Билеттер
Мәзір
Билеттер

12.11.2026 ж. «ҚАЗАҚСТАННЫҢ НУМИЗМАТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАҒАЗ АҚШАЛАРЫ» атты көрмесі

Ағымдағы жылдың 12 қарашасы күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Halyk Bank-тің қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «ҚАЗАҚСТАННЫҢ НУМИЗМАТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАҒАЗ АҚШАЛАРЫ» атты көрме ашылады. Көрме 12-18 қараша аралығында өтеді. 15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай ҚР Ұлттық орталық музейі мен Halyk Bank сағат 10:00-17:00 аралығында «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» акциясын өткізеді. Осы акция аясында еліміздің тұрғындары бірегей экспозициямен тегін таныса алады.

Егемен еліміздің міндетті рәміздерінің бірі – төл теңгеміздің мемлекет тарихында алатын орны ерекше. Теңге тарихы ҚР Тұңғыш президентінің 1993 жылдың 12 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан кезден бастау алады. Өз ақша бірлігін айналымға енгізу ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің елдің ішкі және сыртқы саясатында табыстарға жетуге бағытталған экономикалық және ақша-несиелік дербес қарым-қанынастарды жүргізуіне зор мүмкіндік берді. Бүгінгі күні ақша айналымына енгеніне 33 жыл толған теңге валюта ретінде өз өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Көрме тақырыптық-хронологиялық және әулеттік (мемлекет) принцип бойынша құрылып отыр. Көрмеге қойылған монеталар түрлері қазіргі Қазақстан және онымен көршілес аумақтарда  өмір сүрген  ежелгі Кушан (б.з. 30-375 жж.), Сасандықтар (224-651 жж.), ерте ортағасырдағы Түргеш (704-756 жж.), ортағасырлардағы Қарахан (942-1212 жж.) мемлекеттерінен жалғасып келіп, Ұлы Моңғол Империясы (1206-1368 жж.), Жошы ұлысы (1224-1502  жж.), Шағатай (1224-1370 жж.), Темір (1370-1507 жж.) және т.б. әулеттер дәуірімен сабақтасып жатады. Аталған мемлекеттер, ұлыстар мен әулеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына  ұсынылады.

Ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына  ұсынылады.

Осы көрме төрінен Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалар (бонистика) мен монеталардың алуан түрлерін, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілерін, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизматикалық топтамалар, мерейтойлық монеталарды да тамашалауға болады.

Көрмеге келушілер назарына музей қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстрациялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспонаттар қойылады.

Сондай-ақ, 2021-2023 жж. атқарылған «Ұлы дала тағдырындағы Алтын Орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласының маңы) барысында табылып, жергілікті халықтан жинақталып, музей қорына жаңадан түскен қарахандық монеталарды соғуға арналған штемпельдер (Av. және Rv.), ортағасырлық таразы табақшалары, гіртастары, күйентесі, мыс монета дайындайтын жұмыр темір, ақша ретінде қолданылған күміс бұйымдар да осы көрме төрінен алғаш рет орын алады.

Байланыс телефондары:  264 36 33;  264 46 50; 264 55 77