2026 жылы 24 қазан күні, сағат 12:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «ДАРиЯ» өнер студиясы ұсынған «Өмір бояулары» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
«DARiYa» өнер студиясы 2016 жылы құрылған. Соңғы он жыл ішінде мұнда 1000-нан астам бала сурет салу және кескіндеме өнері бойынша білім алды. Бейнелеу өнері әлемімен танысқан көптеген шәкірт кейіннен шығармашылық мамандықты таңдап, осы салада жолдарын жалғастыруда. Олар Қазақстандағы және шетелдегі (соның ішінде О.Таңсықбаев атындағы колледж, ҚазБСҚА, ҚазҰПУ, AKSIM, «Сымбат», сондай-ақ Мәскеу, Санкт-Петербург, Лондон және Прага қалаларындағы) жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алуда және грант иегерлері атануда. «DARiYa» өнер студиясының оқушылары қалалық, республикалық және халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
«Өмір бояулары» жобасы – қоршаған әлемге жан-жақты көзқарас қалыптастырып, ерекше сәттерді көре білуге және өз сезімдерін шығармашылық арқылы жеткізуге үйрететін жоба. Бояулар айқын да солғын, қуанышты да мұңды, жылы да суық, әсерлі де сабырлы болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы – олардың шынайы болуы.
Көрменің мақсаты – көркемсурет шығармашылығын қолдау және насихаттау, өскелең ұрпақтың эстетикалық талғамы мен шығармашылық ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ бейнелеу өнеріне, қоршаған әлемді танып-білу және тұлғаның өзін-өзі таныту құралы ретінде қызығушылығын қалыптастыру.
Әрбір туынды – бояулар арқылы көрерменмен жүргізілген өзіндік сұхбат тәрізді. Әртүрлі техника, әртүрлі көзқарас, әртүрлі жас ерекшелігі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ нәрсе – өнерге деген сүйіспеншілік және әсем дүниелер жасауға деген ұмтылыс.
Жұмыс қандай техникада орындалса да, ол өзіндік көңіл күйін, көрерменге айтар ойын және өз бояуын жеткізеді.
Экспозиция әртүрлі стильдер мен бағыттарда орындалған көркем туындыларды біріктіреді. Жас суретшілер өздерінің эмоциялары мен сезімдерін бастан кешіріп, оларды алуан түрлі бояулар палитрасы арқылы өз шығармаларында бейнелейді. Ана бейнесі салынған портреттен сүйіспеншілік пен құрмет байқалса, пейзажда табиғатқа деген таңданыс пен әсер көрініс табады, ал натюрмортта жарық пен түстің өзіндік үйлесімі ашылады.
Көрме экспозициясында 100 шығарма ұсынылған.
Көрме 2026 жылғы 6 қарашаға дейін жалғасады.
Мекен-жайымыз: Самал-1, 44 үй.a