Мәдени-білім беру қызметі музейлік коммуникацияның маңызды құрамдас бөлігі әрі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Мәдени-білім беру жұмысы музей келушілерінің әртүрлі жас және әлеуметтік топтарына арналған жұмыстардың алуан бағыттары мен форматтарын қамтиды. Мәдени-білім беру қызметінің негізгі мақсаты – заманауи коммуникациялық тетіктерді тиімді пайдалана отырып, тарихи-мәдени мұраны музей жәдігерлері арқылы кең аудиторияға насихаттау. Мәдени-білім беру қызметінің негізгі функциялары: танымдық, тәрбиелік, ағартушылық, әлеуметтік-коммуникативтік.
Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің мәдени-білім беру қызметін тікелей жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелер: қоғаммен байланыс және көрмелерді ұйымдастыру бөлімі, музейлік педагогика және мәдени-білім беру жұмысы бөлімі. Аталған бөлімдер музейдің даму тұжырымдамасы аясында құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерге және лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес өз құзыреті шегінде нақтыланған жұмыстарды жүзеге асырады.
«Қоғаммен байланыс және көрмелерді ұйымдастыру бөлімі»
Бөлім қызметінің негізгі бағыттарының бірі – заманауи коммуникациялық тәжірибелер мен әдістерді қолдана отырып, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту. Осы бағытта ғылым, білім, мәдениет және өнер ұйымдарымен, қоғамдық және коммерциялық құрылымдармен, халықаралық ұйымдармен, шығармашылық одақтармен, бірлестіктермен өзара ынтымақтастық орнатылады. Сондай-ақ мәдениет және музей ісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында келісімдер мен меморандумдар әзірленіп, жасалады.
Бөлім қызметінің басым бағыттарының бірі – жеке коллекциялар негізінде көрмелер ұйымдастырып өткізу. Бұл жұмыстар ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерімен (ғалымдар, суретшілер, фотографтар, коллекционерлер және өзге де шығармашылық адамдары), сондай-ақ заңды тұлғалармен (жекеменшік компаниялар, шет мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтары және басқа да ұйымдар) бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар бөлім коммерциялық негізде жәрмеңкелер, фестивальдер, тұсаукесерлер мен өзге де мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
Соңғы жылдары бөлімнің бастамасымен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Олардың қатарында Cartier зергерлік бұйымдарының көрме-таныстырылымы, «Қазақзергер» АҚ өнімдерінің көрмесі, «Құмырсқа аңғары» брендінің коммерциялық жобасы, «Жапон орталығы» және «Bentley Almaty» компанияларының автокөлік таныстырылымдары, сондай-ақ Fashion Week аясында өткен қазіргі заманғы этнодизайнерлердің Next Designer Award көрмесі және басқа да мәдени жобалар бар.
Бөлім бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, дәстүрлі мәдениет пен қолөнерге арналған көрмелер мен фестивальдер ұйымдастырады. Жыл сайын музейде кәсіби қазақстандық және шетелдік суретшілердің мерейтойлық, дербес, топтық және мемориалдық көрмелері өткізіліп, келушілерді әртүрлі жанрдағы өнер туындыларымен таныстырады. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, этнодизайнерлер мен қолөнершілердің қатысуымен өтетін фестивальдер қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығына ие. Іске асырылған маңызды жобалардың қатарында «Акварельный фреш», «Круги на воде», «Графика Казахстана», «Под одним Шаныраком», «Эхо времен», «Восточный базар», «От Востока до Запада», «Наурыз: ұрпақтар диалогы», «Азия өнері», «Под одним небом» және басқа да көрмелер бар.
Бөлім дипломатиялық корпуспен мәдени байланыстарды жүйелі түрде дамытып, шет мемлекеттердің елшіліктері мен консулдықтарымен бірлескен көрме жобаларын жүзеге асырады. Соңғы жылдары Иран, Жапония, Қытай, Корея, Польша, Мажарстан, Литва және басқа елдердің тарихы мен мәдениетіне арналған көрмелер ұйымдастырылып, музей келушілерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Олардың қатарында «Чеккори: корей натюрморты», «Қытай фарфоры», «Ғажайып Шыңжаң: өнер мен сұлулық», «Иранның дүниежүзілік мәдени мұра нысандары», «Қытай: мәдени мұра», «Эстон қолғаптары» және басқа да көрмелер ерекше орын алды.
Бөлім музей менеджменті мен маркетингі бағытында қаржылық серіктестер мен демеушілер тартады (бірлескен ғылыми-білім беру және көрме жобаларын іске асыруда), туристік ұйымдармен ынтымақтастық орнату арқылы музейдің имидждік және ақпараттық саясатын жүзеге асырады. Мәселен, «Кыргыз Concept» және Azia Discovery туристік компанияларымен бірлесіп Азия мен Еуропа елдерінен келген туристерге экскурсиялық бағдарламалар ұйымдастырылып, музейдің бай қорлары мен экспозициялары таныстырылады.
Мәдени білім беру жұмысы бөлімі
Мәдени-білім беру жұмысы бөлімі 2000 жылы Ғылыми-әдістемелік орталық атауымен құрылып, 2006 жылдан бастап Мәдени-білім беру бөлімі ретінде қызмет атқарып келеді.
Бөлім қызметінің негізгі бағыттары:
- мәдени-білім беру жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру;
- шығармашылық кездесулер, шеберлік сағаттары, кино көрсетілімдері, әдеби-мәдени іс-шаралар, еске алу кештері, концерттер және басқа да мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру;
- музей ісі және мәдени-білім беру қызметі бойынша ғылыми-әдістемелік және кеңес беру.
Бөлімнің маңызды бағыттарының бірі – ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін, ардагерлер мен қарт адамдарды қолдауға арналған қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру. Бұл игі дәстүр 2003 жылдан бері жалғасып келеді. Қайырымдылық іс-шаралары демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып, жыл сайын Қарттар күні, Жеңіс күні, Балаларды қорғау күні, Мүгедектігі бар адамдардың халықаралық күні және өзге де атаулы күндерге орай өткізіледі.
Бөлім Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жастар арасында насихаттауға, ел тарихындағы мерейтойлық даталар мен ғылым, мәдениет және өнер саласына зор үлес қосқан көрнекті тұлғаларды ұлықтауға ерекше мән береді. Осы мақсатта Қ.Ақышев, А.Жұбанов, Абай Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Н.Хлудов, М.Мақатаев және басқа да тұлғаларға арналған тақырыптық көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, музей қорындағы жәдігерлер, құжаттар мен фотоматериалдар көпшілік назарына ұсынылып тұрады.
Сонымен қатар бөлім Наурыз мейрамы, Аналар күні, Әкелер күні, Ұлттық домбыра күні, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні және басқа да мемлекеттік әрі ұлттық мерекелерге арналған тақырыптық мәдени-білім беру шараларын өткізеді.
Бөлім қызметінің басым бағыттарының бірі – жастарға патриоттық тәрбие беру. Осы мақсатта тарихшылармен, ғалымдармен және ардагерлермен кездесулер, пікірталас алаңдары, сирек құжаттар көрмелері, патриоттық музыкалық кештер, экскурсиялар мен тағылымдық сабақтар ұйымдастырылады. Жыл сайын музейде Тәуелсіздік күніне, Жеңіс күніне, Полиция күніне, әскери қызметшілер күніне арналған іс-шаралар әскери ұйымдардың, оркестрлер мен әскери жоғары оқу орындары курсанттарының қатысуымен өткізіледі.
Музейлік педагогика бөлімі
Музейлік педагогика бөлімі – музейдің балалармен, оқушылармен, студенттермен, отбасылармен және ерекше білім беру қажеттілігі бар келушілерімен қарым-қатынас арқылы білім беру қызметін жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі. Бөлім 2005 жылдан бері жұмыс істейді.
Бөлім мамандары әртүрлі жас ерекшеліктеріне арналған интерактивті музейлік-білім беру бағдарламаларын әзірлеп, музей сабақтарын, квест ойындарын, шығармашылық үйірмелерді, дәрістерді, шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Негізгі мақсат – жас ұрпақты Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Қызметінің негізгі бағыттары
Балалар коворкинг орталығы. 2022 жылы Қазақстан Республикасында жарияланған «Балалар жылы» аясында ашылған орталықта балаларға арналған білім беру және мәдени-танымдық бағдарламалар іске асырылады. «Жас шебер» үйірмесі аясында этнография, археология және Қазақстан тарихы бойынша интерактивті сабақтар мен шеберлік сағаттары өткізіледі.
Мәдени-білім беру жобалары. Балалар аудиториясына арналған «Музейдегі сабақ», «Қазақ даласының билеушілері (хандар мен сұлтандар)», «Ата-бабалар даналығы», «Әжемнің сандығының сырлары», «Дәстүрлі қазақ қолөнері мен кәсіптері» және басқа да жобалар жүзеге асырылады.
Жылжымалы көрмелік білім беру бағдарламалары. Алматы қаласы мен Алматы облысының білім беру ұйымдарында өткізілетін «Қазақстанның ұлы ғалымдары мен ағартушылары» көшпелі көрме-дәрісі арқылы Ш. Уәлиханов, Абай, Жамбыл, Ы. Алтынсарин және өзге де көрнекті тұлғалардың өмірі мен мұрасы насихатталады.
Экологиялық тәрбие. Балалардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру мақсатында музей базасында экологиялық сабақтар (ЭКОСАБАҚ) ұйымдастырылады.
Музей сабақтары. Қазақстан тарихы бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес музей экспозициялары мен қор коллекциялары негізінде әзірленеді. Сабақтар білім беру ұйымдарының және Алматы қаласы әкімдігінің Білім басқармасының тікелей қатысуымен өткізіледі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелеріне: «Рәміздер күні», «ҚР Конституциясы күні», «Қазақстан халқының тілі күні» және «Тәуелсіздік күні» арналған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Балалар музей лагері. Жыл сайын маусым-шілде айларында бастауыш және орта буын оқушыларына арналған Museum for Kids жазғы лагері жұмыс істейді. Бағдарлама барысында балалар музей экспозицияларымен, Қазақстанның тарихы мен мәдениетімен танысады.
Шеберлік сабақтары. Балалар сәндік-қолданбалы өнер, қолөнер және бейнелеу өнері бағыттары бойынша шығармашылық дағдыларын дамытады.
Ұлттық спорт ойындарын насихаттау. Өскелең ұрпақ арасында қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу мақсатында «Бес тас», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату» және басқа да ұлттық ойындар бойынша жарыстар мен турнирлер өткізіледі.
Инклюзивті музейлік білім беру. Ерекше білім беру қажеттілігі бар келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Жеті қазына», «Өнерді саусақ ұшымен сезіну», «Шығармашылық соқпақтары» сияқты инклюзивті бағдарламалар жүзеге асырылады. Бағдарламалар көру және есту қабілеті бұзылған адамдарды мәдени өмірге тартуға бағытталған. Сонымен қатар арт-терапиялық сабақтар, тактильді экскурсиялар өткізіліп, экспонаттарды таныстыруда Брайль қарпі қолданылады.