2026 жылғы 16 қазанда сағат 16:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде суретші Гүлмира Тұрсынқызы Садыкованың «ИНЕ СЫРЫ – ҚУЫРШАҚ ЖАНЫ» атты жеке көрмесі ашылады.
Гүлмира Садыкова — сәндік-қолданбалы өнердің шебері ғана емес, өзіндік көркемдік тілін қалыптастырған суретші, зерттеуші әрі жаңашыл. Оның шығармашылығында ине қылқаламға айналып, әрбір тігіс әсер мен эмоцияны, автордың ішкі толғанысы мен көркемдік ойын жеткізетін мәнді көркемдік ишараға айналады. Суретшінің шығармашылығын дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер мен заманауи көркемдік ойлау тоғысқан өзіндік бір «жіптермен салынған кескіндеме» деп атауға болады. Ол үйреншікті қылқалам мен кенептің орнына ине мен сан алуан түсті жіптерді пайдаланып, тігістерді сызыққа, түске және көркемдік фактураға айналдырады. Бұл – асығыстықты қаламайтын сұлулықтың көрмесі. Адам қолының нәзік те тынымсыз еңбегін, уақыт пен төзімділікті, махаббатты арқау еткен өнер. Қарапайым мата мен ине-жіптің өзі шебер қолында бірте-бірте ғажайып туындыға айналады. Көрменің өзегін – әрқайсысы өзіндік шағын әлемді бойына жинақтаған қуыршақтар құрайды. Олардың әрбірінде тарих, мінез, көңіл күй мен ұлттық болмыс, мәдениеттің рухы мен жады өзіндік көркем бейнесін тапқан.
Көрменің атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. «Ине сыры» – Гүлмира Садыкованың басты көркемдік құралы ине болғандықтан осылай аталған. Суретші қолданбалы өнер шебері ретінде өз туындыларын мата, жіп пен тігіс арқылы дүниеге әкеліп, оларды сызыққа, реңкке және әсерлі көркем бейнелерге айналдырады. Оның қолындағы ине өзіндік бір қылқаламға айналып, ал еркін тегіс тігіс әрбір шаншымды кескіндемедегі бояу жағындысындай қолдануға мүмкіндік береді. Осы арқылы суретші түстің нәзік реңктік ауысымдарын, фактура мен көлемділік әсерін қалыптастырады. Түрлі реңктегі жіптерді қабаттастыра қолдану арқылы суретші түстің айрықша тереңдігі мен бейненің пластикалық иірімдеріне қол жеткізеді. Соның нәтижесінде тоқыма туындысы дербес көркем шығарма, өзіндік кескіндемелік нысан ретінде қабылданады. Бұл үдерісте кестелеудің дәстүрлі техникасы жаңа көркемдік сипатқа ие болып, тың мазмұнмен және заманауи көркемдік тілмен өріледі. «Қуыршақ жаны» – автордың интерьерлік қуыршақтарға деген көпжылдық қызығушылығын білдіретін образ. Ол үшін қуыршақтар – жай ғана коллекциялық бұйымдар емес, өзіндік тарихы, мінезі және ерекше эстетикасы бар көркем бейнелер. Көрмеде олар жаңа тыныс алып, кестеленген туындылармен өзара үндестік табады. Осылайша, көрмеде екі көркем әлем тоғысады: инемен өрілген шығармалар әлемі мен автордың шығармашылық топтамасын толықтыратын қуыршақтар әлемі. Екеуін сабақтастыратын басты сипат – адам қолының жылуы мен шебердің әр туындыға дарытқан дара қолтаңбасы.
Гүлмира Садыкова көп уақытын сәндік-қолданбалы өнердің ең нәзік әрі аса ыждағаттылықты талап ететін түрлерінің бірі – тегіс кесте тігу өнеріне арнап келеді. Оның қолында кесте жай ғана қолөнер емес, көркемдік мәні бар туындыға айналады. Мата бетіне түскен әрбір өрнек пен реңк бір-бірімен үйлесіп, ұсақ әрі көзге бірден байқала бермейтін тігістер тұтас көркем бейнені қалыптастырады. Мұндай туындыларды дүниеге әкелу көп уақытты, төзімділікті және материалды терең сезініп, оның табиғатына еніп жұмыс істеуді талап етеді. Мұнда уақыттың өзі баяулап, түс пен пішінге, әрбір тігістің ең нәзік реңктеріне орын береді. Бұл үдерісте кездейсоқ қимыл жоқ: әрбір реңк, әрбір сызық пен әрбір деталь мұқияттылық пен дәлдікті талап етеді. Сонымен қатар, шығыстық және ертегілік бейнелерден бастап, жануарлар әлемі мен гүл өрнектеріне дейінгі сан алуан тақырыптарға қарамастан, Садыкованың шығармашылығынан қазақтың мәдени мұрасымен терең сабақтастық анық сезіледі. Көшпелі халықтың мәдениетінде кесте тігу мен тоқыма дәстүрлері ғасырлар бойы маңызды орын алып келді. Осы мұраға сүйене отырып, суретші дәстүрлі әйел қолөнерін жаңаша пайымдап, оны тұрмыстық-кәделік қызмет аясынан шығарып, дербес көркемдік ой-толғамға айналдырады. Оның туындыларында мата, жіп, моншақ және өзге де сәндік элементтер түспен, фактурамен және көлеммен жұмыс істеудің көркемдік құралдарына айналады, ал дәстүрлі техника заманауи көркемдік сипатқа ие болады. Осы тұрғыдан алғанда, автордың шығармашылығы Fiber Art — тоқыма материалдары дербес көркемдік медиум ретінде қолданылатын заманауи өнер бағытымен үндеседі.
Гүлмира Садыкованың шығармашылық жолында интерьерлік қуыршақтарды жинақтаудың да айрықша орны бар. Көрмеде қуыршақтар жай ғана экспозицияның бір бөлігі болып қана қоймай, кесте өнері бастаған әңгімені жалғастырып тұрғандай әсер қалдырады. Қуыршақ өзіне ғана тән шағын әлемінен шығып, көрерменге қарай бет алғандай болса, кестелі туынды, керісінше, кеңістік пен сипатқа ие болып, жан біткендей әсер береді.
Гүлмира Садыкованың шеберлігі сәндік-қолданбалы өнер жанашырлары арасында жоғары бағаланып келеді. Ол ірі мәдени іс-шаралар мен көрмелерге қатысып, өз туындыларын соның ішінде, Қазақстан Республикасының Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде де таныстырды. 2022 жылы оның шығармашылығы халықаралық деңгейде танылып, Гүлмира Садыкова әлемдік EXPO 2020 Dubai көрмесіне қатысып, туындыларын шетелдік көрермен назарына ұсынды. Ол көптеген музейлер мен көрме ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен құрмет грамоталарына ие болды. Алайда бұл шығармашылық жолдың ең басты құндылығы – шеберден айрықша дәлдікті, төзімділікті және өнерге деген сүйіспеншілікті талап ететін өнерге деген көпжылдық адалдығында.
«Ине сыры – қуыршақ жаны» атты көрмесінің экспозициясына 80-нен астам авторлық кестелі туынды мен интерьерлік қуыршақтар топтамасынан алынған экспонат қойылған. Бұл көрме көрерменді кесте өнері мен коллекциялық қуыршақтардың әсемдігін тамашалап қана қоймай, олардың астарындағы еңбекті де сезінуге шақырады. Ол – шебердің төзімі мен өнерге деген сүйіспеншілігі, дәстүрге деген құрметі және сұлулықты келер ұрпаққа аманат етуге деген ұмтылысы.
Көрме 2026 ж. 2 қарашасына дейін жалғасады.