктер, мөрлер, арабграфикалы қабіртастар да бұл көрменің тақырыптық тұрғыдан түрлі ерекшеліктерін айғақтайды.
Осы көрмеге арнайы қойылып отырған ҚР Президенті мен ҚР Орталық мемлекеттік архивтерінен алынған 40 сақтау бірліктен астам деректі жазба метериалдар, атап айтқанда: Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулылары (1920 ж.), Қазақ Жаңа Әліппешілер Қоғамының жарлығы (1927 ж.), 1928 жылғы 25 сәуірдегі С. Аманжолов пен 1929 жылдың 13 қаңтарындағы О. Жандосовтың жаңа латын жазуына көшу жөніндегі есебі мен баяндамасы, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссиариатының жаңа алфавитке көшу жөніндегі қаулылары (1930 ж.), Арал, Шалқар аудандарына қатысты жаңа әліпбиді үйрету комитетінің құжаттары (1932 ж.), Қазақ КСР саяси кеңесінің құжаттары (1938 ж.) Н. Төреқұловтың оқулықтар жайлы жазған хаты айтулы мәдени шараны жан-жақты кемелдендіріп, оның экспозициялық-композициялық мәнін айқындай түседі.